Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы Құтқарушы күні қарсаңында Көкшетау қаласының мектепке дейінгі мекемелерінің бірінің тәрбиеленушілеріне экскурсия ұйымдастырды.
Танымдық кездесу аясында балабақша тәрбиеленушілері №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне барып, өрт сөндіруші-құтқарушы мамандығының қыр-сырымен жақынырақ танысты. Экскурсия барысында өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері балаларға өздерінің қызметі, жұмыстың негізгі міндеттері мен ерекшеліктері туралы айтып, барлығын мектеп жасына дейінгі балаларға қарапайым және түсінікті тілмен түсіндіруге тырысты.
Сонымен қатар, балаларға төтенше жағдайлар кезінде адам өмірін аман алып қалу үшін қолданылатын қуатты өрт техникасы, арнайы құрал-жабдықтар мен жауынгерлік киімдер көрсетілді. Әсіресе, батырлардың салмақты қорғаныс шлемдерін өз бастарына киіп көруі және қызыл түсті өрт сөндіру машинасының рөліне жайғасып, нағыз құтқарушы сезімін бастан кешуі бүлдіршіндердің қуанышын еселей түсті. Тек техникамен шектеліп қалмай, балалар бөлімнің ішкі тыныс-тіршілігіне де үңілді. Олар құтқарушылардың күнделікті еңбек дағдысы қалай ұйымдастырылғанын, қай жерде дем алып, дабыл қағылған сәтте өртке шығуға қалай лезде жиналатынын көріп, таңданыстарын жасыра алмады.
Экскурсияның шарықтау шегі өрт сөндіру құбырынан жалынды өшіруге бағытталатын суды көрсету болды. Ал, экскурсия соңында балалар өрт сөндірушілермен естелік суретке түсіп, жарқын әсерлерімен бөлісті.
Құтқарушылардың айтуынша, мұндай кездесулер балалардың бойында жас кезінен бастап қауіпсіздік ережелері туралы түсінік қалыптастыруға, құтқарушы мамандығына құрметпен қарауға және өз қауіпсіздігіне жауапкершілік сезімін ұялатуға көмектеседі. Өз кезегінде, танымдық экскурсия мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер үшін нағыз ерлік пен шытырман оқиғалар әлеміне сапарға айналды.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

