Тың өңірінен ескен леп

Белгілі жазушы-журналист, қоғам қайраткері, жерлесіміз Мәди Хасеновтың туғанына – 90 жыл

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ

Жазушы Мәди Хасенов өзінің көркем шығармаларымен республикамыздың оқырман жұртшылығына жақсы таныс. Ол Зеренді ауданына қарасты Қошқарбай ауылында туған. Кіндік қаны тамып, балалық шақтың бал дәуренін өткізген осы жердің қарағайлы, таулы, қалың орманды көркем табиғаты өнерге талпынған жас азаматтың әсемдікті, көркемдікті ерте танып, ой қабілетін өрлетуге шарапатын тигізгені сөзсіз.

Туған жердің сол көркем келбеті, жаны жомарт,  көңілі дарқан адамдары оның сонау елуінші жылдарда, студент кезінде жазған алғашқы әңгімелеріне де арқау болған-ды.

Университеттің соңғы курсында оқи жүріп, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет қадамын бастаған. Мәди сол 1961 жылы Целиноградта шыға бастаған «Тың өлкесі» газетіне жолдама алды. Тыңдағы өмір тақырыбына арнап жаза бастаған әңгімелері мен болашақ көлемді шығармаларының кейіпкерлерін алғаш осы өңірде жолықтырды. Көркем әдебиетке деген ынта-ықылас, жазуға деген талап-талпыныс көп ұзамай өз жемісін бере бастады. Жас прозаиктердің «Шұғыла» атты көлемді жинағында Мәдидің бір топ әңгімелері жарияланды.

Журналистік қызмет пен жазушылық еңбекті ұтымды ұштастыра білген Мәди ширек ғасырдан астам уақыт бойы өлкелік, облыстық газеттердің сапалы да мазмұнды шығуына елеулі үлес қосып келеді. Қат-қабат газет жұмысына орай жолсапарға жиі аттануы, алуан тағдырлы адамдармен, жылқышылармен, сәулетші-құрылысшылармен кездесіп, сұхбат құруы жазушының тақырып  ауқымын кеңейтіп, әдеби қорын молайта түскені сөзсіз.

Мәдидің «Алғашқы ән» деп аталатын тұңғыш әңгімелер жинағы 1969 жылы жарық көрді. Бұл жинаққа бүгінгі өркенді ауыл өмірін, жарқын жандардың достығы мен махаббатын суреттейтін таңдаулы әңгімелері енген.

Жазушының екінші кітабы «Тұлпардың дүбірі» деп аталды. Автордың бұл тақырыпты таңдауының өзіндік сыры бар. Сонау қырқыншы жылдары жоғарыда аталған Қошқарбай тауының бір шоқысы Айдарлының бауырында ару мойнынан түсіп қалған күміс алқадай жалтырап жатқан Қоскөл жағасында анасы бие байлап, қымыз баптағанда, Мәди ат құлағында ойнап өскен жасөспірім бала еді. Аталмыш повестің түп тамыры содан бастау алатын тәрізді.

Повесть тартысқа құрылған. Ол тартыс жылқышы жігіт Түнқатар мен совхоз директоры Қабеннің арасында басталады да, соңынан Мерген, Құрымбай сияқтыларды да иіріміне үйіріп әкетеді. Халқымыздың ұлттық тағамы, шипалы сусыны қымыз ашытуды жолға қою жайындағы жылқышы ойының дұрыстығына ешкім де шүбә келтіре алмайды. Бұл жайындағы Қабен пікірі де нанымды. Оның да алға тартар дәлелдері, себептері бар. Құралай мен Түнқатар арасындағы махаббат та оқушыны еліктіріп отырады. Көп кейіпкерлер дараланып, жеке басының қасиеттерімен, ерекшеліктерімен көз алдыңа келеді.

Жазушының «Жалын» баспасынан шыққан «Қайсар» повесі бүгінгі таңдағы өте бір актуальді тақырыпқа арналған. Автордың айтайын дегені, қалада институт бітірген Қайсар есімді азаматтың ауылға мәдениеттің туын ала барып тіккені. Қайсар және қандай институт бітірді дейсіз ғой? Оның тәмамдағаны – мал дәрігерлік-зоотехникалық институт. Сырт қарағанда мұны бітіргендердің мәдениетке тікелей қатысы жоқ, оларға ауылға барғанда мәдени-ағарту жұмыстарына неге араласпадың деп сын айту да қиын. Ал, «Қайнарға» келе сала Қайсар совхоз малына қам жасаумен қатар, клуб жұмысын жақсартуды, көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастыруды қолға алады. Қайсардың әрекеті бұрын қазақтың көркем шығармаларында көп қорғалмаған, көтерілмеген тақырып. Осындай жаңашыл, мәдениетке жанашыр жас маман Қайсар тұлғасын Қайыр, Әмірхан, Әміртай сияқты жағымды-жағымсыз кейіпкерлер бейнесі толықтыра түседі.

Тың өңіріндегі журналистік қызметтің алғашқы он жылы Мәдидің жазушылық қаламын әжептәуір шыңдап, өмірден көрген-білгенін әлдеқайда молайта түскендей. Көкейде сараланған осы дүниелерді көркем шығармаға айналдыру үшін енді әңгіме, тіпті повестің өзі тарлық ететіндей еді. Әдебиеттің күрделі жанрына ол осылайша қол созды. Бұған оның алғашқы романы «Нар тәуекел» толық дәлел. Кезінде осы шығармаға редактор болғаным бар еді. Сондықтан да роман оқиғасы, ондағы кейіпкерлер маған жақсы таныс. Бұл – өмірдің ылдиында ығып қалмай, оның өріне, құз қиясына өршелене құлаш сермеген адамның тәуекелі. Бұл – қашан да қоғам мүддесін қорғап, сол үшін өзінен дәрежесі жоғары, мансабы биік басшылармен жағаласуға дейін барған батыл адамның тәуекелі болатын.

Романның негізгі арқауы – тәуекелшіл жас маман, басшылық жұмысқа жаңада ғана жолдама алған совхоз директоры Мағжанның қызық та қиын қызмет жолы, сан тарау іс-әрекеті. Бірақ, Мағжан күрес жолында жалғыз емес. Өзіне үлгі тұтып, әділдігін, адамгершілігін сезіне, сүйсініп жүретін парасатты партия қызметкерлері Ақжан Келдібеков, Георгий Павлович Адамов оған әрқашан қол ұшын беріп отырады.

Ал, совхоздың бас зоотехнигі Қапез Қалтаев, аудандық және облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары Орай Қазтаев пен Коршуновтың түйіс-талғамы, жұмыс стилі бұларға мүлдем кереғар. Осынау екі топтағы кейіпкерлердің бір-бірімен қақтығысы романда бірден-бірге асқынып, шиеленісіп, Мағжан, Ақжан, Орай, Қапез бейнелері тартыс үстінде тұлғалана, сомдала түседі.

«Нар тәуекел» романы «Жұлдыз» журналы ұйымдастырған «дөңгелек үстелде» талқыланып, партия қызметкерлері мен ауыл шаруашылығы мамандарынан жақсы баға алғаны да есімізде.

Жазатын тақырыбын бүгінгі өмірден таңдап, замандастарымен бірге өсіп келе жатқан Мәди жетпісінші жылдардың аяғы мен сексенінші жылдардың басында өз оқырмандарына деректі әңгімелер мен очерктерден құрылған үш кітап ұсынды. Олар «Берлинді алған батырлар», «Тың тарландары» және «Қайнар бұлақ» деп аталады. Әрқайсысының көтеріп тұрған өз жүгі, оқырман көңіліне қозғау салар ой тұжырымы, жас ұрпақ тәрбиесіне қосар қомақты үлесі бар.

Мәди Хасеновтың таяу жылдары жазып бітірген романы «Тайталастың» да тағдыры қызық. Тың игеру тақырыбына арналған бұл романның өмір шындығын сипаттауы жағынан өзіндік өзгешелігі бірден көзге шалынады. Мұнда Қазақстанның солтүстік өлкесіндегі тың жерлерді игеріп, халық кәдесіне жарату жолындағы үлкен жорық бастан-аяқ қамтылмай, соның ең бір қиын кезеңі, түйінді проблемалары суреттелген.

Алпысыншы жылдардың басында тың атырабында көтерілген қара дауыл  барған сайын үдеп, жүздеген мың гектар егінжайдың бетіндегі құнарлы қабатты шаң-тозаңға айналдырып, әлдеқайда ұшырып алып кетіп жатты. Тың табиғатының осы оқшау құбылысына үлкен күдікпен қарап, бұл жерден үміті азайып, көңілі суи бастағандар да болмай қойған жоқ. Алайда, өз кәсібіне жан-тәнімен берілген, Жер-Ананы сүйе білген байырғы диқандар табиғаттың жел эрозиясы сияқты алапатына тосқауыл қойып, оған қарсы күрес жүргізудің әдіс-тәсілдерін іздегені белгілі.

«Тайталас» романы, міне, осындай тартысқа құрылған. Бұл табиғаттың қатыгез құбылысы мен адамдар арасындағы тайталас. Бұл – өз ісіне шын берілген диқандар мен билігі мол, бұйрығы өктем адамдар арасындағы тайталас. Бұл – ғылыми ізденіс пен көп жылғы тәжірибенің қарадүрсін іс-әрекетке қарсы тұрған тайталасы.

Әрине, әлі жарыққа шығып үлгермеген («Тайталас» романы «Жалын» баспасынан алдағы жылы жарияланбақ) шығарма жайында үзілді-кесілді пікір айту қиын. Дегенмен, бүгінгі заман тақырыбына сәтті қалам тербеп жүрген автордың бұл жаңа туындысы да оқырман жүрегіне жол табады ғой деп ойлаймын.

СССР Жазушылар одағының мүшесі, коммунист қаламгер Мәди Хасенов партиялық баспасөздегі ширек ғасырлық жемісті еңбегі үшін «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» деген құрметті атаққа және басқа да наградаларға ие болды.

Өзінің мүшел тойын әдебиет пен журналистика саласындағы елеулі еңбегімен қарсы алғалы отырған қаламдас досымыздың алдағы уақытта да жемісті еңбек ете беруіне тілектеспіз.

 (29 ноябрь 1986 жыл).

Өмірбаяны:

Мәди Хасенұлы Хасенов 1936 жылы Зеренді ауданы, Қошқарбай ауылында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң Көкшетау педагогикалық училищесін тәмамдап, Үлгілі бастауыш мектебінде бір жыл мұғалім болып істеген. 1955-1961 жылдары ҚазМУ-дің филология факультетінің журналистика бөлімін бітірген соң «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби қызметкер, кейін «Тың өлкесі» газетінде тілші, одан әрі облыстық «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») газетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарды.

«Алғашқы ән» тұңғыш әңгімелер жинағы 1969 жылы жарық көрді. Одан кейінгі жылдарда «Тұлпардың дүбірі», «Қайсар», «Тайталас», «Қайнар бұлақ»  атты кітаптары мен «Нартәуекел» романы, «Берлинді алған батырлар» очерктер жинағы баспадан шықты.  Қайтыс болғаннан кейін бертін «Қиянат» романы оқырмандар қолына тиді.

Әр жылдары жазушының қазақ әдебиеті мен баспасөзіне сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды және «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағына ие болды.

Өмірден 56 жасында, тым ерте өткен қаламгердің есімі бұл күнде өз туындыларымен бірге жасауда. Жазушы туып-өскен Қошқарбай ауылының мектебіне аты берілген. Сондай-ақ, Астанадағы тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылған.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар