Көкшетау қаласындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Халықаралық қарттар күніне арналған «Аға буын – асыл қазынамыз» атты мерекелік іс-шара өтті.
Іс-шараны «Әділет» партиясының Ақмола облыстық филиалы ұйымдастырды. Кездесудің басты мақсаты – аға буынға құрмет көрсету, олардың қоғамның дамуына қосқан үлесін атап өту, сондай-ақ ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, өмірлік тәжірибе мен салт-дәстүр сабақтастығын сақтау.
Мерекелік шараға аға буын өкілдері, қоғам белсенділері мен шығармашылық сала өкілдері қатысты. Қонақтарға ұлттық мәдениет, салт-дәстүр және ұрпақтар сабақтастығы арқау болған концерттік бағдарлама ұсынылды.
Іс-шара барысында «Әділет» партиясы Ақмола облыстық филиалының басшысы Берген Беспалинов құттықтау сөз сөйлеп:
«Аға буын – өткен мен бүгінді жалғайтын маңызды алтын көпір, кейінгі ұрпаққа өмірлік тәжірибе мен даналықтың қайнар көзі. Сіздер өз еңбектеріңізбен еліміздің дамуына зор үлес қостыңыздар. Біздің міндетіміз – аға буынның еңбегін бағалап, өмір жолына құрметпен қарап, олардың тәжірибесін жастарға жеткізуге жағдай жасау. Ұрпақтар сабақтастығы – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық пен шаңырақтарыңызға береке тілеймін!» – деді.
Іс-шараның құрметті қонағы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бисара Макенова ұйымдастырушыларға аға буынға көрсетіп отырған құрметі үшін алғысын білдіріп, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының тұрғындарымен кездесуге мүмкіндік туғанына қуанышты екенін жеткізді.
«Бүгін осы тамаша орталыққа алғаш рет келіп отырмын. Осындай керемет концерт ұйымдастырып, аға буынға көңіл бөліп отырғаны үшін «Әділет» партиясына үлкен алғысымды білдіремін. Сондай-ақ Ақмола облысының әкімі Марат Мұратұлына Көкшетау қаласында осындай маңызды Белсенді ұзақ өмір сүру орталығын ашып, қолдау көрсеткені үшін айрықша алғыс айтқым келеді. Үлкенді сыйлау – халқымызға ежелден тән қасиет. Мұндай кездесулер жастармен араласуға, тәжірибемізбен бөлісуге, өз біліміміз бен өнерімізді кейінгі ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді. Аға буынның өмірлік тәжірибесі кейінгі ұрпақ үшін әрдайым қажет деп есептеймін», – деді Бисара Макенова.
Мерекелік бағдарламаның ерекше бөлігінің бірі – Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының келушілері дайындаған шығармашылық жұмыстардың көрмесі болды. Көрме барысында сәндік-қолданбалы өнер туындылары, картиналар, тоқылған бұйымдар, қыштан жасалған жұмыстар, сөмкелер және басқа да қолөнер бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды.
Көрме орталық келушілерінің шығармашылық қабілетін, шеберлігін және белсенді өмір салтын айқын көрсетті. Әрбір бұйымнан авторлардың талғамы, еңбегі мен өмірлік тәжірибесі көрініс тапты.
Мерекелік шара аясында «Оқжетпес» ансамблі, домбырашылар ансамблі және жас өнерпаздар өнер көрсетті. Көрермендерге дәстүрлі және эстрадалық шығармалар орындалып, мерекелік көңіл күй сыйлады.
![]()

