Жұмыс сапары
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, тұрғындармен және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті.
Кездесу барысында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың өзекті мәселелері, саланы мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды.
Ақмола облысы еліміздің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі. Облыста ауыл шаруашылығы өнімінің еліміздегі үлес салмағы 15 пайызға жетіп отыр. Бұл өнім көлемі 5,3 пайызға артқан.
Биыл облыста жалпы егіс алқабы 5,6 миллион гектарды құрады. Майлы дақылдар егілетін алқаптардың көлемі 70 миллионға ұлғайып, 840 мың гектардан асты. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өндірісті әртараптандыруға деген жоғары қызығушылығын көрсетеді.
Көктемгі егіс және күзгі егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін 668 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге жалпы сомасы 93,8 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Бұл қаржыландыру 1,2 миллион гектар егістік алқабын қамтыды.
Машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Жеңілдікті лизинг бағдарламасы аясында облысқа жалпы құны 30,9 миллиард теңге болатын 475 ауыл шаруашылығы техникасын жеткізуге 345 келісім-шарт жасалды.
– Бүгінде өндіріс көлемін жай ғана ұлғайтудан толық құн тізбегін дамытуға көшу де маңызды. Бұл ретте, бұл жұмыс қаржыландыру мен өндірістен бастап, өнімді сақтау, қайта өңдеу және өткізуге дейінгі барлық кезеңдерді қамту қажет. Үкімет мал шаруашылығын дамытудың Кешенді жоспарын бекітті. Сөйтіп, «Игілік», «Береке» және «Жайлау» кредиттік өнімдері іске қосылды. Айналым қаражатын толықтыруға 5 пайыз мөлшерлемемен кредит беру бағдарламалары жұмыс істейді. Бұл ресурстар тікелей шаруашылықтарды дамытуға, атап айтқанда, асыл тұқымды мал басын сатып алуға және жемшөп базасын нығайтуға бағытталуы тиіс, – деді Азат Сұлтанов өз сөзінде.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мемлекеттік қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру, қайта өңдеу өндірісін кеңейту, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өткізу инфрақұрылымын дамыту жөнінде өз ұсыныстарын білдірді.
– Бүгін айтылған барлық ұсынысты егжей-тегжейлі пысықтап, нақты шешуіміз қажет. Бұл орайда, мемлекеттік қолдау шаралары нақты экономикалық нәтиже беріп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің табысын арттыруға ықпал етуі тиіс, – деді одан әрі вице-министр.
Сапар аясында Азат Сұлтанов азаматтарға жеке қабылдау жүргізді.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі дамыту және ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты өсуі үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі басым бағыттар айқындалды.
premierminister.
![]()

