Жомарт күздің өнімдері ұсынылды

Жәрмеңке

Көкшетауда Қарттар күніне орай, Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қала тұрғындарына 200 тоннадан астам жаңа өнім ұсынды.

Сауда 50 павильонда орналасқан 100 сауда орнында ұйымдастырылды. Сөрелерден сатып алушылар арасында сұранысқа ие өнімдердің түр-түрі орын алды. Атап айтқанда, 50 тоннаға жуық ет өнімдері, 20 тонна сүт өнімдері, сондай-ақ, шамамен 40 тонна көкөніс пен картоп әкелінді. Сонымен қатар, жәрмеңкеден балық, жұмыртқа, ұн, жарма, өсімдік майы, жомарт күз өнімдері мен көшеттерді сатып алуға мүмкіндік туғызылды.

– Жәрмеңкеге облыстың он ауданынан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысып отыр. Тұрғындардың ұсынылған өнімдерге қызығушылығы жоғары екені байқалады. Мұндай жәрмеңкелер ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін игі дәстүрге, ал, тұрғындар үшін қажетті осы өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік беретін шараға айналды, – дейді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан.

Жәрмеңке қазан айында өтетін Қарттар айлығы аясындағы шаралардың бірі. Осы кезеңде өңірде аға буын өкілдерін қолдауға бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарланған.

Жәрмеңкеде, әсіресе, тұрақтандыру қорындағы өнімдерге сұраныс жоғары болды. Қала тұрғындарына сиыр еті, қант, күріш, бірінші сұрыпты ұн, тұз, күнбағыс майы, макарон өнімдері, сондай-ақ, картоп пен сәбіз нарықтағы бағадан 10-15 пайызға төмен бағамен ұсынылды.

– Жәрмеңке өткен сайын осында келіп, қажетті азық-түліктерімді сатып аламын. Бүгін Зеренді ауданының сауда орнынан жылқы етін алдым. Еттің жаңа сойылып әкелінгені бірден көрініп тұр, бағасы да қолжетімді. Мұндай жәрмеңкелер тұрғындар үшін өте пайдалы. Өйткені, сапалы азық-түлік өнімдерін арзандау бағамен сатып алуға әбден болады, – дейді қала тұрғыны Салима Сахаева бізбен әңгімесінде.

Шынында, мұндай жәрмеңкелер бүгінгідей қымбатшылық заманда жалғыз қарттарымызға емес, қай отбасына болсын керек екендігін айтпасақ та түсінікті.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар