Ғылымның саңлағы
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры, саясаттану ғылымдарының докторы Балташ Нұрмұхамбетұлы Кәріповтің өмірдегі де, ғылымдағы да абыройлы ғұмыры жайлы сыр
Бұл төрткүл дүниеде талай-талай ғалымдар, талай-талай оқымыстылар бар. Олардың бірқатары ғылым мен техниканың дамуына үлестерін қосып, біз көзбен көріп, қолмен ұстайтын небір жаңашылдықтарды жасап жатса, кейбіреулері ғылыми теориялары, ілім-білімдерімен мемлекеттің құрылымына, тарихи және саяси-әлеуметтік қағидаларына ат салысуда.
Қоғамның жаңа күш алып, жаңа сипатқа ие болуы, бір даму жолының екіншісімен алмасуы нәтижесінде оның саяси ұстанымы, ғылымы да жаңарады. Мысалы, кешегі бәріміз Кеңес Одағының тұсында жоғары оқу орындарында бас алмаған СОКП тарихы, маркстік-лениндік философия, ғылыми коммунизм сияқты пәндер бұл күнде жоқ. Олардың орнын заман ағымына сай жаңа пәндер басып, жаңа бағыттар алмастырған. Солардың бірі – 1991 жылы өз алдымызға дербес мемлекет атанып, тәуелсіздігімізді алғалы осы қол жеткен ғасырлар бойғы арманымызбен бірге бой көрсетіп келе жатқан саясаттану ғылымы.
Осы ғылым мен мамандыққа деген қажеттілік пен сұраныс содан бері елімізде бұл сала бойынша біраз ғалымдар қатарын қалыптастырды. Бұл арада біраз деп отырғанымыз, бұрынғы жоққа қарағанда, ауызды қу шөппен сүртетіндей емес, осы санаттағы ғалымдарымыздың бар екендігі. Дегенмен, олар бүкіл Қазақстан көлемін алғанда әлі де аздық етеді. Тіпті, саусақпен санарлықтай десе де болады. Себебі, шын құлық қойып айналысар саясаттану ғылымы – қиын ғылым. Содан шығар, бүгінгі таңда кешегі посткеңестік елдер бойынша қорғалатын ғылыми диссертациялардың әрі кеткенде тек 3-5 пайызы ғана осы саладан қорғалады деген дерек бар. Бұл енді саясаттану ғылымының шынында да, екінің бірі нар тәуекел етіп бара бермейтін, көбіне теорияға, негізге, нақты ілімге құралатын, зерде зеректігін, әріден ойлап, пайымдау тереңдігін қажет ететін ерекше ғылым екендігінің бір айқын дәлелі болса керек.
Сондықтан, жүрексінбей осы салаға келген ғалымдарға, әңгімелесіп, пікірлесе отырып, көңіліңде кәдімгі бір ризашылық туады. Солай дегенде біз Ақмола облысы, соның ішінде облыс орталығы Көкшетау қаласында саясаттану ғылымының алдыңғы легінде жүрген ғалым деп Балташ Нұрмұхамбетұлы Кәріповті атамауға хақымыз жоқ. Бұрынғы Көкшетау облысы, Чкалов ауданының шағын ғана Золоторунный селосында дүниеге келіп, сол жерде сегіз жылдық мектепті бітіріп, әрі қарай көршілес Аққұдық (Алабота) ауылында орта білім алған ауыл баласының маңдайына осы өңірде тұңғыш саясаттану ғылымдарының докторы атағын жазыпты.
Ал, басында осының бәрі Целиноград ауыл шаруашылығы институтынан басталған еді. Сол жоғары оқу орнының қабырғасында күндізгі бөлімде оқып, зооинженер мамандығын алған талапты жас әуелі Қотыркөл зоотехникалық-мал дәрігерлік техникумында сабақ береді. Сол жерде көңілі ғылымға ауып, өзі оқыған институттың Көкшетауда ашылып жатқан филиалына жұмысқа ауысады да, сол арадан Мәскеудегі Бүкілодақтық мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына күндізгі бөлімге оқуға түседі. Осыдан бастап, аңғарған жанға Балташ Нұрмұхамбетұлы айналдырған бір он-он бес жылдың ішінде аспиранттықтан Смағұл Сәдуақасов атындағы Көкшетау ауыл шаруашылығы институты оқу бөлімінің бастығы, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры қызметтеріне дейін көтеріліп, өз қабілет-қарымын ерте танытқан азаматтардың санатына кіреді. Қатты желдің күшімен теңізде кең керілген желкендей осы еңбек және оқытушылық жолының бәрінде Бәкеңді ілгері жетелеп келе жатқан басты қасиеті өз мақсатына табандылығы мен білімге деген ерекше ынтызарлығы. Біз атап өткен басты-басты жетістіктерінің ара-арасында да инемен құдық қазғандай қаншама айшықты ізденіс іздері жатыр. Мәселен, сол Мәскеудегі институтта үш жыл оқып, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты атағын қорғап шығады. Онымен бір мезгілде күндізгі бөліміне үлгере жүріп, СОКП Мәскеу қалалық комитетінің жанындағы марксизм-ленинизм университетін бітіріп алады. Қазір керексіз етсек те, бұл оқу да Бәкеңе өз ізденісінде белгілі бір пайдасын тигізгені анық. Тоқсаныншы жылдардың аяғында Еуропаның бірлескен Темпус жобасы аясында Германияның Мюнхен технологиялық институтында және оқып келген. Әрі қарай сырттай Қарағанды «Фемида» заң институтын заңгер, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін саясаттанушы мамандықтары бойынша бітірген Балташ Нұрмұхамбетұлы тоғыз жылдай сол «Фемида» институтының Көкшетаудағы филиалын басқарады да, кейін біржола тағы да Мәскеу жаққа оқуға ойысады. Мұнда 2002-2003 жылдары сырттай М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқып, қол жеткізген әлеуметтік-саяси ілімдер тарихы кафедрасының ізденушісі санаты Балташ Нұрмұхамбетұлында бұрыннан бар еді. Енді 2008-2010 жылдар аралығында осы оқу орнының күндізгі бөлімінде әуелі «Саясаттану» және «Әлеуметтану» кафедрасының тыңдаушы стажері біліктілігінен өтіп, ал, 2013-2016 жылдары тарих және саясат теориясы кафедрасының докторанты ретінде ізденіп, әлемнің осы бір жетекші университеттерінің бірінде өткізген ұзын-ырғасы тоғыз жылының жемісіндей, 2016 жылы жазда Санкт-Петербург университетінде саясаттану ғылымдарының докторы атағын ойдағыдай қорғап шығады.
Сонымен, санай берсең, бір басында осы білім-ғылым жолында сонау ең алғашқы зооинженер оқуынан бастап төрт-бес жоғары білімі мен мамандығы бар мұндай ерік-жігер мен қажыр-қайрат иесін шынымен бұрын-соңды көрмеппіз. Бесінші жоғары білімі айтпақшы, ұмыт қалып барады екен, Ш.Уәлиханов университетінде оқып жүріп алған тарихшы мамандығы. Сонымен, бұл мақаланың өзі арасында атқарған ана қызметі, мына қызметі, отбасы бар дегендей, Бәкеңнің алғаш институт қабырғасынан түлеп ұшқан 1979 жылдан бері осы оқулары мен ғылыми атақтарының бәріне қалай уақыт тапқандығымен де бір ойландырып тастайтындай.
