Сауда орталығында оқу-жаттығуларын пысықтады

19 қазан – Құтқарушы күні

Көкшетаудағы ірі сауда орталықтарының бірінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен кезекті ауқымды өрт-тактикалық оқу-жаттығулары сәтті өтті.

Бұл шара төтенше жағдай туындаған кезде жеке құрамның кәсіби дағдыларын жетілдіруге және құтқарушылардың нысан қызметкерлерімен өзара іс-қимылын пысықтауға бағытталды. Өрт сөндіру мамандарының айтуынша, сала қызметкерлері әртүрлі мақсаттағы объектілерде подстанциялар мен адамдар көп жиналатын орындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мұндай практикалық сабақтарды тұрақты түрде өткізіп тұрады.

Аталған оқу-жаттығудың тактикалық дизайны бойынша ғимараттың үшінші қабатында шартты өрт ошағы тіркеліп, оның зардаптарын жою жұмыстары лезде қолға алынды. Қабылданған сценарийге сәйкес, сауда объектісінің қызметкерлері төтенше жағдай кезіндегі әрекет ету алгоритмін нақты көрсетті. Олар жедел түрде дабыл беріп, келушілер мен персоналды хабардар етті және құтқару қызметінің бөлімшелерін дер кезінде шақырды. Бұл ретте адамдарды қауіпті аймақтан жылдам әрі қауіпсіз эвакуациялауға ерекше назар аударылды, өйткені, адам көп жиналатын сауда орындарында әрбір секунд маңызды рөл атқарады.

Шақыру орнына шұғыл жеткен ТЖД бөлімшелері қойылған міндеттерді орындауға дереу кірісіп, жеке құрам өрт есептеулерін өрістету, тиісті өрт оқпанын беру және шартты өрт ошағын толықтай сөндіру бойынша үйлесімді әрекеттерін көрсетті. Сонымен қатар, шартты жәбірленушіні қауіпсіз жерге эвакуациялау жеке кезең ретінде жүзеге асырылды. Құтқарушылар оған алғашқы қажетті көмекті көрсетіп, зардап шеккен азаматты оқиға орнына келген жедел жәрдем медицина қызметкерлеріне дер кезінде тапсырды.

Байқағанымыздай, мұндай оқу-жаттығуларды өткізу нысанның төтенше жағдайларға дайындығын жан-жақты тексеруге, эвакуация мен өзара әрекеттесуді ұйымдастырудағы мүмкін болатын кемшіліктерді дер кезінде анықтауға, сондай-ақ, қызметкерлердің практикалық дайындығы мен жауапкершілігін арттыруға мол мүмкіндік береді. Әсіресе, күнделікті халық көп шоғырланатын сауда орындарында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және өрттің алдын алу үшін осындай оқу-жаттығулардың маңызы өте зор. Өйткені, төнген кез келген қатердің алдын алу шаралары адам өмірін аман алып қалудың кепілі болып табылады.

Оқу-жаттығу аяқталғаннан кейін барлық тартылған күштер мен құралдардың іс-қимылдары жан-жақты талданды. ТЖД мамандары өрт есептеулері мен нысан персоналының жұмысына әділ баға беріп, өрт қауіпсіздігі шараларын одан әрі жетілдіру және арттыру мәселелерін өзара талқылады.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар