Қоғамның кемелдігі оның дауды қалай жеңетінінен емес, дауды қалай тоқтататынынан көрінеді. Өйткені кез келген тартыстың ар жағында адам тағдыры, отбасының тыныштығы, ағайынның арақатынасы, ұжымның берекесі тұруы мүмкін. Осындай сәттерде бір-бірін айыптаудан бұрын тыңдай білу, өзара түсіністікке ұмтылу, ортақ шешім табу – үлкен мәдениеттің белгісі.
Бүгінде осы құндылықтарды құқықтық өркениетпен сабақтастырып отырған медиация институтының Қазақстанда орныққанына 15 жыл толып отыр.
2011 жылғы 5 тамызда қабылданған «Медиация туралы» заң еліміздің құқықтық жүйесіне жаңа мүмкіндік әкелді. Алайда медиацияның мәні заң нормаларымен ғана шектелмейді. Оның тамыры халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан бітімгершілік дәстүрінде жатыр. Қазақ қоғамында ел ішіндегі дауды ушықтырмай, екі тарапты да тыңдап, тоқтамға келтіру – ежелден ел ағалары мен билерге жүктелген үлкен жауапкершілік болған.
«Дау мұраты – бітім» деген сөздің өзінде халқымыздың құқықтық ойлау мәдениеті мен өмірлік философиясы жатыр. Би-шешендер әділ сөзбен елді татуластырса, бүгінгі медиаторлар сол ізгілікті заманауи құқықтық тетіктер арқылы жалғастырып келеді.
Медиацияның ең басты ерекшелігі де осында. Мұнда біреудің жеңісі екіншісінің жеңілісімен өлшенбейді. Керісінше, екі тарап та өзара тиімді шешімге келіп, ортақ мәміле арқылы даудың түйінін тарқатады. Бұл – тек құқықтық рәсім емес, ең алдымен адамды тыңдауға, қарсы тараптың пікірін түсінуге және өзара құрметке үйрететін мәдениет.
Бүгінде медиацияның қолданылу аясы да кеңейді. Отбасылық және еңбек дауларынан бастап азаматтық, коммерциялық, мектеп, этномедиация және қылмыстық іс жүргізу салаларына дейін қамтып отыр. Оның әрқайсысының өз ерекшелігі болғанымен, барлығына ортақ бір құндылық бар. Ол – дауды өршітпей, диалог арқылы шешу.
Бұл ретте медиацияның адам тағдырына әсері ерекше. Кейде бір ауыз байыпты сөз отбасының шаңырағын сақтап қалуы мүмкін. Кейде уақытында жасалған мәміле көршілер арасындағы реніштің ұзаққа созылуына жол бермейді. Ал еңбек ұжымындағы түсініспеушілікті дер кезінде реттеу үлкен даудың алдын алуы ықтимал.
Сондықтан медиатордың қызметі сырт көзге көрінбейтін, бірақ қоғам үшін маңызы зор еңбектің бірі деп білемін. Медиатор тек екі тараптың арасындағы дауды реттеуші емес. Ол – сенімге жол ашатын, сабырға шақыратын, адамдарды ортақ мәмілеге бастайтын тұлға.
Бұл тұрғыда этномедиацияның маңызы айрықша.
Ақмола облысы – түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан өңір. Осындай ортада татулықты сақтау тек жақсы ниетпен шектелмей, жүйелі жұмысты қажет етеді. Әр халықтың салт-дәстүрі мен дүниетанымына құрметпен қарау, ортақ құндылықтарды дәріптеу, туындауы мүмкін түсініспеушіліктердің алдын алу – қоғамдық келісімді нығайтудың маңызды шарттарының бірі.
Бүгінде облыста этномедиация бағытында 18 медиация алаңы жұмыс істейді. Бұл алаңдардың қызметіне кәсіби және қоғамдық медиаторлар тартылған. Ал «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Медиация кеңесі өңірдегі осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіріп, кәсіби және қоғамдық медиаторлармен, қоғамдық бірлестіктер өкілдерімен, ақсақалдармен және этномәдени бірлестіктер мүшелерімен бірлесе жұмыс жүргізіп келеді.
Мұндағы мақсат – тек дау туған кезде әрекет ету емес. Ең маңыздысы – дау туындамай тұрып, адамдардың құқықтық сауатын арттыру, бір-бірін сыйлау мәдениетін қалыптастыру, өзара түсіністік пен жауапкершілікті күшейту.
Сондықтан жыл басынан бері медиацияны дамыту және құқықтық мәдениетті арттыру бағытында облыста 33 іс-шара өткізіліп, оған төрт мыңға жуық азамат қамтылды. Бұл – цифрдың ар жағында нақты адамдар, олардың мәселесі, пікірі мен тағдыры тұрғанын ескерсек, аз көрсеткіш емес.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да кеңінен жүргізілуде. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында этномедиация, құқықтық мәдениет және «Заң мен тәртіп» қағидаты бойынша түрлі жобалар мен тікелей эфирлер ұйымдастырылып келеді.
Солардың қатарында «Елдесу және татуласу» жобасының орны бөлек. Жоба аясында мемлекеттік мекемелерде, кәсіпорындарда, білім беру ұйымдарында және балалар сауықтыру лагерлерінде кездесулер өткізіліп, тұрғындарға медиацияның мүмкіндіктері мен сотқа дейінгі келісімнің артықшылықтары түсіндірілуде. Бұл кездесулерде еңбек дауларының алдын алу, ұжымдағы өзара сыйластықты қалыптастыру, түрлі этнос өкілдері арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері де кеңінен қозғалады.
Жастармен жүргізілетін жұмысқа да ерекше мән береміз. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде, «Арна» және Азаматтық қорғау жоғары колледждерінде азаматтық жауапкершілік, қарым-қатынас мәдениеті және қоғамдық келісім тақырыптарында кездесулер ұйымдастырылды.
Жастарға медиацияның мәнін түсіндіру – болашақ қоғамның мәдениетін қалыптастыру деген сөз. Себебі бүгін біреудің пікірін тыңдай білген жас ертең отбасыда да, қызметте де, қоғамдық ортада да мәселені күшпен емес, келісіммен шешуге ұмтылады.
Меніңше, медиацияның ең үлкен нәтижесін статистикадан ғана іздеуге болмайды. Оның шынайы жемісі – сақталған қарым-қатынаста, қайта табысқан адамдарда, ушықпай қалған дауда, бір-біріне деген сенімін жоғалтпаған жандарда.
Бүгінгі қоғамға дауласудан гөрі сөйлесу, кінәлаудан гөрі түсіну, қарсы тұрудан гөрі ортақ жол табу маңыздырақ.
Әділетті қоғам да осындай қарапайым құндылықтардан басталады. Заң адамның құқығын қорғаса, медиация сол құқықты өзара құрмет пен мәмілеге ұштастырады. Ал қоғамдық келісім адамдардың бір-біріне деген сенімінен қалыптасады.
Медиация институтының 15 жылдық белесі – өткен жолға есеп беріп қана қоймай, алдағы міндеттерді айқындайтын маңызды кезең. Алдымызда медиаторлар желісін кеңейту, этномедиацияны дамыту, құқықтық мәдениетті арттыру және қоғамдағы диалог мәдениетін одан әрі орнықтыру сияқты маңызды міндеттер тұр.
Осы орайда қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты сақтауға өз еңбегін арнап жүрген барлық кәсіби және қоғамдық медиаторларға, этномедиаторларға, сала ардагерлеріне шынайы ризашылығымды білдіремін.
Сіздердің жұмыстарыңыздың нәтижесі кейде көзге бірден көрінбеуі мүмкін. Бірақ адамдарды татуластыру, араға сызат түспеуіне себеп болу, бір-бірін тыңдауға үйрету – үлкен адамгершілікті қажет ететін абыройлы қызмет.
Ел ішінде «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді. Ал сол бірліктің берік болуы үшін әрқайсымыздың сөзімізге, ісімізге, бір-бірімізге деген құрметімізге жауапкершілікпен қарауымыз қажет.
Медиация – осы жауапкершіліктің құқықтық әрі адамгершілік арнасын тоғыстыратын маңызды институт.
Даудың соңын күтпей, келісімнің жолын іздейік. Өйткені бейбіт шешім – әлсіздіктің емес, парасаттың белгісі.
Гүлнар МӘДИЕВА,
«Қоғамдық келісім» КММ жанындағы
Медиация кеңесінің төрайымы
![]()

