«Көкше-нанды» ел біледі

16 қазан – Дүниежүзілік нан күні

Облыс орталығы Көкшетау қаласында нан-тоқаш және тәтті кондитерлік өнімдерді тұтынушыларға ұсынып отырған бірнеше іргелі кәсіпорын жұмыс істейді.

Солардың ішінде Дүниежүзілік нан күні қарсаңында көкшеліктердің ақ дастарқанына сән мен береке сыйлап жүрген «Көкше-нан» серіктестігінің жұмысын ерекше атап өтуге болады. Ас атасы – нан. Халқымызда «Нан бар жерде – ән бар», «Береке басы – нан» деп тегін айтылмаса керек. Өйткені, тамақ өндірісі, әсіресе, нан пісіру саласы қашанда асқан жауапкершілік пен маңдай терді талап етеді. Күн сайын халықты ыстық әрі сапалы нан өнімімен қалыпты түрде қамтып отырған наубайхана ұжымының бұл еңбегі шын мәнінде зор құрметке лайық.

Еліміздің экономикасы қиындыққа ұшыраған тоқыраулы 90-жылдардың өзінде кәсіпкерлік жолды батыл таңдаған азаматтардың бірі – бүгінгі «Көкше-нан» серіктестігінің бас директоры Мұхтар Оразбаев еді. Ол кісі өзі бұл іргелі істі 2000 жылы бастағанын жеткізді.

– Негізгі мамандығым машина құрастырушы болғанымен, жеке кәсіпке деген икемімді ертерек байқадым. Елдегі қиын кезеңде қаладағы алғашқылардың бірі болып «Жайық» фирмасын аштым. Ал, 1993 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында «Целинник» серіктестігін құрып, егін шаруашылығымен айналыстым. Сол кездің ауыртпалығына қарамастан, жұмыс орындарын ашып, солтүстіктің қатал ауа райына төтеп беретін бидай тұқымдарын шығаратын шаруашылықтың негізін қаладым. Кейін уақыт орнына келе, Көкшетауға қайтып оралып, осы нан зауытын аштым. Міне, жиырма жылдан астам уақыттан бері осы серіктестікті басқарып, 50-ден астам нан, тоқаш және кондитерлік өнімдерді тұтынушыларға ұсынып келеміз, – дейді Мұхтар Хасенұлы.

Бүгінгі таңда бұл серіктестік тек нан пісірумен ғана шектелмей, жоғары, бірінші және екінші сортты ұн өндіретін заманауи диірмен кешенін де сәтті іске қосып отыр.

Алтын дәннің таза ұнға айналып, пеште қып-қызыл болып пісіп шығуы – нағыз сиқырлы өнер секілді. Қамыр иленіп, баппен көтерілген сәтте наубайхана іші берекелі хош иіске оранады. Пеш аузынан бұрқырап шыққан ыстық нанның жұпары әрбір шаңыраққа шуақ сыйлап, көкшеліктердің әр таңын нұрға бөлейді.

Кәсіпорын басшысы тек өнім сапасын ғана қатаң қадағалап қоймайды, ол әлеуметтік жауапкершілікті әрдайым биік ұстайды. Жұмысшылардың айтуынша, ұжым мүшелеріне әлеуметтік-материалдық қолдау көрсетіліп, мүмкіндігі шектеулі жандар мен соғыс ардагерлеріне теңестірілген жандарға, тыл еңбеккерлеріне тұрақты түрде көмек көрсету игі дәстүрге айналған.

Сонымен қатар, жас мамандарға тәлімгерлік жасап, ізін басар ізбасарларды тәрбиелеуге де айрықша мән беріледі.

Ширек ғасырға жуық уақыттан бері табан аудармай бір шаңырақ астында адал еңбек етіп келе жатқан ардагерлер – кәсіпорынның мақтанышы. Осы жолдың басында тұрған Қарлығаш Қапашева, Бақытгүл Маштиева, Хапия Төлемісова, Назигүл Смағұлова, Шынар Иманбердинова, Самат Рақымжанов, Жанат Дәулетов, Әсемгүл Тасболатовалардың 20 жылдық елеулі еңбегі бүгінгі жас буынға таптырмас үлкен үлгі-өнеге. Осындай шебер наубайшылар мен технологтардың, кондитерлер мен қамыр илеушілердің қолынан шыққан «Көкше-нан» өнімдері бүгінде Көкшетау мен Ақмола облысының барлық өңірін түгел қамтып отыр.

Наубайшы мамандығы ерекше төзімділікті, ұқыптылықты және үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Қамырды баппен дайындау, оны қалыпқа келтіру, пісіру үдерісін қатаң қадағалау – әрқайсысы өз алдына бөлек маңызға ие бір-бір кезең. Тіл үйіретін дәмді, жұмсақ әрі қызарып піскен нанды шығару үшін талмайтын еңбек осы кәсіпке сүйіспеншілік керек. Әрбір бөлке нанның артында қажырлы ізденіс пен үлкен тәжірибе жатқаны анық.

Бірлік пен еселі еңбектің арқасында түтіні түзу ұшқан «Көкше-нан» ұжымы алдағы уақытта да ел сенімін абыроймен ақтап, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыра берері күмәнсіз. Қарапайым нанның астарында таудай маңдай тер мен жүрек жылуы жатыр. Туған жерге деген шексіз сүйіспеншілік пен адалдық көрініс тапқан бұл ұжым үшін халықтың дастарқанын берекеге толтыру ең қасиетті борыш саналады.

 Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар