5 миллион тонна астық жиналды!

Егін орағы-2026

Ақмола облысында күзгі дала жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр. 14 қыркүйектегі жағдай бойынша 4,5 миллион гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың 3,7 миллион гектары немесе 83 пайызы орылды. 5 миллион тонна астық жиналды.

Биыл өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алқабы 5,6 миллион гектарға жеткізілген болатын. Сөйтіп, өткен жылмен салыстырғанда егіс алқабы 110,8 мың гектарға ұлғайған еді.

Астық сапасы жоғары! Облыстың астық қабылдау кәсіпорындарына 1,6 миллион тонна астық, оның ішінде 1,1 миллион тонна бидай жеткізілді. Қабылданған бидайдың 976,6 мың тоннасы – 3-классты болып шықты.

Биылғы өнімнің басты ерекшелігі – астық сапасының жоғары болуы. Жалпы жиналған бидайдың шамамен 90 пайызы 3-классқа жатады. Оның ішінде 90 пайызы ақуыз мөлшері жоғары Hi-Pro санатына сәйкес келеді.

Майлы дақылдар алқабы төрт еседен астам ұлғайды. Өңірде егіс алқаптарын әртараптандыруға ерекше көңіл бөлінуде. 2023 жылы майлы дақылдар небары 198 мың гектарға егілсе, биыл олардың көлемі 838 мың гектарға жетті. Осылайша, үш жылдың ішінде майлы дақылдар алқабы төрт еседен астам өсті.

Қазіргі уақытта 224,5 мың гектар немесе жоспардың 26,8 пайызы жиналып, 221 мың тонна майлы дақыл тұқымы алынды. Орташа өнімділік – әр гектардан 9,8 центнер өнім алынып жатыр.

Картоп пен көкөніс жинау жалғасуда.1 қыркүйектен бастап облыс шаруашылықтары картоп пен көкөніс жинауға кірісті. Бүгінде 2,8 мың гектар картоп алқабынан 39,6 мың тонна, 0,5 мың гектар көкөніс алқабынан 6,6 мың тонна өнім жиналды.

Қолайлы ауа райы сақталған жағдайда биыл облыста кемінде 6 миллион тонна астық және 840 мың тонна майлы дақыл тұқымын жинау жоспарланып отыр.

Мал азығының негізгі қоры бар.  2026-2027 жылғы қыстамаға 1,4 миллион тонна шөп дайындалып, жоспар 100 пайызға орындалды. Сондай-ақ, 256,8 мың тонна пішендеме немесе жоспардың 103 пайызы әзірленді.

Бұдан бөлек, 169,5 мың тонна сүрлем және 746,9 мың тонна сабан дайындалды. Сүрлем мен сабан дайындау жұмыстары аяқталуға жақын.

Егін жинауға 14,5 мыңнан астам техника жұмылдырылды. Науқанға 14,5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы, оның ішінде 7 мыңға жуық астық жинайтын комбайн, 2,7 мың жатка және 4,8 мың жүк көлігі қатысуда.

Үкімет Ақмола облысына егін жинау жұмыстарына 81,2 мың тонна жеңілдетілген дизель отынын бөлді. Тамыз айында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін оның бағасы литріне 305 теңгеден, қыркүйекте 312 теңгеден айналды.

Астықты қабылдау және сақтау қуаты жеткілікті. Облыста жалпы сыйымдылығы 4,4 млн тонна болатын 67 астық қабылдау кәсіпорны жұмыс істейді. Сонымен қатар, шаруашылықтарда сыйымдылығы 2,9 миллион тоннаға жуық 1,5 мың қойма бар.Өңірдегі астық сақтау орындарының жалпы сыйымдылығы 7,3 миллион тоннаны құрайды. Бұл биылғы өнімді қабылдап, сақтауға жеткілікті.

Астықты кептіруге сағатына 9,7 мың тонна немесе тәулігіне шамамен 235 мың тонна өнім өңдей алатын 269 астық кептіргіш жұмылдырылады.

Ақмола облысында күзгі дала жұмыстарын ұйымдасқан түрде және белгіленген мерзімде аяқтауға қажетті барлық мүмкіндік бар.

 (Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметі негізінде әзірленді).

Сурет inbusiness.kz сайтынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар