Тұрақты комиссияларда
Ақмола облыстық мәслихатының аграрлық мәселелер және өңірді индустриялық-инновациялық дамыту мен әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы болып өтті. Онда кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау, инвестициялар тарту, сондай-ақ, индустриялық аймақтарды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Облыстың кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асхат Ахмедьяновтың баяндауынша, 2026 жылға өңір бойынша негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемі 1,2 триллион теңге деңгейінде белгіленген. Жеті айдың қорытындысы бойынша осы белгіленген қаржыдан 404,6 миллиард теңге инвестиция тартылып, физикалық көлем индексі 102,3 пайызды құрады. Тартылған инвестициялардың 90 пайыздан астамы жеке қаражат есебінен жүзеге асырылуда. Жалпы, биыл өңірде 3 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейтін 158 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Инвестициялардың өсуі ірі жобаларды жүзеге асыру, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алу, сондай-ақ, бірқатар жобалардың белсенді құрылыс кезеңіне өтуі есебінен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда облыста республикалық маңызы бар «AQMOLA» индустриялық аймағы және үш өңірлік индустриялық аймақ – «Kokshe Industry», «Stepnogorsk Industrial Park» және «Qaragai Industrial Park» жұмыс істейді. «AQMOLA» индустриялық аймағында кемінде 5,7 мың жұмыс орнын құруды көздейтін 23 жоба сүйемелденуде. Ірі жобалардың бірі – қытайлық Dalian Hesheng Holdings Group Co., Ltd. компаниясының бидайды терең өңдеу жобасы. Жобаның алғашқы кезеңінде 1 мыңға дейін, ал, барлық кезеңдері іске асырылғаннан кейін 3 мыңға дейін жұмыс орны ашылмақ. Қосшы қаласында да бірқатар ірі жобаларды іске асыру жоспарланған. Солардың бірі – қытайлық инвестордың қатысуымен жүзеге асырылатын «Жібек жолы» жобасы. Жоба аясында 3 мыңға дейін жұмыс орнын құру көзделген. Целиноград ауданында үй құрылысы комбинаты мен құрылыс материалдары индустриялық паркін салу жобалары іске асырылуда.
«Kokshe Industry» аумағында 280-нен астам жұмыс орнын құруды көздейтін екі жоба жүзеге асырылуда. «Stepnogorsk Industrial Park» аумағында қала құрылысы құжаттамасын әзірлеу аяқталуда, сондай-ақ, қытайлық инвесторлардың қатысуымен екі жобаны іске асыру мәселесі пысықталуда. «Qaragai Industrial Park» бойынша инфрақұрылымды дамытуға және жаңа инвесторлар тартуға басымдық берілуде.
Отырыс барысында депутаттар инвестициялық жобаларды сүйемелдеу сапасына және мемлекеттік қолдаудың тиімділігіне назар аударды. Депутат Әбілқайыр Ошақбаев жеті айда тартылған инвестициялар көлемін ескере отырып, негізгі капиталға салынатын инвестициялар бойынша белгіленген 1,2 триллион теңгелік көрсеткішке қол жеткізу жоспарлары туралы сұрақ қойды. Депутат Бекім Әкімов Ерейментау ауданындағы құрамында алтыны бар кенді игеру жобаларын мысалға келтіре отырып, инвестициялардың нақты аудандар үшін тиімділігіне егжей-тегжейлі талдау жүргізуді ұсынды. Атап айтқанда, құрылған жұмыс орындарының санына, ауылдық округтер, аудан және облыс бюджеттеріне түсетін салық түсімдерінің көлеміне, сондай-ақ, басқа да әлеуметтік-экономикалық әсерлерге баға беруді ұсынды. Сонымен қатар, депутат инвесторлардың қызметін бақылауды кім жүзеге асыратынына қатысты сұрақ қойды. Сонымен қатар, депутат инвесторлар тартумен айналысатын коммуналдық мемлекеттік мекемелерді құруға бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі туралы мәселе көтерді.
Кәсіпкерлік жобалары үшін жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымды қаржыландыру мәселесі де өзекті болып отыр. 2025-2026 жылдары екі жоба мақұлданған. Олар – «Ен-Дала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде мал шаруашылығы кешенінің электрмен жабдықтау желілерін және «Бозайғыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде кірпіш зауытының сумен және электрмен жабдықтау желілерін салу жобалары. Бюджет қаражатының шектеулі болуына байланысты аталған жобаларды қаржыландыру әзірге қамтамасыз етілмеген.
Ақмола облыстық мәслихатының осынау комиссия отырысында екінші мәселе ретінде цифрландыру саласындағы негізгі нәтижелер мен алдағы міндеттер қаралды. Осы басқарма басшысы Мағжан Ержанның айтуынша, 2026 жылы жасанды интеллектіні практикалық тұрғыда қолдануға ерекше көңіл бөлінуде. Smart Aqmola «AI Өңір» номинациясы бойынша AI Governance Cup кубогінің иегері атанды. Келесі кезең – тиімді жасанды интеллект шешімдерін өңірдің негізгі салаларына кеңінен енгізу. Ауыл шаруашылығы саласында 5,6 миллион гектар жер цифрландырылды, 1800 жер учаскесіне аудит жүргізілді. 120-дан астам шаруашылық дәлме-дәл егіншілік технологияларын қолданады, өңірде 49 Smart-ферма жұмыс істейді.
Жасанды интеллект денсаулық сақтау саласына да белсенді енгізілуде. Екі медициналық ұйымда ми-қан айналымының жедел бұзылуларын диагностикалауға қолдау көрсету үшін Cerebra AI жүйесі пайдаланылады. Іске қосылған сәттен бастап жүйе 1682 КТ зерттеуін талдап үлгерді. Сондай-ақ, алты шалғай ауылдық округте және Ақкөл аудандық ауруханасында телемедицина кешені енгізілді. Цифрлық экологиялық мониторингті де дамыту жұмыстары жалғасуда. 2026 жылы 22 ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен рұқсат етілмеген қоқыс орындары, ықтимал өрт ошақтары, жылу шығындары және басқа да заң бұзушылықтар анықталды. Болашақта оларды автоматты түрде анықтау үшін компьютерлік көру технологиясы енгізілмекші.
Цифрлық шешімдер көлік саласына да енгізілуде. Көкшетау қаласындағы қоғамдық көліктің қозғалысы туралы деректер «Яндекс Карталар» сервисімен интеграцияланды. Сондай-ақ, жедел жәрдем көліктерінің қозғалысын көрсету және бағдаршам нысандарын картографиялық сервистермен интеграциялау жобалары пысықталуда.
Жеке бір бағыт – өңірлік IT-экожүйені дамыту. Бірінші жартыжылдықта Aqmola Hub 40 іс-шара өткізіп, оған шамамен 1 мың адам қатысты. 400-ден астам қатысушы генеративті жасанды интеллект және промпт-инжиниринг бойынша практикалық оқудан өтті. Ал, хаб базасында 100-ден астам стартап пен жоба дамып келеді.
Өңірде интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 281 ауылдық елді мекенді интернетке қосу көзделген. Сонымен қатар, мобильді байланыс сапасына қатысты мәселелер шешілуде. Қазіргі таңда проблемалық 89 учаскенің 68-інде жұмыстар аяқталды. Осылайша, 2026 жылы облысты цифрландыру жекелеген жобаларды іске асырудан нақты салаларда технологияларды практикалық қолдану кезеңіне өтті. Бұл – дәлме-дәл егіншілік пен медициналық жасанды интеллекттен бастап, облыста ұшқышсыз ұшу аппаратының инфрақұрылымына, 109 сервисіне, көлік саласындағы интеграцияларға және IT мамандарын даярлауға дейінгі бағыттарды қамтиды.
Отырыс барысында депутаттар бірқатар проблемалық мәселеге назар аударып, цифрлық сервистерді одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар енгізді. Депутат Василий Шиманский мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қажеттіліктеріне ерекше назар аударуды ұсынды. Атап айтқанда, жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға көрсетілетін қызметтер туралы ақпарат беретін қосымша енгізу ұсынылды. Сондай-ақ, депутат төтенше жағдайлар кезінде эвакуацияны ұйымдастыруға көмектесетін, жүріп-тұруы шектеулі азаматтардың тұратын жерлері туралы деректер базасын қалыптастыруды ұсынды. Депутат Әбілқайыр Ошақбаев ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге ауыл шаруашылығында жасанды интеллектіні қолдану бойынша оқылар өткізу мүмкіндігіне қызығушылық танытып, заманауи технологиялармен қатар жүру қажеттігін атап өтті. Ал, Бекім Әкімов облыстың пайдалы қазбалары бойынша бірыңғай деректер базасын құру мәселесін пысықтауды ұсынды. Оның пікірінше, онда кен орындары, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар, жұмыспен қамтылғандар саны, өндіріс тиімділігі және салық түсімдері туралы ақпарат қамтылуы қажет. Салалық ведомствоның басшысы Мағжан Ержан депутаттардың түрлі салалар бойынша айтқан барлық ұсыныстарын жинақтап, жүйелеуді және оларды тиісті министрліктердегі цифрландыру мәселелеріне жетекшілік ететін вице-министрлермен бірлесіп пысықтауды ұсынды.
Ақмола облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ренат Қасенов ауыл шаруашылығы тауарын өндірушісіне «Қызыл Су-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне минералды тыңайтқыштар сатып алуға субсидия төлемеу мәселесін реттеу жөніндегі шаралар туралы айтты. Биылғы жылы «Тыңайтқыштардың құнын субсидиялау» органикалық тыңайтқыштарды қоспағанда, бағдарламасын іске асыруға 6 миллиард теңге қарастырылып, ол 100 пайыз игерілді. Отандық өндірушілердің арнайы шотына аванстық субсидиялау механизмін қолдана отырып, 5,6 миллиард теңге сомасында субсидия аударылды. Атап айтқанда, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 4,6 миллиард теңге және «КазАзот» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 1 миллиард теңге сомасында субсидия берілді. Бөлінген жалпы бюджет қаражаты көлемінен 2025 жылғы кредиторлық берешекті өтеуге және 2026 жылғы тікелей өтінімдерді қаржыландыруға 376,4 миллион теңге төленді. Қазіргі уақытта резервте жалпы сомасы 6,3 миллиард теңге болатын өтінімдер тұр.
Егіншілік шаруашылығының өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына сәйкес, бюджет қаражаты толық игерілген жағдайда қабылданған өтінімдер резервке ауыстырылады. Ағымдағы қаржы жылында қосымша бюджет қаражаты бөлінген жағдайда субсидия төлеу резервте тұрған өтінімдер бойынша жүзеге асырылады. Ағымдағы жылға көзделген бюджет қаражатының толық игерілуіне байланысты «Қызыл Су-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өтінімі қазіргі уақытта резервте тұр және әзірге төленбеген. Ағымдағы қаржы жылында қосымша бюджет қаражаты бөлінген жағдайда басқарма заңнамада белгіленген тәртіппен «Қызыл Су-А» ЖШС-інің өтінімі бойынша субсидия төлеуді қамтамасыз етуге барынша жәрдем көрсететін болады. Ал, қосымша қаржыландыру болмаған жағдайда төлем келесі қаржы жылында резервте тұрған өтінімдердің кезектілігіне сәйкес жүргізіледі.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

