Өңірде шағын және орта бизнестің аяқтан нық тұруына мемлекеттік қолдау тетіктері серпін беріп келеді. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры ұйымдастырған баспасөз туры аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Көкшетаудағы үш бірдей іргелі өндіріс орнының жұмысымен танысты.

«Гормолзавод»: Сүт дариясы және ұлттық өнімдер
Көкшетаудағы танымал сүт кәсіпорны бүгінде тек облыс пен республика көлемін қамтып қана қоймай, шетелдік нарықтарға да шығуда. Мәселен, жергілікті ірімшік Оңтүстік Кореяға экспортталса, алдағы уақытта Қытай нарығына өнім жөнелту үшін Шымкент немесе Алматы қалаларында қосымша желілер ашу жоспарланып отыр. Зауытта тұтынушылардың сұранысына сай дәстүрлі өнімдермен қатар, шоколадпен қапталған қоспа мен құрт секілді ұлттық тәттілер де дайындалады. Балмұздақ цехында шоктық мұздату жүйесі мен жаңа еуропалық қондырғылар жұмыс істеп тұр.

«Avias Group»: Әлемнің 12 еліне экспортталатын майлар
Пластикалық майлар мен тауарлық майлау материалдарын өндіретін зауытта 150-ге жуық өнім түрі шығарылады. Мұнда 70-ке жуық жергілікті тұрғын еңбек етеді. Өндіріс циклі үздіксіз болғандықтан, цехтар тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейді. Бүгінде зауыт өнімдері Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Грузия, Әзербайжан, Литва, Эстония және Сербия бастаған әлемнің 12 еліне жөнелтілуде. «Даму» қоры арқылы кәсіпорынның несиелік пайыздық мөлшерлемесі субсидияланып, автоматты түрде өлшеп құятын заманауи желі іске қосылған.
«АСК-Авторесурстары»: Саудадан отандық өндіріске қадам
Жиырма жылдан астам уақыт бойы қосалқы бөлшектер саудасымен айналысып келген компания соңғы үш жылда нақты өндіріске көшті. Бүгінде мұнда «К-700» тракторының радиаторлары, комбайндардың транспортерлері мен дәнсепкіш тіркемелері жасалуда. Мемлекеттік қолдаудың, соның ішінде «Өрлеу» бағдарламасының арқасында зауытқа жаңа сандық бағдарламамен басқарылатын (ЧПУ) жоныш станогы әкелініп, өндіріс қуаты жылына 3 845 данаға жетті. Кәсіпорын өнімдері шетелдік импортты алмастыруға бағытталған.
Толық репортажды, өндіріс тынысы мен мамандардың кең көлемді сұхбаттарын «Арқа ажары» газетінің алдағы нөмірінен оқи аласыздар.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

