Сегізінші белеске бет түзер ғұмырымда сыйласқан, құрмет тұтқан ағаларым аз емес деп айтуға құқығым бар. Солардың қатарында белгілі жазушы Мәди Хасенов ағаның өзіндік орны ерекше.
Мәди ағаны әуелде сырттай облыстық, республикалық газет-журналдарда жарияланған көсемсөздері, мақала, очерктері арқылы білетінмін. Облыстық «Коммунизм нұры» газетінің бөлім меңгерушісі екенін 1971 жылы осы шығармашылық ұжымға қызметке келгеннен кейін білдім.
Кейін қарамағында, бір бөлімде қызмет етудің сәті түсті. Сол жылы маусым айында корректорлық міндетті атқарып жүріп, тамыз айында Мәди аға жетекшілік ететін газеттің мәдениет бөліміне кіші әдеби қызметкер болып қабылдандым.
Ол кезде газет аптасына бес рет шығады. Сегіз бөлім бар. Хаттар да күнделікті келіп жатады. Біздің бөлімнің үлесі қомақты. Көбі өлең, әңгіме, жергілікті тілшілердің елді мекендердің тыныс-тіршілігі жайлы хабарлары. Өтініш-шағымдар да бар. «Клуб жабық. Кітапхана уақытында ашылмайды» деген сияқты деректер. Мәди аға қолынан өткен хаттардың біраз бөлігін маған береді. Үстінен қарап, жарамаса қайтадан жазып, мәшіңкеге тергізіп ағаның қолына ұстатамын. Бөлім меңгерушісі қол қойғаннан кейін, газеттің қалаулы бетіне жол тартады.
Мәдениет бөлімі деп жоғарыда айтып өттім. Облыс орталығындағы кітапхана, мұражай, кинотеатр сынды мәдениет ошақтарының тыныс-тіршілігі де бөлім құзыретінде. Соларда болып жатқан түрлі жүздесулер мәдени шараларға қатысып материалдар, репортаждар жазамын.
Оның бер жағында, айта кететін жай, облыс орталығында сол кезде Тыңгерлер сарайы, Орыс драма театры, 3 кинотеатр бар. Осы ғимараттарда жаңа қойылымдар қойылып, экранға шыққан кинотуындылардың тұсаукесерлері болып жатады. Сол жаңалықтар газет бетінде біздің бөлім арқылы оқырмандарға жол тартып жатады деп айтар едім.
Мәди аға өз міндетіне өте жауапты. Жұмыс уақытын тиімді пайдаланады. Мені де осыған үйретті. Соның пайдасын әлі де көріп жүрмін. Науқандық жұмыстар кезінде іссапарға шыққанда маған нақты 2-3 тапсырма беріп, келген соң оның орындалуын жіті бақылап, жазған мақалаларыма қамқоршы болып отырушы еді.
Мәди ағамен бір бөлімде қызмет еткен кездегі қолға алып, жүзеге асырған былайша айтқандағы «шаруамыз» әр айдың алғашқы сенбілік санында әр ауданның шығармашылық өкілдеріне арналған арнайы бір бет материал ұйымдастырып, жариялап отырдық.
Ұмытпасам, алғашқы арнаулы бет Қорғалжын ауданына арналған еді. Онда жазушы-педагог Есіркеп Тәжиннің әңгімесі, халық театрының режиссері Қалимұса Құсайыновтың шығармашылық портреті, жергілікті ақын Сәбит Төлегеновтың өлеңдері, Қорғалжын қорығының суреттері әсем безендіріле орналастырылған еді. Бұл арнаулы бет редколлегия мүшелерінің де, оқырмандар тарапынан да кең қолдауға ие болып еді. Ұсыныс айтылған бірнеше хаттар да келді. Бұдан кейін Атбасар, Ерейментау, Астрахан, басқа аудандарға да арнайы әдеби бет ұйымдастыратынымыз күні кешегідей жадымда.
Тағы бір еске оралған жайды да айта кетуді жөн көріп отырмын. Мәди аға жергілікті тілшілермен, авторларымызбен тұрақты байланысып, оларға хат жолдап тапсырмалар беріп те отыратын. Әсіресе, Қорғалжын ауданындағы өзінің құрдасы Қален Нұрмағанбетұлымен өте жиі араласты. Қалекең өзінің өлең, әңгіме, очерктерін, сықақ әңгімелерін тікелей Мәкеңе жолдайтын. Қалаға келгенде міндетті түрде жолығып екеуара әңгіме-дүкен құрғандарының куәгерімін. Астрахан ауданындағы ұстаз Төлеген Бақтыбаевпен, ереймендік қаламгерлер Серік Мұқанов, Әбу Айзахметовтермен хат жазып, хабарласып тұратын.
Мәди аға тек газет жұмысымен ғана шектеліп қалған жоқ. Жеке шығармашылығын да қатар қолға алды деп айтар едім. Әңгімелері республикалық басылымдарда, облыстық газеттерде үзбей жарияланып тұрды. Әлі есімде, сол жылдары «Алғашқы ән» деп аталатын әңгімелер жинағы, «Тұлпардың дүбірі» атты повесі, «Берлинді алған батырлар» деген көркем очерктері оқырмандар қолына тиді.
Жазушы ағамыз қоғамдық жұмыспен де бел буа айналысты. Редакция бастауыш партия ұйымының хатшысының орынбасары, хатшысы, сол кездегі облыстық «Білім» қоғамы төралқасының мүшесі болды. Іссапарларға жиі шығатын. Мәди аға газетімізде жылқы түлігінің қадір-қасиеттері, оның еті, қымызы, саумалы жайлы проблемалық мақалалар жазып, бұл мәселені облыстық партия комитеті бюросы дәрежесіне дейін көтеріп, ақырында облыстық атқару комитетінің сол кездегі төрағасы Қасым Аппасұлы Тәукеновтың қолдауымен қаламызда жылқы етін, қымыз сататын арнайы екі дүкен ашылғаны жұртшылықтың жадында.
Қаламгер ретінде Мәди аға жастардың нағыз қамқоршысы еді. Редакциядағы жігіттерді былай қойғанда алдына ақыл-кеңес сұрай келген талай жастардың шығармашылығына қолдау көрсетіп, жазған дүниелерін газетімізде жариялатып отыратын. Солардың қатарында марқұм Смағұл Рахымбек, Аманкелді Жұмабек, ақын қызымыз Жұмабике Егінбаеваны және басқаларын атауға болады.
…Бұл тағдырға не шара бар. Ардақты ағамыз ойда-жоқта, нағыз шығармашылығы шағында мәңгілік мекеніне аттанып кетті. Қатты сырқаттанғанын да білмедік. Кейін ауруханада ота жасалып, ем қабылдап жатқан кезінде жігіттермен барып жүздесіп шыққанбыз, біраз әңгіме қозғап дегендей… Арада бірер күн өткенде төбемізден жай түскендей хабарға тап болдық… Амал қанша…
…Егер арамызда болса осы күндері 90 жасқа толғанын думандатып тойлап жатар едік.
Қарымды қаламгер аға, қамқоршы ұстаз, қоғам қайраткері, ордалы шаңырақтың отағасы жайлы жазған жазбамыздың сөйлемдерін еді… еді.., – деп аяқтауға амалсыздан мәжбүр болып отырмыз. Ал, Мәди аға, жазушы аға жайлы әңгіменің алды-арты бұл бола қоймас деген ойдамын.
Лайым солай болғай.
Бәдуан ИМАШҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері,
Қорғалжын ауданының құрметті азаматы.
Сурет api.ust.kz сайтынан.
![]()

