Мансаптық өсудің сапалық деңгейі сақталуда

Мемлекеттік қызмет

Меритократия қағидаты мемлекеттік қызметті кәсібилендірудің іргелі тетігі болып табылады. Осы принциптің жүйелі іске асырылуы нәтижесінде өңірде мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық өсуінің оң серпіні байқалады. Мұндай ілгерілеу қызметкерлердің айрықша жетістіктеріне, сондай-ақ, олардың жоғары кәсіби және тұлғалық құзыреттіліктеріне негізделген. Бұл көрсеткіштердің артуы өңірдегі «мансаптық модельдің» жүйелі жұмыс істейтінін айғақтайды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті жүргізген 2025 жылдың мониторинг қорытындысы өңірдегі жергілікті атқарушы органдарда меритократия қағидатының жүйелі түрде сақталатынын растайды.

Атап айтқанда, 2025 жылы жоғары тұрған лауазымдарға 179 қызметші, соның ішінде ішкі конкурстардың нәтижелері бойынша 117, ауыстыру тәртібімен 56, қызметті бағалау нәтижелері бойынша 6 қызметші тағайындалды. 2024 жылы бұл көрсеткіш 163, ал, 2023 жылы 130 қызметшіні құраған болатын.

Бұл үрдіс мемлекеттік қызметтің танымалдығын арттырып қана қоймай, жергілікті атқарушы органдардағы басқарушы буынның сапалық құрамын жақсартуға мүмкіндік береді.

Өңірдегі мемлекеттік қызмет жүйесінде кадрлардың мансаптық ілгерілеуін қамтамасыз етумен қатар, гендерлік саясатты іске асыру мәселесіне басымдық беріледі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметшілердің жалпы санының 1890-ын немесе 65,3 пайызын әйелдер құрап отыр.

Жалпы алғанда, облыстың мемлекеттік қызметінің басшылық лауазымдарында 441 әйел жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш жалпы басшы құрамның 44,2 пайызын құрайды.

Мемлекеттік қызметтегі гендерлік саясат – мемлекеттік басқару жүйесінде азаматтардың тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық басымдықтардың бірі. Қазіргі таңда мемлекеттік органдардағы кадрлық құрамды қалыптастыру барысында меритократия қағидатымен қатар, әйелдердің шешім қабылдау деңгейіндегі үлесін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметте гендерлік сезімталдықты дамыту үшін кәсіби іріктеу және ілгерілету кезеңдерінде ешқандай кемсітушілікке жол бермеу тетіктері жолға қойылған.

Осылайша, мемлекеттік сектордағы гендерлік саясат тек теңдікті жариялаумен шектелмей, кәсіби ортада әділ бәсекелестік пен инклюзивті мәдениетті орнықтырудың негізгі құралына айналуда.

Жазира СЕЙІТМАҒАНБЕТОВА,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша
департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар