FLAMINGO FEST 2026
Қорғалжында табиғаттың қайталанбас көрінісі мен ұлттық мәдениеттің мәйегін тоғыстырған FLAMINGO FEST 2026 мәдени-туристік фестивалі өтті. Ауқымды шара кезекті рет өңірдің табиғи байлығын, тарихи-мәдени мұрасын және туристік әлеуетін кеңінен танытуға арналды. Бұл шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев қатысып, сөз сөйлеп, фестивальдің өңірдің туристік әлеуетін арттырудағы маңыздылығына тоқталып, табиғи мұраны сақтау, ұлттық мәдениетті дәріптеу және Қорғалжынның туристік мүмкіндіктерін кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстарды атап өтті.
Әсем табиғатымен тамсандырып, тарихынан тағылым беретін Қорғалжын бүгінде туризмді дамытуға зор мүмкіндіктері бар ерекше мекендердің бірі. Ал, оның табиғи төлқұжатына айналған қызғылт түсті қоқиқаздар бұл өлкенің жан-жаққа танымалдығын одан әрі арттыра түсуде.
Сондай-ақ, аталған шараға Ақмола облысының барлық өңірлерінен, Астана қаласынан және еліміздің өзге де аймақтарынан қонақтар жиналды. Түрлі өңірлерден келген жұртшылық үшін бұл шара Қорғалжынның табиғатын тамашалап қана қоймай, жергілікті халықтың салт-дәстүрімен және мәдениетімен жақынырақ танысуға қолайлы мүмкіндік берді.
Фестиваль бағдарламасы аясында келген қонақтарға ұлттық өнер мен дәстүрді дәріптейтін мәдени бағдарламалар ұсынылып, жергілікті шығармашылық ұжымдар өз өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ, шара барысында көрмелер мен жәрмеңкелер ұйымдастырылып, этноауыл бой көтерді. Мұнда ұлттық қолөнер үлгілері, жергілікті өнімдер мен дәстүрлі мәдениет айшықтары таныстырылды. Ұлттық ойындар ұйымдастырылып, көпшілікке халқымыздың бай мұрасы мен дәстүрлі ойын-сауық мәдениеті кеңінен насихатталды.
Осылайша, фестиваль табиғатты тамашалауға келген жұртшылық үшін танымдық әрі мәдени мазмұнға ие үлкен мерекеге айналды.
Шараның басты ерекшелігі, әрине, Қорғалжын табиғатының ажырамас бөлігіне айналған қызғылт қоқиқаздар болды. Қоқиқаздардың мекені саналатын аймақтың табиғи ерекшелігін насихаттау арқылы фестиваль экологиялық туризмнің маңызын да айқындай түсті.
Қорғалжынның табиғи әлеуеті өңірдегі туризмді дамыту үшін мол мүмкіндік беретіндігі осы жолы да жарқырай көрінді. Бірегей табиғи ландшафт, көлдер тоғысы, алуан түрлі құс әлемі мен ерекше экожүйе табиғат әуесқойлары мен туристердің қызығушылығын барған сайын арттырып отыр.
Фестивальдің тағы бір маңызды тұсы табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Осында келетін туристер саны артқан сайын қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың маңызы да арта түсетіні анық.
Фестиваль аясында ауданның туристік келбеті жан-жақты айтылып, өңірдің танымалдығын арттырып, Қорғалжынды отандық және шетелдік туристер үшін тартымды бағыттардың біріне айналдыруға мүмкіндік беретін жобалар таныстырылды.
Бұл өңір өз табиғатының тылсымымен талай жанды тамсандырып, бай тарихы мен дәстүріне бойлатып келе жатқан қасиетті мекен. Ал, оның көгілдір көлдерінің үстінде қалықтаған қызғылт қоқиқаздары қайталанбас өлке келбетін тіпті айшықтай түсетіні рас.
Табиғатты аялау, ұлттық құндылықтарды ұлықтау және туған өлкенің туристік әлеуетін танытуға бағытталған FLAMINGO FEST фестивалі алдағы уақытта да Қорғалжынның жаңа туристік бренді ретінде берік қалыптасып, осы өңірдің мәдени өміріндегі маңызды шаралардың бірі болып қала берері сөзсіз.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Қорғалжын ауданы.
![]()

