«Көкшетау жылу» мекемесі қысқа дайындықты пысықтады

Баспасөз туры

Облыс орталығын жылумен қамтып отырған басты нысан – «Көкшетау жылу» мекемесінде қысқы жылыту маусымына дайындық мәселелері бойынша мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысқан баспасөз туры ұйымдастырылды.  

Алдымен қатысушылар инвестициялық жобалардың қаржылай игерілуі туралы есепті тыңдап, бұдан соң, күрделі жөндеуден өтіп жатқан жылу магистральдарының тыныс-тіршілігімен танысты. Айта кетейік, биылғы жылы шаһардағы 5500-ден астам нысан, соның ішінде 1170 тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтылады.

Бүгінде Көкшетау қаласындағы магистральды жылу желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 191 шақырымды құрайды. Оның 51 шақырымы – магистральды, ал, 140 шақырымы – орамішілік желілер. Биыл Үкімет резервінен арнайы қаржы бөлініп, тозығы жеткен 5 шақырымдық желіге күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ, инвестициялық жобалар арқылы түскен қаражат қаланы жылумен қамтып отырған №1 және №2 аудандық қазандықтарының ішкі жөндеу жұмыстарына бағытталды. Дегенмен, мамандардың айтуынша, қазіргі таңда қала бойынша құбырлардың тең жартысының тозығы жеткен.

– Былтыр табиғи монополияларды реттеу департаменті 2,3 миллиард теңгенің инвестициялық бағдарламасын бекітті. Бұл қаржы жылу желілерін жөндеуге және қажетті құрал-жабдықтарды жаңартуға жұмсалды. Оның 640 миллион теңгесі кәсіпорынның жеке қаржысы есебінен болса, қалған 1,6 миллиард теңгесі Үкімет резерві мен облыстық қазынадан бөлінді. Қазіргі таңда бұл жұмыстар толық көлемде орындалды, – деді шара барысында «Көкшетау жылу» мекемесі бас директорының орынбасары Асқар Нұрмағанбетов.

Қазіргі уақытта облыс орталығындағы Домбыралы және Саин көшелері қиылысындағы 1200 метрлік жылу желісі толығымен жаңартылу үстінде. Осыдан 30 жыл бұрын орнатылған бұл құбырлар әбден тозғандықтан, орнына жаңалары тартылуда. Мердігер компания жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды көздеп отыр. Ал, қазан шұңқырлар толық тегістелгеннен кейін тиісті абаттандыру шаралары қолға алынады.

– Бүгінгі таңда Уәлиханов көшесінен Домбыралы көшесіне дейінгі және Саин көшесі бойында құбырларды ауыстыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мұнда диаметрі 500 миллиметрлік, ұзындығы 1200 метр болатын жаңа құбырлар төселуде. Қолданылып жатқан құбырлардың сапасы жоғары, заманауи пенополиуретан технологиясымен жасалған, Павлодар мен Қарағанды зауыттарынан әкелінді. Сонымен қатар, қаладағы Байтұрсынов пен Дулатов көшелеріндегі 700 метрлік жылу желісін ауыстыру жұмыстары да толық аяқталды, – деді «Көкшетау жылу» мекемесі бас директорының өндірісті дамыту жөніндегі орынбасары Ержігіт Тұңғатаров.

Қаланың жылу жүйесін кезең-кезеңімен жаңғыртуға бағытталған бұл ауқымды жұмыстар мен алдын ала жасалған қамдану шараларының арқасында мекеме басшылары биыл көкшетаулықтардың алдағы қыс маусымынан еш қиындықсыз, қысылмай шығатынына сенім білдіріп отыр.

Айта кетейік, биылғы жылы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар қала тұрғындарының жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Әсіресе, заманауи пенополиуретанды оқшаулау технологиясы жылу шығынын барынша азайтып, құбырлардың қызмет ету мерзімін бірнеше есе ұзартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, баспасөз туры барысында қоғамдық кеңес пен мәслихат өкілдері жөндеу сапасын жіті бақылап, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Ал, мамандардың айтуынша, қазандықтар мен желілерді модернизациялау жұмыстары кестеге сай жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар алдағы жылыту маусымының штаттық режимде, ешқандай авариялық жағдайсыз өтуіне кепілдік береді.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар