Мүлік салығын уақытында төлейік

Өңірлік коммуникациялар қызметінде жеке тұлғалардың мүлік салығына қатысты брифинг өтіп, Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басқарма басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Махамбет облыс тұрғындары үшін есептелген мүлік салығын уақытында төлеудің маңызын түсіндірді.

Оның айтуынша, жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу мерзімі 1 қазанға дейін жалғасуда. Сондықтан, өңір тұрғындарының өздеріне тиесілі жылжымайтын мүлік пен жер учаскелері бойынша салықты осы мерзімге дейін төлеуі қажет.

–Қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес, жеке тұлғалардың мүлік салығына Қазақстан аумағында орналасқан тұрғын үйлер, ғимараттар, саяжай құрылыстары, гараждар, автотұрақ орындары және азаматтардың меншігіндегі басқа да құрылыстар мен үй-жайлар жатады. Сонымен қатар, жеке тұлғалардың меншігіндегі жер учаскелері де салық салу нысаны болып табылады. Салық мөлшері салық базасына қарай есептеледі, – деді Нұрлан Махамбет брифинг барысында.

Қазіргі Заңнамаға сәйкес, азаматтардың жекелеген санаттарына жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктері бойынша оларға теңестірілген ардагерлер, мүгедектігі бар адамдар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 18 жасқа  дейінгі балалар, бала кезінен мүгедектігі бар адамның ата-анасының бірі, «Батыр ана» атағын алған және «Алтын алқа» төсбелгісімен наградталған көпбалалы аналар, сондай-ақ, бөлек тұратын зейнеткерлер мүлік салығын төлеушілер қатарына жатпайды.

Мүлік салығы жылжымайтын мүлік орналасқан жер бойынша төленеді. Салық сомасын білу үшін азаматтар бірнеше мүмкіндікті пайдалана алады. Мәселен, «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасындағы «Жеке тұлғалар мен ЖК-нің алдағы төлемдері» сервисі арқылы салық сомасын тексеріп, төлемді бірден жүргізуге болады. Сонымен қатар, банктердің мобильді қосымшалары арқылы да төлем жасауға мүмкіндік бар.

Салық бойынша ақпаратты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің portal.kgd.gov.kz порталындағы «Алдағы төлемдер және жеке тұлғалардың берешегі» сервисінен алуға болады. Сондай-ақ, салық төлеушілер Telegram желісіндегі SalyqBot чат-боты мен 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы да қажетті мәліметтерді білулеріне болады.

–Мүлік салығын белгіленген мерзімде төлемеген жағдайда азаматтарға бірқатар шара қолданылатынын да ескерген жөн. Ағымдағы жылдың 2- қазанынан бастап берешегі бар тұлғаларға банк қызметтерін пайдалануға шектеу қойылуы мүмкін. Атап айтқанда, жаңа банк шотын ашу, ақша аудару немесе несие рәсімдеу мүмкіндігі шектеледі, – деді өз сөзінде басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Бұдан бөлек, мерзімі өткен әрбір күн үшін өсімпұл есептеледі. Ол Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде белгіленеді.

Егер берешек 1 айлық есептік көрсеткіштен асып, хабарлама табыс етілген күннен кейін 30 жұмыс күні ішінде өтелмесе, салық бұйрығы шығарылады. Ал, қарыз келесі 5 жұмыс күні ішінде өтелмеген жағдайда, ол жеке сот орындаушыларына тапсырылады. Бұл ретте, банктегі шоттар мен мүлікке тыйым салу, сондай-ақ, Қазақстан Республикасынан шығуға шектеу қою сияқты шаралар қолданылуы мүмкін. Сонымен бірге, борышкерден жеке сот орындаушысының қызмет ақысы да өндіріліп алынады.

Сондықтан, мамандар тұрғындарға мүлік салығы бойынша берешегін алдын ала тексеріп, төлемді соңғы күнге қалдырмай өтеуге кеңес береді.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар