Асыл мұра
Биылғы жылғы 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстан Республикасында өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өркениеттің асқақ рухы аясында әлемнің түкпір-түкпірінен келген 113 елдің 3 мыңға жуық өкілдерінің басын қосты және халықтарды ғасырлар бойы байланыстырып келе жатқан достық, бірлік және өзара құрмет сияқты ортақ құндылықтарды паш етті.
Бішкектің жаңа аренасында ондаған мың көрермен мен әлем көшбасшыларының басын қосқан осынау VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсіміне БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоған, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди қатысты.
Көрермендер назарына көшпелі өркениеттің ұланғасырлық тарихы мен салт-дәстүрін насихаттайтын «Манас» жыры, 3D форматтағы барыс пен бүркіт бейнеленген театрландырылған шоу ұсынылды. Сөйтіп, ойындар барысында 68 алтын, 71 күміс және 92 қола медальдар барлығы 231 медаль сарапқа салынды.
Айтулы шарада Қазақстан Республикасы атынан 150-ден астам спортшы қатысып, жарыс бағдарламасындағы барлық 43 спорт түрі бойынша, оның ішінде дәстүрлі ұлттық спорт түрлерінен бақ сынады. Сөйтіп, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытындысы бойынша Қазақстан 32 алтын, 20 күміс және 22 қола медальды қанжығаларына байлап, жалпы командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды.
Жарыстың соңғы алтыншы күнінде отандастарымыз көкпар, көк бөрі, тоғызқұмалақ, мангала және овари спорт түрлерінен қарсыластарымен күш сынасты. Ұлттық құрама мүшелері зияткерлік спорт түрлерінен жарыстың шешуші кезеңдерін сәтті аяқтады. Тоғызқұмалақтан төрт алтын және екі күміс медаль жеңіп алды. Сондай-ақ, мангалада да жеңіс тұғырынан көрініп, екі алтын, екі күміс және бір қола медаль иеленген болатын. Көкбөрі мен көкпардың финалында ғана сүрініп, шешуші кездесуде Қырғызстан құрамасына жол бердік.
– Дүниежүзілік көшпенділер ойыны көшпенділердің рухын сезіндіретін, дәстүрі мен мәдениетін ұштастыратын үлкен алаңға айналды. Жарысқа тек түркітілдес ұлттар өкілдері ғана емес, мұхит асып келген көптеген спортшылар қатысты. Олардың елдерінде де көшпенділер дәуірінен сақталған мұралар бар. Олар өз дәстүрлерін біздің ойындармен ұштастырып, ортақ байланыстарды сезіну бағытында қатысып жатыр. Көшпенділер ойындарының басты мақсаты – елдерді медаль үшін жарыстыру емес, этноспортты дамыту және халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайту, – деген болатын Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің ресми өкілі Мейрамғазы Сапарғалиев. Оның айтуынша, Көшпенділер ойындарының географиясы да жыл санап кеңейіп келеді.
Министрлік өкілі медаль есебіне қатысты Қазақстанның деректері қалай қалыптасқанын да түсіндірді. Оның айтуынша, Қазақстан құрамасының қоржынында 32 алтын медаль бар және олардың барлығы жарыстардың қорытындысы бойынша тіркеліп, марапаттау рәсімінен өткен. Бір ғана алтын – топ бәйгедегі бас жүлде есепке алынған жоқ. Себебі, ол қойылымдық жарыс болды. Ал, алтын медальдар толық нақтыланды.
Осы медальдар мен бірінші орынға қатысты ойын қожайындары тарапынан дау да туып қалуына байланысты Мейрамғазы Сапарғалиев Қазақстан спортшыларының жүлделері ресми марапаттау рәсімдері арқылы бекітілгенін де атап өтті.
– 32 алтынның барлығы тұғырда марапатталды, спортшылардың мойнына алтын медаль тағылды. Кейін қырғыз тарапы «бұл достық ойыны болсын, бір-бірімізбен алтын үшін жарыспайық, достықпен сыйласайық» деген ілтипат білдірді. Біз де мұны екі ел мен спортшылар арасындағы татулық пен береке-бірлікті нығайтуға бағытталған үлкен игі шара деп бағаладық, – деді ол.
Оның пікірінше, Қазақстан құрамасы Көшпенділер ойындарына қойған негізгі мақсатына жетті. Ел намысын қорғаған спортшыларымыздың жартысына жуығы жүлдемен оралды.
Өткен Көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте көш бастап, тарихи жеңіске жеткен болатын. Биыл да қазақстандық балуандар, шабандоздар мен этноспорт шеберлері спорт нысандарында медальдар үшін табанды күрес жүргізуге сақадай сай болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ұлттық құрамасын VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында табысты өнер көрсетуімен құттықтады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.
– Президент осынау жоғары нәтижеге спортшыларымыз тайсалмас табандылықтың, жанқиярлық еңбек пен мұқалмас ерік-жігердің арқасында жеткенін атап өтті. Мемлекет басшысы чемпиондар мен жүлдегерлерге, бапкерлер құрамына және барша мамандарға шынайы ризашылығын жеткізіп, мұндай ерен жетістіктер Қазақстанның ұлттық спорт түрлері дамыған ел ретінде халықаралық беделін асқақтата түсетінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларымыздың ең беделді сайыстарда биік белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді, – делінген хабарламада.
Жалпыкомандалық есепте 30 алтын медаль иеленген Қырғызстан екінші орынға, жеті алтын жүлдесі бар Ресей үшінші орынға тұрақтады. Сонымен қатар, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Гүлдер» мемлекеттік ансамблі Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Nomad Fest фестивалі аясындағы халықаралық «Этно-би» байқауында Гран-при алса, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті колледжінің «Эстрадалық вокал» мамандығында білім алып жатқан 3-курс студенті Жасмина Тілеумбетова Қырғызстандағы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында өткен Echo of Nomads халықаралық этникалық ән байқауында жүлделі екінші орынды иеленді.
Осы көшпенділер ойындарында Ақмола облысынан да 11 спортшы қатысып, Қазақстанның намысын абыроймен қорғады. Омыртқа сындырудан өткен жарыста қола жүлдегер атанған Ардақ Сүлейменов, Серік Ілиясов, Айдар Махамбетов, Достілек Дулатов, Әмірбек Жұмаділұлы, 5-еуі де Ақмола облысының спортшылары. Біздің облыстан сондай-ақ, ұшқыр бәйгеде Әсет Бекжанов, белбеу күресінде Бекбол Нұрланұлы, мас-рестлингте (таяқ тарту) Ботакөз Отаубаева жарысқа қатысты. Ақмолалық құсбегілер Ерлан Кенжетаев пен Руслан Тұмурзин «Ителгі салу» бағыты бойынша III орын алып, қола жүлдеге ие болса, аңшылық иттер жарысының тазы жүгірту сайысында Айбек Ысқақ та қола жүлдегер атанды. Ол жарысқа өз тазыларын баптап қосқан құмай тазы иесі әрі белгілі ұлттық спорт бапкері ретінде Қазақстан ұлттық құрамасының сапында ел намысын қорғаған бірден-бір спортшы. Бабы мен бағы келіскен жерлес спортшыларымызға алда да жемісті де жеңісті күндер тілейміз.
Келесі, VII Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2028 жылы Татарстан астанасы Қазан қаласында өтеді деп жоспарланған. Сондықтан, Қырғызстан VII Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу эстафетасын осы республикаға тапсырды. Эстафетаны табыстау рәсімі VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Чолпон-Ата қаласындағы жабылу салтанатында өтті.
Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы әрі Президент әкімшілігінің басшысы Адылбек Қасымалиев Татарстан өкіліне елдің жеті облысындағы 40 ауданнан жиналған су құйылған ыдысты табыс етті. Осылайша, екі жылда бір өтетін дүбірлі дода өз мәресіне жетті.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

