Жүйрік тазы ежелден көңіл хошы!

Елімізде биыл алғаш рет қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі саналатын тазы мен төбетке арналған мереке аталып өтілді.

Құмай тазы кең даланы еркін кезген көшпендінің жан серігі, аңшының қанаты, саятшылықтың символы. Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен текті тұқым бүгінде ұлттық мұра ретінде қайта түлеп келеді. Аймақта тазы тұқымын сақтап жүрген жандар ата дәстүрді жалғап, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп жүр.

Ата-бабамыздан жеткен осы құмай тазыны баптау өнері Жарқайың өңірінде де қайта жаңғырып, өрісін кеңейтіп келеді. Бүгінде ауданда ұлттық брендке айналған осы тазы тұқымын асырап, оның санын көбейтумен 15-ке жуық азамат айналысады. Олар үшін тазы – жай ғана үй жануары емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан қасиетті дәстүр мен өмір салтының айрықша көрінісі. Аудандағы итбегілер өз жүйріктерін ерекше күтімге алып, түрлі көрмелерде, жарыстар мен ұлттық іс-шараларда топ жарып жүр.

Осындай айтулы азаматтардың бірі Львов ауылының тұрғыны Жасұлан Қоңыров. Ол 16 жасынан тазы бағып, баптауға қызығып, оны қолға алған. Бұл әуестік оған әкесі мен Серік есімді ағасының ізін басқан отбасылық өнеге ретінде дарыған.

Бүгінде ата кәсіпті берік ұстанған Жасұлан Ағыбайұлының бұл салада жүргеніне жиырма жылға жуықтапты.

– Тазы баптап жүргеніме 20 жылдай болды. Тазыларды Жасұлан Сейітқазин, Әсет Атамбаев секілді мықты-мықты итбегілерден аталық пен аналық түрінде сатып алып, селекцияладым. Қазір төрт тазым бар. Төрт тазым да аңшылыққа арнайы үйретілген, түлкі, қоян, борсық алады,  – дейді ол.

Қазір Львов ауылында ірі шаруа қожалықтарының бірінде еңбек ететін Жасұлан Ағыбайұлы бос уақытын осы тазыларын күтіп, баптауға арнайды екен. Жақында Балқаш, Бурабай өлкелеріне осы жүйрік тазыларымен аңшылыққа шығуды жоспарлап отыр.

2025 жылы Рудныйда ел Президентінің ұлттық ит тұқымдарын сақтау және дамыту туралы тапсырмасы аясында қазақ тазыларына арналған арнайы монотұқымды (біртұқымды) көрме-байқау өткен болатын. Сонда Жасұлан Ағыбайұлының баптауындағы Асу есімді тазы  Қазақстан чемпионы атағына кандидат атанып, жоғары нәтиже көрсетіпті. Жоңғар есімді тазысы да жақсы өнер көрсетіп, ұйымдастырушылар алқасының грамотасына ие болыпты. «Бұл жетістік ұзақ жылдар бойғы жүйелі жаттығудың, дұрыс баптау мен тынымсыз еңбектің жемісі» дейді итбегінің өзі бізбен әңгімесінде.

Жасұлан Ағыбайұлы бұл істі жан досы Сайлау Қажыгелдинмен бірге бастапты. Екі дос бос уақытында тазыларын серуендетіп, бабын тауып, жарыстар мен көрмелерге бірге дайындайды.

Соңғы жылдары ел ішінде асыл тұқымды тазы өсіруге деген қызығушылық айтарлықтай артып келеді. Жасұланның айтуынша, ұлттық мұраны қайта тірілтуге ниетті жастардың қарасы да көбейген.  Өз кезегінде аудан көлемінде де бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ұлттық мерекелер мен мәдени-көпшілік шаралар аясында тазы жарыстары жиі ұйымдастырылып тұрады екен. Мәселен, 2024 жылы аудандық мәдениет үйінің алаңында алғаш рет «Құмай тазы» байқауының іріктеу кезеңі өтіп, өңірдегі тіл мен дәстүр жанашырларының басын қосты.

Бүгінде елімізде тазы мен төбетті сақтап, дамытуға мемлекеттік деңгейде де ерекше мән берілуде. Жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық ит тұқымдарын сақтаудың және дамытудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын.

Жасұлан Қоңыров сияқты азаматтардың бұл еңбегін бабалар аманатына деген адалдық, ұлттық болмыс пен мұраға көрсетілген шынайы құрмет деп бағалауға болады.

Тазы қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен дала заңының ажырамас бөлшегі. Ұлттық құндылықты көздің қарашығындай сақтайтын осындай азаматтар барда, қазақтың қырағы тазыларының үні даламызда мәңгі өшпек емес.

Ы.ШАМШИЕВА.

Жарқайың ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар