Көкшетауда балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға арналған «Әділет» партиясы облыстық филиалында ашық есік күні өтіп, тұрғындар денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау және құқықтық қорғау салаларындағы өзекті мәселелерін көтерді. Азаматтардың өтініштері арасында балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, оңалтуға қолжетімділік, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау және зорлық-зомбылықтан қорғау мәселелері талқыланды.
«Әділет» партиясының Ақмола облыстық филиалында «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы аясында ұйымдастырылған кездесуге ҚР Құрылтай депутаты Юлия Кучинская, партияның Әйелдер қанатының мүшелері және басқарма басшылары қатысты.
Ашық есік күніне келген ата-аналар мен азаматтар балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты мәселелерден бастап, білім алу, медициналық көмек, оңалту және әлеуметтік қамтамасыз етуге дейінгі кең ауқымды мәселелер бойынша барлығы 21 адам өтініштерін білдірді.
«Баланың құқығын қорғау – тек бір мемлекеттік органның немесе жекелеген мамандардың міндеті емес, бұл – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әрбір өтініштің артында нақты бала мен оның тағдыры тұр. Сондықтан ата-аналардың мәселесін тыңдап қана қоймай, оны шешуге бағытталған нақты жұмыстар жүргізу маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Президент атап өткендей, балалардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігі – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, әр баланың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға жағдай жасауымыз қажет. Бүгін айтылған ұсыныстар мен өтініштер назарға алынып, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп қаралатын болады», – деді ҚР Құрылтай депутаты Юлия Кучинская.
Кездесу барысында көтерілген мәселелердің елеулі бөлігі балаларды медициналық және дәрі-дәрмектік қамтамасыз етуге қатысты болды. Ата-аналар балаларға нақты диагноз қою, бейінді медициналық ұйымдарға жолдау, Астана мен Алматы қалаларында қосымша тексеруден өту, сондай-ақ орфандық және онкологиялық аурулары бар балаларды қажетті препараттармен үздіксіз қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.
Атап айтқанда, ата-аналар ұзақ уақыт ем қабылдайтын балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі үзілістерге жол бермеу, қажетті препараттарды уақытылы сатып алу және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру жөнінде мәселелерін жеткізді.
Целиноград ауданының тұрғыны Мадина Айыманова 2014 жылы туған қызы Арайлым Орынбасардың денсаулығына қатысты мәселе көтерді. Бала нейрофиброматоздың 1-түрі және плексиформды нейрофиброма диагноздарымен диспансерлік есепте тұрады. Қазіргі таңда дәрігердің тағайындауы бойынша таргеттік терапия қабылдап келеді. Анасының айтуынша, ем басталғаннан бері баланың жағдайында оң динамика байқалған. Алайда қажетті дәрі-дәрмекті әрі қарай үздіксіз алу мәселесі отбасы үшін алаңдаушылық туғызып отыр.
«Қызымның емін үзбей жалғастыруы біз үшін өте маңызды. Бұған дейін қажетті препаратты алу үшін ұзақ уақыт күтуге тура келді. Әрине, мұндай жағдайда ата-ана ретінде алаңдайсың. Себебі балаға қажетті дәрі-дәрмекті уақытылы алу оның денсаулығы үшін аса маңызды.
Бүгін көтерген мәселемізді ҚР Құрылтай депутаты Юлия Кучинская жеке бақылауына алды. Депутат бізге қажетті дәрі-дәрмекпен әрі қарай қамтамасыз ету мәселесін шешуге көмектесетінін айтты. Сонымен қатар, мәселені тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп қарауға ықпал ететінін жеткізді.
Бұл біз үшін үлкен қолдау. Ең бастысы – баламыздың емін тоқтатпай, қажетті препаратты уақытылы алу. Осындай кездесулердің ұйымдастырылып, ата-аналардың мәселесіне назар аударылып жатқанына ризамыз», – деді Мадина Айыманова.
Ашық есік күні барысында балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау және олардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Азаматтар құқық қорғау органдарының әрекеттеріне, қылмыстық істердің тоқтатылуына, сараптама нәтижелеріне және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты құқықтық көмек сұрады.
Бұдан бөлек, ата-аналар балалардың отбасындағы құқықтарын қорғау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, қосымша білім беру үйірмелеріне қолжетімділік және сирек кездесетін аурулар бойынша медициналық көмек көрсету тетіктеріне қатысты мәселелерін жеткізді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әрбір өтініш жеке қаралып, тиісті бағыттар бойынша құқықтық және ұйымдастырушылық қолдау көрсету мәселесі пысықталады. Қажет болған жағдайда азаматтардың өтініштері құзыретті мемлекеттік органдарға жолданады.
Ашық есік күні балалардың құқықтарын қорғау саласындағы жеке мәселелермен қатар, ата-аналарды алаңдататын жүйелі проблемаларды анықтауға және оларды шешу бойынша нақты ұсыныстарды қалыптастыруға мүмкіндік берді.
![]()

