Қариясын қадірлеген елдің қазынасы мол

1 қазан – Халықаралық қарттар күні

Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрінде үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу адамгершіліктің биік өлшемі саналған. «Қариясы бар елдің қазынасы бар», «Үлкенге құрмет, кішіге ізет», «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген қанатты сөздер халқымыздың аға буынға деген ерекше ықыласын айқын көрсетеді.

1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Бұл өмірін елдің өсіп-өркендеуіне арнаған аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, олардың еңбегіне алғыс білдіретін ерекше күн. Алайда, қарияға құрмет бір күнмен шектелмеуі керек. Үлкенді сыйлау халқымыздың ұлттық болмысы, отбасылық тәрбиенің негізі, қоғамның рухани тұрақтылығының маңызды тірегі.

Ақмола өңірінің тарихы да аға буынның қажырлы еңбегімен тығыз байланысты. Кезінде тың игеру жылдарындағы ауыр еңбекті бастан өткерген, ауыл шаруашылығын дамытқан, өндіріс орындарын қалыптастырған, мектептер мен ауруханаларда, мәдениет ошақтары мен мемлекеттік қызмет саласында еңбек еткен азаматтар бүгінде құрметті демалыста. Бірақ, зейнеткерлікке шығу – қоғамдық өмірден шет қалу деген сөз емес. Керісінше, бүгінгі таңда ардагерлеріміз қоғам өміріне белсенді араласып, жастар тәрбиесіне, қоғамдық келісімді нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өз үлестерін қосып келеді.

Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің негізгі міндеттерінің бірі де – аға буынның осы қоғамдық әлеуетін тиімді пайдалану, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау және жастармен байланысты одан әрі нығайту.

Өңір басшылығы мен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесі тарапынан аға буынға білдірілген қолдау да ардагерлер қозғалысының қоғамдағы маңызын айқындай түседі.

Біздің мақсатымыз – ардагерлердің әлеуметтік мәселелерін көтерумен ғана шектелмей, олардың өмірлік тәжірибесі мен азаматтық ұстанымын жас ұрпақ тәрбиесіне бағыттау.

Бүгінгі күні Ақмола облысында 121261 ардагер тұрады және облыс тұрғындарының 15 пайызын құрайды. Облыстың ардагерлер ұйымы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы болып табылады. Облыстық ұйым облыс аумағында құрылған 20 аудандық және қалалық филиалдарды, сондай-ақ, 822 бастауыш ұйымдарды біріктіріп, қызметін үйлестіреді.

Облыс ардагерлерінің қатарында бір Ұлы Отан соғысының ардагері, 996 тыл еңбеккерлері, 46 Чернобыль АЭС апатына қатысқан азамат бар, сонымен бірге, Қазақстан Республикасының ерекше еңбегі сіңген – 4, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған – 1, Қазақстанның Еңбек Ері – 1, жалғызілікті қарттар – 3552, оның ішінде әлеуметтік қорғау ұйымдарының қызметімен қамтылған  –2717 адам бар.

Ақмола облысының ардагерлер ұйымы өңірдегі ең ірі үкіметтік емес ұйым болып табылады. Өңірде атқарылып жатқан іс-шараларға белсене атсалысып, қоғамдық өмірде белсенділіктерімен танылуда. Бұған облыстық кеңестің жергілікті жердегі құрылымдарымен атқарып жатқан жұмыстар айқын мысал бола алады.

Ақмола облыстық ардагерлер кеңесіне қарасты аймақтық филиалдармен өткен жылы 16 пленум,   96 төралқа отырыстары,  630 ардагерлер басқосулары өтті. Ардагерлер активтерінің семинарларына  барлығы 2196 адам қатысты.  Көптеген  ардагерлер жастарды патриоттыққа және адамгершілікке тәрбиелеу ісіне, бейбітшілікті нығайтуға және қоғамдық келісімді сақтауға өз үлесін қосуда.

Ардагерлер ұйымдарының жұмысы жүйелі, жоспарлы түрде жүргізілетінін, олар жергілікті атқарушы органдардың ұдайы назарында тұратынын атап өту керек. Әсіресе, ардагерлер қауымына деген облыс басшылығының қамқорлығы, көмегі ерекше.

Өткен жылы Ақмола облысында қарттар мен мүгедек адамдарды әлеуметтік қолдау айлығын өткізу шеңберінде облыстық әкімдіктің қаулысымен қарттар мен мүгедек адамдарды әлеуметтік қолдау айлығын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген еді.

Жалпы, облыс бойынша өткен жылғы айлықта 76186 адамға 804,3 миллион теңгенің әлеуметтік қолдауы көрсетілді. Атап айтсақ, 438 адамға қыстық отын алуға, 18592 адамға дәрілік препараттарды жеңілдікпен сатып алуға, сондай-ақ, азық-түлік жиынтықтары үшін 20649 адамға,  санаторий-курорттық емдеуге бару үшін 935 адамға, материалдық қаржылай көмек 211134 адамға, мал азығын сатып алуға 1371 адамға, БАҚ-қа жазылу үшін 464 адамға қаржылық қолдау жасалса, 6897 адамға волонтерлік және 62 адамға коммуналдық қызмет өтеу секілді көмек түрлері көрсетілді, сондай-ақ, басқа да көмек түрлерімен қамтамасыз етілді. Ардагерлер ұйымдарының белсенділері өткен жылы 850 аға ұрпақ өкілдерінің тұрмыс жағдайын зерделеді, 1317 зейнеткер санаторийлер мен демалыс үйлерінде денсаулықтарын түзеуге барды.

Әдетте, қарттар айлығының басты девизі – «Ешкім де назардан тыс қалмайды», сол себепті осы күндері өтетін қандай да шара болмасын жасы ұлғайған адамдар барынша қамтылады. Өткен жылы облыстағы ардагерлер ұйымдары 1657-ден аса әртүрлі мақсаттағы іс-шаралар өткізді.

Аудандық ардагерлер кеңестері жергілікті атқару органдарына сүйене отырып, қарттар мен мүгедектердің мұқтаждықтарын қанағаттандырумен тек айлық кезінде ғана емес, жыл бойы айналысады. Ақкөл, Целиноград, Есіл, Сандықтау аудандарында кәсіпорындар есебінен ұйымдастырылған әлеуметтік үйлер жүйелі жұмыс істеп келеді, олардың қатары басқа аудандарда да жылдан-жылға толығуда. Қазір облыс бойынша 10 ардагерлер үйі бар. Оларға да ұдайы көңіл бөлініп, ондағы қарттардың тұрмыстық-әлеуметтік және рухани мәселелері шешіліп отырады.

Елімізде ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлық жасау, қарттардың өмір сүру сапасын жақсарту, оның ішінде жүйелі демалысты ұйымдастыру, ішкі шығармашылық әлеуетін жүзеге асыру үшін жағдай жасау, оларды қоғамның белсенді өміріне тарту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып саналады.

Қарт адамдардың әл-ауқаты тек материалдық қолдаумен өлшенбейді. Олардың денсаулығы, қоғамдық белсенділігі, бос уақытын тиімді өткізуі, шығармашылықпен айналысуы, заманауи технологияларды меңгеруі де маңызды. Бұл бағытта Ақмола облысында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарының жұмысы ерекше маңызға ие.

Орталықта шахмат, қолөнер, арт-терапия, вокал, үстел теннисі, компьютерлік сауаттылық, тренажер залы және басқа да бағыттар бойынша сабақтар ұйымдастырылған. Мұндай орталықтар – қарт адамдардың бос уақытын тиімді ұйымдастыратын орын ғана емес, бұл – адамның өзін қоғамға қажет сезінуіне, жаңа орта табуына, денсаулығын нығайтуына және белсенді өмір салтын жалғастыруына мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік институт. Сондықтан, біз мұндай тәжірибені облыстың барлық аудандары мен қалаларына кеңінен тарату мәселесін қолдаймыз.

Қазіргі уақытта облыс әкімі Марат Мұратұлы Ахметжановтың қолдауының арқасында «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары Көкшетау, Степногорск, Қосшы қалаларында,  Аршалы, Атбасар, Бурабай, Ерейментау, Зеренді, Жарқайың, Целиноград аудандарында да қызмет көрсетуде. Осы саланы ары қарай дамытудың арқасында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Көкшетау қаласы мен Зеренді ауданында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары арасында Астана, Шымкент қалалары, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарының қатысуымен Республикалық спорт фестивалі де өтті.

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі бастамасымен құрылған «Дәнекер» жобасы өткен жылдың шілде айынан бастап облысымыздың барлық аймақтарында жүзеге асырылуда. «Дәнекер» жобасының негізгі міндеттері  қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты сақтауға, дауласушылық жайттардың алдын алуға ықпал ету, ұлттық салт-дәстүрімізді, ұрпақ тәрбиесі мен отбасы құндылықтарын насихаттау болып табылады. Осы «Дәнекер» жобасы бойынша облысымызда ардагерлерден жасақталған 164 медиатор жұмыс істейді. Өткен жылдың өзінде  «Дәнекер» жобасы бойынша 338 арыз келіп түссе, оның 272 қаралып, 66-сы бойынша оңтайлы шешімдер шығарылды. Сондай-ақ,  Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің  қабырғасында  «Дәнекер» жобасы бойынша медиаторлардың онлайн оқыту курсы жалғасуда. Онлайн оқыту курсы аудандық, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағаларының және облыстың белсенді ардагерлерінің қатысуымен 36 сағаттық бағдарлама бойынша оқытылып, қатысушыларға курс соңында «Қоғамдық медиатор» сертификаты беріледі.

Сонымен қатар, «Іскерлік және жанашырлық» жобасы да облысымыздың қалалары мен аудандарында жүзеге аса бастады. Бұл жобаның негізгі мақсаты – қала, аудан, ауылдық округтердегі ақкөңіл азаматтар мен жергілікті кәсіпкерлер, бизнесмендердің көмегімен жалғызбасты қарттарға қажетті азық-түлік пакеттерін ай сайын, күнделікті жеткізу, материалдық көмек көрсету. Қалалық, аудандық, ауылдық бастауыш «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестіктері жергілікті кәсіпкерлермен, бизнесмендермен бірлесіп тұрақты және мезгілінде жүзеге асыру мақсатында табыс кірісі төмен, әлеуметтік қолдауға мұқтаж адамдарға көмек көрсету бағытында Меморандумдар қабылданды.

Ақмола облысында аға буынды әлеуметтік қолдау бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. 2025 жылы Қарттар күніне орай облыста ең төмен және одан төмен зейнетақы алатын 34 226 зейнеткерге біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілген. Төлем көлемі 2-ден 5 АЕК-ке дейін болып, жалпы сомасы 396 миллион теңгеден асқан. Мұндай қолдау шаралары – мемлекет пен қоғамның қарт адамдарға деген жауапкершілігінің нақты көрінісі. Сонымен бірге әлеуметтік көмек тек материалдық сипатта болмауы тиіс.

Жалғыз тұратын қарттың жағдайын сұрау, сырқат адамның үйіне бару, қоғамдық көлікте үлкенге орын беру, көшеде қарияға жол беру, оның сөзін тыңдау – қарапайым көрінгенімен, адамгершіліктің үлкен көрінісі. Қария өзін қоғамға қажет сезінген жерде – өмірге деген құштарлық та арта түседі.

Бүгінгі қоғам алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – ұрпақтар сабақтастығын сақтау. Осы бағытта Ақмола облыстық ардагерлер кеңесі «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» жобасын жүйелі түрде жүзеге асыруға ерекше мән беріп отыр. Бұл жобаның басты мақсаты – аға буынның өмірлік тәжірибесін жастарға жеткізу, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу, отбасылық құндылықтарды нығайту, жастарды адал еңбекке, отансүйгіштікке және жауапкершілікке тәрбиелеу.

Ардагерлердің мектеп оқушыларымен, студенттермен, жастар ұйымдарымен кездесулері осы жұмыстың маңызды бөлігіне айналуда.

Қарияның өмір жолы – дайын тәрбие мектебі. Оның соғыс пен еңбек жылдарындағы көргені, елдің қалыптасу кезеңіндегі тәжірибесі, қиындыққа мойымай еңбек етуі, отбасын сақтауы, бала тәрбиелеуі – жас ұрпаққа берері мол өнеге. Біз жастарға өткен тарихты құр сөзбен емес, нақты тұлғалардың өмір жолы арқылы танытуымыз керек. Отанға адал қызмет еткен еңбек ардагері – еңбекқорлықтың үлгісі. Ақ жаулықты әже – отбасы берекесінің, ұлттық тәрбиенің үлгісі. Ақсақал – ел бірлігінің, сабыр мен парасаттың үлгісі. Осындай өнегені жас ұрпаққа жеткізу – ардагерлердің қасиетті борышы. Сондықтан, облыстық ардагерлер кеңесі алдағы уақытта білім беру ұйымдарымен, мәдениет мекемелерімен, жастар ресурстық орталықтарымен және мемлекеттік органдармен бірлескен жұмысты күшейте береді.

Біздің бастамаларымыздың қатарында «Үлкенді құрметтеу – ұлттық дәстүр», «Кітаппен келешекке», «Алтын Орда – тарихи сана мен бабалар аманаты», «Дәстүр мен дін үндестігі», «Жастар тәрбиесі – ұлт болашағы» сияқты бағыттар бар. Мұның бәрінің түпкі мақсаты бір – ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, елжанды, білімді, еңбекқор және жауапты ұрпақ тәрбиелеу. «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» жобасын іске асыру мақсатында үстіміздегі жылдың  қыркүйек айында  Қорғалжын ауылындағы аудандық мәдениет үйінде Ақмола облыстық ардагерлер кеңесі аудандық және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағаларымен екікүндік көшпелі семинар өтті.

Халықаралық қарттар күні – бізге бір маңызды ақиқатты тағы бір мәрте еске салады. Бүгінгі жас – ертеңгі қария. Бүгін біз үлкендерімізге қандай құрмет көрсетсек, ертең өзіміз де сондай құрметке ие боламыз. Сондықтан, қарттарды қолдау – тек мемлекеттің немесе ардагерлер ұйымының міндеті емес, бұл – әр отбасының, әр азаматтың, бүкіл қоғамның ортақ парызы.

Ақмола облыстық ардагерлер кеңесі алдағы уақытта да аға буынның әлеуметтік жағдайын жақсартуға, қоғамдық белсенділігін арттыруға, олардың ұсыныстары мен бастамаларын қолдауға және ең бастысы – ұрпақтар арасындағы алтын көпірді нығайтуға күш салады.

Құрметті ақмолалық ардагерлер, ардақты ағалар мен ақ жаулықты әжелер! Сіздер – біздің елдің өткені ғана емес, бүгінгі рухани тірегі, болашаққа бағыт берер ақылман буынысыздар. Сіздердің елге сіңірген еңбектеріңіз ешқашан ұмытылмайды.

Барша аға буын өкілдеріне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық пен береке, бала-шаға, немере-шөберелеріңіздің қызығын көруді тілеймін. Әр шаңырақта қарияның ақ батасы айтылып, әр отбасында үлкенге деген құрмет орнасын!

Қариясы қадірлі елдің іргесі берік, ұрпағы өнегелі, болашағы баянды.

Ермек НҰҒЫМАНОВ,
Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар