Жасыл ел – жасампаз болашақ келбеті

Көкшетауда «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында жастардың басын қосқан маңызды басқосу өтті. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде өткен «Эко-амбассадорлар» атты ауқымды оқыту семинарына Ақмола өңірінің белсенді жастары мен еріктілері қатысып, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жаңа экобастамаларды жүзеге асырудың тиімді жолдарын ортаға салды.

Жиын барысында жас буынға өз өңірінде табиғатты қорғау бағытын дамытуға арналған нақты ұсыныстар айтылып, тәжірибе алмасу алаңы құрылды.

Жалпы, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы игі жұмыстар бұған дейін де өңірдің бірнеше елді мекенінде жүйелі түрде ұйымдастырылған болатын. Атап айтқанда, Көкшетау, Қосшы қалалары мен Целиноград ауданында жастарға арналған арнайы шеберлік сабақтары өтіп, онда қатысушыларға тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, экологиялық таза бұйымдар жасау және күнделікті қолданыстағы заттарға екінші өмір сыйлау тәсілдері жан-жақты таныстырылды. Мұндай шаралар жастардың өз идеяларын еркін жеткізіп қана қоймай, өз бетінше экологиялық жобаларын дамытуына зор мүмкіндік берді.

Семинардың мәні мен маңызы туралы ой бөліскен «Jasyl el» жастар еңбек жасақтары республикалық штабының басшысы Нұрасыл Бекматов Президент бастамасының елімізде екі жылдан бері табысты жүзеге асып келе жатқанын атап өтті.

– «Таза Қазақстан» тек қана сенбіліктерден немесе ағаш отырғызу акцияларынан ғана тұрмайды. Бұл – ауқымды ағартушылық жұмыстардың жүйесі. Жаңадан қабылданған Конституцияның өзінде экология термині, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғатты қорғау ұғымдары алғаш рет нақты енгізіліп отыр. Бұл бүгінде тек жастардың ғана емес, тұтас қоғамның қолдауына ие болған маңызды мәселеге айналғанын көрсетеді, – дейді Нұрасыл Бекматов.

Оның айтуынша, табиғатқа деген жауапкершілік әрбір азаматтың санасында түпкілікті ұялауы тиіс. Өсіп тұрған гүлдерді жұлып немесе жасыл ағаштарды орынсыз кесуге ешкімнің қақысы жоқ. Қоршаған ортаға тиетін зиянды азайтатын бірден-бір құрал – терең білім мен сауаттылық.

– Бұрын қоқысты кез келген жерге тастай салсақ, қазір экологиялық сауаттылықтың арқасында оған мұқият, ақылмен қарайтын болдық. «Таза Қазақстан» – бұл біздің мінез-құлқымызға айналуы тиіс. Экологиялық мәдениеттің құрамдас бөліктері ретінде білім, экологиялық мәселелерді терең түсіну, құндылық, жауапкершілік пен әдепті атауға болады. Қазіргі таңда біз «Жасыл кеңсе» жобасына қатысып жатырмыз және барлық оқу орындарының студенттерін осы бастамаға белсене қосылуға шақырамыз. Бұл – қоқысты үш санатқа бөліп сұрыптаудан басталады. Мысалы, пластикалық бөтелкелерді арнайы қабылдайтын орындарға өткізсек, олар пластикті қайта өңдеп, бізге керісінше әртүрлі қажетті бұйымдар жасап береді. Сондықтан, біз ең алдымен сұрыптау мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Павлодарлық әріптестеріміздің тәжірибесіне сүйенсек, олар картон қағаздың әр килограмын 100 теңгеден қабылдап, оны қайта өңдеу арқылы нарыққа саудалап, экологияға пайда келтірумен қатар бизнес көзіне айналдырып отыр. Қоқыстан да табыс табуға болады, – деді ол.

Жиын соңында жас буынды туған жердің табиғатына жанашыр болуға шақырған спикер ең бастысы халыққа дұрыс идеологияны жеткізе білу керек екенін баса айтты. Осы құндылықтардың мәнін терең түсіндіре алсақ, қоғамның экологиялық мәдениетін түбегейлі өзгертуге болады.

Кездесудің ең маңызды сәттерінің бірі – тамыз айында жарияланған «Үздік экожоба» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды. Іріктеу нәтижесінде үздік деп танылған екі жобаның авторы – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің Орман шаруашылығы факультетінің 4-курс студенті Аяулым Дарханбек пен Топырақтану және агрохимия факультетінің 4-курс студенті Ақсұңқар Қуат марапатталып, өз бастамаларын одан әрі дамыту  үшін 300 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант иегері атанды.

– Өзім «Бір адам – бір ағаш» атты жобаны ұсынған болатынмын. «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасына үнемі қатысып жүремін. Көбінесе жаппай ағаш отырғызылғанымен, кейін олардың қараусыз қалатыны байқалады. Сондықтан, отырғызылған жас көшеттерді ары қарай баптап, өсіруді мақсат еткен осы жобаны қолға алдым. Өз мамандығыма жақын болғандықтан, жинаған тәжірибемді іс жүзінде қолдана отырып, бұл бастаманы сәтті жүзеге асырдым, – дейді жоба авторларының бірі Ақсұңқар Қуат.

Шара соңында белсенділік танытқан барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Ұйымдастырушылардың пікірінше, осындай танымдық семинарлар жастардың экологиялық сауатын арттырып қана қоймай, өңірдегі жаңа экобастамалардың кең қанат жаюына тың серпін берері анық.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар