Ел білген!
Атандым Балуан Шолақ бала күннен,
Ту ұстап, ерлік етіп, тұлпар мінген.
Ешкімге опасы жоқ жалған дүние,
Өттің ғой талай-талай кемеңгерден.
Балуан Шолақ
Атақты Балуан Шолақтың немересі Хайрулла Құдайбергенұлы дүниеден өтті.
Бұланды – қазақтың маңдайына біткен мақтанышы Балуан Шолақтың ізі қалған құтты мекен. Сол Баукеңнің ұрпақтары ата-қонысы болған Қайрақтының жағасын жайлап, табиғаты таңдайыңды қақтыратын Тастыөзекте тамырын тереңге жіберіп, өсіп-өніп келеді. Бір өкініштісі сол Тастыөзекте Балуан Шолақтың қара шаңырағын ұстап отырған балуанның немересі Хайрулла ағамыз дүниеден өтті. Тірі тарих, шежіре еді. Балуан Шолақ жайлы қағазға түспеген тың дүниелерді осы Хайрулла ағамыздың ауызынан еститін едік. Әлі де сұрайтын, әлі де жазып алатынымыз көп еді, амал қанша!
Балуан Шолақтың кіші ұлы Құдайбергеннің баласы Хайрулла Шолақов 1955 жылы 10 наурызда ауданымызға қарасты Қыстау-Қарағай ауылында дүниеге келген. Балуан атасына тартқан қарулы болып өскен Хайрулла бала кезінен күресіп жауырыны жерге тимеді. Кір тасын көтеруден жарыстарда жеңімпаз атанып жүрді. Ол жайлы бірге туған бауырлары: «Хайрулла бала кезден танымал болды. Құрдастарымен және өзінен үлкендермен күресте жеңімпаз атанып жүрген зор қара күштің иесі болды. Наурыз мейрамында кір тасын көтеруде әрдайым жеңімпаз атанатын, бұл туралы аудандық газетке де жазған болатын. Ол туғанда денесі тастай қатты және өте ауыр болған екен. Әкесі оны бөтен адамдардың қолына беруге және бұл туралы тіс жаруға тыйым салады. Бірақ, кездейсоқ жағдайлардың салдарынан ол бөгде адамның қолына түсіп, тіл-көз тиеді. Осылайша ол атасы Балуан Шолақтан дарыған сол бір батырлық күш-қуаттан айырылып қалады. Осыдан кейін оның денесінде қисық тыртық қалды» – деп еске алады.
Қайсы бір жылдары Алматыдан Аян Нысаналин бастаған қазақтың бір топ қаламгер, жазушылары арнайы келіп Тастыөзекке жол тартқанда бірге ере барған едім. Сонда Хайрулла ағамызды алғаш көрдім. Сұңғақ бойлы, екі иығына екі жігіт отырардай еңгезердей, арзан күлкі, бос әңгімені жақтыра қоймайтын тік мінезді көрінді. Шаңырағынан дәм татып, атасы Балуан Шолақ жайлы әкесі Құдайбергеннен естіген естеліктерін айтып еді.
Хайрулла ағамыз туған ауылында мектеп табалдырығын аттады. Мектептен кейін жоғары техникалық колледжді бітіріп, техник-механик мамандығын алды. Жүргізуші, автопарк және гараж шаруашылығының меңгерушісі болды. Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі қорықшы болып та еңбек етті. Нәтижелі еңбегі үшін бірнеше рет Алғыс хаттармен марапатталды. Әріптестерінің арасында сыйлы, отбасында адал жар, аяулы әке бола білді. Атасы Балуан Шолақтың әндерін де сүйіп орындайтын. Әсіресе Балуанның:
«Атадан ұл тумайды мендей сабаз!
Түрмеде жатыр екен өңкей маңғаз.
Алты күн ақ түрмеге қамалған соң,
Түсірді мировойдан маған қағаз…»
деп басталатын әнін ерекше орындайтын.
Әттең, кеудесі қазынаға толы жан еді. Атасы жайлы тың дүние іздеп ауданымызға келген қаламгерлердің бәрі Тастыөзектегі Хайрулла ағамыздың шаңырағын бетке алатын. Амал қанша, өзімен бірге тарих көшіп өткендей орны ойсырап қалды. Жатқан жеріңіз жарық болсын!
Жайнарбек ЗАНДЫБАЙ.
![]()

