Ту – тұғыр
Көкшетау қаласында Республика күні салтанатты түрде Ту көтеру рәсімі өтті. Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Халқымыз үшін азаттықтан асыл, байрақтан биік құндылық жоқ. Ел тарихы «Туың жығылмасын» деген бір ауыз тілекке сыйып тұр. Әсіресе, ел тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында көк байрақтың асқақтай желбіреуі ерекше мәнге ие. Бұл – азаттықтың қадірін терең сезініп, жүріп өткен жолымызды бағалап, болашағымызға сеніммен қарауға үндейтін тағылымды сәт. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз ғұмырлы болсын! Қазақстан өркендеп, көк Туымыз әрдайым биікте желбірей берсін, – деді жиналғандар алдында сөз сөйлеген аймақ басшысы.
Бұл күні марапатталғандар тізімінде «Жыл патриоты» атағының иегері, тарих пәнінің оқытушысы Азат Балекбаев, би өнері бойынша Гран-при иегері Айгерім Абенова, дебат қозғалысының жетекшісі, «Дарын» сыйлығының лауреаты Сырым Беген, республикалық байқаулардың жүлдегері Мерей Жамболат және «Үздік психолог» байқауының жеңімпазы Аслан Манатов бар. Аймақтағы қоғамдық бастамаларды дамытуға үлес қосқан Расул Оразбаев, «ESBOL QORY» волонтері Жаслан Итенов және «Мейірім» ұйымының мүшесі Сағыныш Амандық марапат төрінен көрінді.
Облыстық жастар-ресурстық орталығының маманы Ақжайық Қоныс жастардың атынан сөз сөйлеп, алғыс білдірді. Сонымен қатар, жиында волонтер Диана Пашина, Ш.Уәлиханов атындағы университеттегі «Жастар рухы» ұйымының өкілі Нұрбақ Хайрулла, әскери-қолданбалы жарыстардың жеңімпазы Камила Төлегенова, ауыр атлетикадан Қазақстанның спорт шебері Георгий Логвиненко және «Сезім» еріктілер қозғалысының жетекшісі Ксения Щетининаның еңбегі ерекше аталды.
Салтанатты басқосуда Ақмола облысының Құрметті азаматы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Болат Мұқанов пен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, профессор Бағдат Рахметулина сөз сөйлеп, жас буынның ел дамуындағы лайықты орнын атап өтіп, ізгі тілектерін арнады. Редакциямызға берген сұхбатында Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов та егемендігіміздің қадір-қасиетіне жете бойлап, ақмолалықтарға өз жылы лебізін жеткізді.
Б.САКЕН.
![]()

