Көкшетау қалалық қазақ үлгілі кітапханасында Отбасы күніне арналған «Отбасым – бақытым» тақырыбында іс-шара болып өтті. Оның мақсаты отбасындағы өзара сыйластық пен татулықты нығайту, ондағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және оның кез келген түріне жол бермеу.
Сондай-ақ, отбасы мүшелерінің құқықтары мен қауіпсіздігін қорғаудың маңызын түсіндіру болғандықтан, нақ осы мәселелер бойынша кеңінен мағлұмат берілді.
Қатысушылар отбасы үлкеннен кішіге дейін адам өміріндегі ең маңызды құндылықтардың бірі екенін атап өтіп, ондағы қарым-қатынас негізі өзара сенім, сыйластық, мейірімділік пен жауапкершілікте екенін айтты. Мұндай отбасының іргесі ешқашан шайқалмайтындығын жеткізді. Сонымен қатар, қиын жағдайға тап болған отбасы мүшелеріне мемлекет пен қоғам тарапынан қолдау көрсету және қауіпсіз орта қалыптастырудың маңыздылығы да сөз болды.
Шара барысында сөз алған «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығы Ақмола облысы бойынша филиалының аға оқытушысы Қаракөз Мұқышева, осы филиалдың тыңдаушысы Алтын Бөкетова және басқалары, соның ішінде кітапхана оқырмандары отбасындағы татулық пен бірлікті сақтау, балаларға қамқорлық көрсету, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әр отбасы мүшесінің құқықтарын құрметтеу туралы өз пікірлерін білдіріп, тақырыпты талдап, әрі өрбітуге белсене ат салысты.
Іс-шара соңында ұйымдастырушылар отбасы сыйластық пен мейірімнің ордасы болуы тиіс екендігіне ерекше екпін беріп, ондағы татулық пен бірлік, өзара сыйластық тұрғысында ел әйгілілерінің қанатты сөздерінен мысалдар келтіре отырып, тағылымды түйіндер жасады. Сөйтіп, «Отбасы – бақытым» шарасы көпшіліктің белсене ат салысуымен өз мақсатына жетті.
Венера ЯССАУИЕВА,
Көкшетау қалалық қазақ үлгілі кітапханасының қызметкері.
![]()

