Үшжақты келісім
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Бельгия Королі Филипп пен Королева Матильданың қатысуымен өткен Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесі аясында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов бельгиялық Linagro NV және Scaldis-Ruien NV компанияларымен үшжақты келісімге қол қойды.
Ақмола облысы агроөнеркәсіптік кешен мен сирек жер металдарын өңдеу салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп келеді. Бүгінгі таңда австралиялық инвесторлармен Степногорск қаласында құны 150 миллион АҚШ долларын құрайтын жобаны іске асыру мәселесі қарастырылуда. Бельгиялық компаниялармен жасалған келісім Ақмола облысында өндірілетін майлы және дәнді дақылдар экспортының көлемін ұлғайтуға және жеткізу географиясын кеңейтуге бағытталған. Жоспарға сәйкес өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдері Балтық порттары мен Бельгия арқылы Еуропа нарықтарына жеткізілетін болады.
– Ақмола облысы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені дамыған жетекші өңірлерінің бірі. 2026 жылы майлы дақылдардың егіс алқабы 838 мың гектар болды. Қазіргі уақытта облыста астықты терең өңдейтін екі зауыттың құрылысы жүргізілуде. Біз инвесторлар үшін барлық қажетті жағдайды жасап, жобаларды басынан аяғына дейін сүйемелдейміз. Майлы дақылдар экспортын ұйымдастыру кезінде логистика мәселелерін шешуге бельгиялық компанияларға да қолдау көрсетуге дайынбыз, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – сирек металдарды өңдеу. Aqmola Invest алаңында өңір басшысы тұрақты магниттер өндіруге арналған сирек жер металдарының аралас карбонатын шығаруға маманданған австралиялық Lindian Resources Ltd. компаниясының өкілдерімен кездесті. Мұндай магниттер жартылай өткізгіштер өнеркәсібінде, соның ішінде электромобильдерге арналған аккумуляторлар мен компьютерлік чиптер өндірісінде қолданылады.
Тараптар Степногорск қаласында жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды жаңартуды және сирек жер шикізатын өңдейтін жаңа зауыт салуды көздейтін, құны 150 миллион АҚШ долларын құрайтын жобаны талқылады. Жоба аясында 228 жұмыс орнын құру, оның ішінде тоқтап тұрған өндірістегі 144 жұмыс орнын қалпына келтіру жоспарлануда. Жергілікті бюджетке жыл сайын кемінде 300 миллион теңге салық түседі деп күтілуде.
Жобаны іске асыру үшін Степногорск қаласының таңдалуы кездейсоқ емес. Қалада қажетті өнеркәсіптік база мен білікті мамандар шоғыры бар. Болашақта инвесторлар мұнда жартылай өткізгіштер өнеркәсібінде және басқа да жоғары технологиялық салаларда сұранысқа ие тұрақты магниттер өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда мұндай өндіріс әлемде тек Қытай мен Эстонияда бар. Осылайша, бұл жоба жүзеге асқан жағдайда, Степногорск осындай өндіріс ошағы орналасқан әлемдегі үшінші алаңға айналуы мүмкін. Жаңа зауыт өңірге аралас кәсіпорындарды тартуға, машина жасауды дамытуға және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге де мүмкіндік береді.
Австралиялық инвесторлар ұсынған технология қоршаған орта мен халықтың денсаулығына қауіпсіз. Өндіріс барысында радиоактивті шикізат пайдаланылмайды және технология заманауи халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.
Жоба Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі мен салалық министрліктердің бақылауында ұсталуда. Облыс әкімі инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге және өз құзыреті шеңберінде туындаған мәселелерді жедел шешуге жәрдемдесуге дайын екенін қуаттады.
Екі бағыт та Мемлекет басшысы алға қойған ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін ұлғайту, маңызды минералдар саласын дамыту және қосылған құны жоғары өндірістерді құру жөніндегі міндеттерге толық сай келеді.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
![]()