Шынында, мұндай қадамға білім мен ғылымның жолына бар күш-қуатын сарп етуге бақұл адам ғана шыдар. Сондай қасиетті біз сөз жоқ, осы күні саясаттану сияқты көпшілігінің батылы да, ой-өрісі мен білімі де жете бермейтін оқшау салада жүрген Балташ Нұрмұхамбетұлының бойынан көреміз. Рас, Бәкеңнің бұл ет тірлігі, өзі қалаған ғылым түріне деген жанкештілігі кейбіреулерге Мәскеуді жағалап, сол жақтың оқу орнына іш тартқандай, Ресей саясаттану ғылымының көшін сүйрескендей көрінетіні бар. Өйткені, бұл күнде осы салада Б.Н.Кәріпов деген ғалым көршілерімізде өте бағалы. Содан да екені анық, бір өзі Ресейдің саясаттану ғылымына байланысты ондаған беделді кеңестері мен комиссияларына мүше. Соның басты-бастыларын ғана атасақ, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің диссертациялық кеңесінің мүшесі, жоғары оқу орындарының жұмысын бағалайтын халықаралық рейтингтік агенттігінің сарапшысы, Ресей саясаттану қоғамының, Қазақстан және Ресей саясаттану ғылымдары академияларының мүшесі. Сайлау жүйесі және сайлау науқанын ұйымдастыру мәселелері бойынша халықаралық қоғамдық сарапшы болып табылатындықтан, 2021 жылы Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасы Қоғамдық палатасының шақыруымен осы елдің жоғары заң шығарушы органының сайлау науқанына ат салысқан. Бұған қоса, Ресейде саясаттану және әлеуметтану салаларынан жыл сайын өткізілетін халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның тең төрағасы, бірнеше ірі ғылыми журналдардың редакциялық алқасының мүшесі.
Осылай көрші елдегі ғылыми ортада есімі әжептәуір белгілі саясаттанушы ғалым қашан болсын, екі мемлекеттің арасындағы достық, татулық қарым-қатынасты нығайтуға, саяси көзқарастың түзу желісін тартып, оңы мен солын ажыратуға аянбай үлесін қосып келеді. Мұндайда қашанда Балташ Нұрмұхамбетұлы үшін өз елінің мүддесі қымбат, соны үнемі қаперінде ұстап, пікірлер, саяси дискуссияларда салмақты сөзін айтуға кеше, бүгін және ертең де дайын. 2003 жылдан бері бұрынғы «Аманат», қазіргі «Әділет» партиясының мүшесі. Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты, «Ыбырай Алтынсарин» медалімен марапатталған.
Басында ауыл шаруашылығы, кейін саясаттану ғылымдарына ден қойған осы жылдар ішінде саясат мәселелерін қаузаған бес монографиясы тікелей М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде басылып шыққан. Кешегі посткеңестік мемлекеттерді айтпағанда, сондай ғылыми еңбектері бір шеті АҚШ, Жапония, Түркия, Польша елдерінің ғылыми журналдары мен бюллетеньдерінде жарияланған жерлес ғалым өзі сүйіп айналысқан ғылым саласына әрдайым осылай қалтқысыз қызмет етуде. Биыл Мемлекет басшысының қатысуымен ЮНЕСКО шеңберінде Алтын Орда тақырыбына Астанада өткен халықаралық форумға байланысты көлемді сараптамалық мақаласы осы маусым айында «Арқа ажары» газетінде де жарық көрді. Бұл мақаланы ол тарихшы ғалым Марат Өтегеновпен бірлесіп жазды.
Саясаттану ғылымының салмағы қашанда ауыр. Жайшылықта саясат туралы көп айтқанымызбен, нақты өмірде ілуде біреу ғана бұл ғылымға ат басын бұра алады. Сондықтан да, елімізде саясаттану көп оқытыла бермейтін, сирек мамандықтар қатарына жатады. Балташ Нұрмұхамбетұлының да бұл ғылым саласында ат басын Ресейге бұрып, сонда білім алуының бір себебі осы. Оның өзінде бұл көршілес елде де осы сала мамандарын журналистика және тарих факультеттерінде, екі-ақ жерде даярлайды. Ал, осы арада саясаттану елді, мемлекетті басқарудың ежелден келе жатқан негізгі әдіс-тәсілдерінің бірі десек, біздің Мемлекет басшысы да саясаттану ғылымдарының докторы, ал, Вице-Президентіміз саясаттану ғылымдарының кандидаты екендігі де осы сөзімізге әбден сыйып тұр.
Сонымен, осы өміршең салада тынбастан еліне адал қызмет етіп жүрген Ақмола, Көкше өңірлеріндегі бірден-бір саясаттану ғылымдарының докторы, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры Балташ Нұрмұхамбетұлы Кәріповке ертеңгі жетпіс жасқа толатын асқаралы өмір белесінде асыл жары Алтынаймен бірге жасап, ұл-қызы, немере-жиендерінің қызық-қуанышын көріп, ғылым мен ұстаздық тізгінін тең ұстай беруіне тілектестігімізді білдіреміз.
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.
![]()

