13 қыркүйек — отбасы күні
Таяуда теледидарда «Қазір айтайық» телешоуында «Қарашаңырақ – қасиетті мекен» тақырыбында тұрақты сарапшылар біраз талқылады. Біріншіден, «әр хабарда неге бір ғана сарапшылар?» деген сауал туады. Олар барлық тақырыпта маман емес қой. Сарапшылар сол тақырыпқа сәйкес адамдар болғаны дұрыс қой деп ойлаймын.
Ертеде бір атадан тараған балалар бәрі бір жерде отырғанда, ата-ана кенже баланы өздері дұрыс көрген қызға үйлендіріп, ұлды қарашаңырақты ұстап қалуға тәрбиелеген. Өйткені, әке-шеше қартайғанда жайлы жағдайда тұруды ойлайды. Өз баласы келінімен дұрыс тұрса, олар да алаңсыз өмір сүреді.
Қазіргі жағдайда кенже баланы қолыңда ұстап тұру көп жағдайда мүмкін емес. Олай дейтінім, мамандық алғаннан кейін балаға да сол мамандығы бойынша немесе басқа себептермен анда-мұнда қоныс аударуына тура келеді. Сосын бұл күнде келінді баланың өзі таңдайды. Ол ата-анаға ұнайма, жоқ па, ол жағы онша ескерілмейді. Қазіргі уақытта қарттар қай баланың қолында тұрғылары келетінін өздері шешеді. Өмір көрсетіп отырғанындай, кейбіреулері ешқайсысының қолына барғысы келмей, жеке тұрғанды ұнатады. Араларында қыз балаларының қолына барғысы келетіндерде кездеседі.
Меніңше, мұндайда балалар ата-анасына жайлы орын тауып беруге тырысқандары жөн. Мысалы, зайыбым екеуіміз өзіміз жеке тұрғанды ұнаттық. Баламыз Марат Астананың бел ортасынан жайлы пәтер алып берді, міне, ширек ғасырдай сонда тұрып жатырмыз. Балаларымыз өздері ақылдасып, барлық мәселелерді бізге айтпай-ақ шешіп жатады. Менің өзім отбасыммен қызмет бабы бойынша алты елді мекенге көшіп-қонып жүрдім. Балалар үш елді мекенде дүниеге келді. Біздің ұлтта үй иесі – отағасы. Меніңше, әкенің соңғы тұрған үйі қарашаңырақ болғаны дұрыс қой деп ойлаймын. Қарашаңырақты сол адамның ұрпақтарының бәрі сыйлағаны дұрыс. Әсіресе, ата-анаға арналған шаралар да сол үйде өткені дұрыс болар еді. Олардың туған күнін, соңғы сапарға аттанған күндерін, тағы басқасын ұмытпай, еске алып отырған жөн. Осылай құрмет танытып, қабірлеріне барып, құран бағыштап отырсақ, өлі риза болып, тірі байымақ. Отбасында ынтымақ-береке, татулық болса, бәрі оңынан шешіледі деп ойлаймын.
ЕркінДӘУЕШҰЛЫ,
қарт зейнеткер.
Астана.
![]()

