Артыңда  ізің қалды

Дидар-ғайып

Қазақ баспасөзі өзінің тағы да бір білікті қаламгерінен көз жазды. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, еңбек ардагері Сәлима Дәулетбекқызы Қожахметованың 72 жасында дүниеден өткендігі туралы қаралы хабарды ауыр сезіммен кештеу естіп-біліп, күйзеле қабыл алдық.

Осы бір сәтте көз алдымызға бар өмірін елінің ізгі мұратымен байланыстырған кішіпейіл де ибалы, адамгершілік қасиеті мол, журналист мамандығын отбасындағы ізгі дәстүрден қалап алған қазақтың қадірлі бір қызының жарқын бейнесі тұрды.

Сәлима қаламдасымыз 1954 жылы Көкшетау облысы Зеренді ауданының Қостомар ауылында дүниеге келіп, көп балалы үйде тәрбиеленді. Ол бір апасы, бір ағасынан кейінгі бір шаңырақтан шыққан үшінші журналист. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің түлегі.

Алғашқы еңбек жолын 1971 жылы Зеренді аудандық «Коммунизм таңы» («Бірлік») газетінің редакциясында қатардағы тілшіліктен бастап, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары сияқты қызмет баспалдақтарынан өткен.

Зеренді аудандық «Білім» қоғамының жауапты хатшысы, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметтерінде де өзіндік қолтаңбасы қалды.

Кейін республикалық «Ақ желкен» журналының жауапты хатшысы, Қазақстан Республикасы Парламентінің компьютерлік стенография секторында редактор, бірінші санатты стенографист-оператор қызметтерін де өзіне тән үлкен жауапкершілік әрі біліктілікпен атқарып, әріптестерінің құрметіне бөленді. Кейін осы жұмысынан зейнет демалысына шықты.

Сәлима Дәулетбекқызы шын мәнісінде көзін көрген, бірге аралас-құралас болған жанның бәрі мінез-құлқына, кісілік келбетіне, журналистік ой-өресіне жоғары баға беретін мәдениетті парасатты жанның бірі болатын. Амал нешік, сұм ажал осындай аяулы ана, адал дос, сыйлы әріптесімізді бұл фәни дүниеден қара жер қойнына алып тынды.

Мұндайда қолдан келер қайран жоқтығы әмбеге аян. Біз де көкшелік қалам иелерінің қатарын тағы бір адамға сиретіп кеткен осы бір орны толмас ауыр қайғыға байланысты, көңілімізді шалған кірбің-наламен жатқан жерің жайлы болып, о дүниенің бар жақсылығын берсін, зерлі Зерендінің артында айшықты ісі мен ізі қалған ардақты бір қызы дейміз! Қош, бақұл бол, көзден кетсең де көңілден кетпес, Сәлима!

«Арқа ажарындағы» ҚазМУ-де бірге оқыған және бірге қызметтес болған әріптестері.  

 Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті редакциясының ұжымы қазақтың көрнекті жазушы-журналисі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мағира Дәулетбекқызы Қожахметоваға және белгілі қаламгер Қапез Дәулетбекұлы Қожахметовқа бауырлары

Сәлима Дәулетбекқызы Қожахметованың

қайтыс болуына байланысты қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады.        

 *** 

Асыл бейнең жүрегімде

Неткен бұл, неткен ауыр сынақ еді,
Тәңірім бауырымды сынап еді.
Қартайғанда жанары семіп қалып,
Су қараңғы түнекке шыдап еді.

Десек біз халің қалай, шүкір дейтін,
Ауруы асқынғанын сездірмейтін.
Япыр-ау, не деген бұл шыдамдылық,
Құдай-ау, не деген бұл төзімділік?!

Жаны жайсаң жан еді, түйгені көп,
Жан адамға зәредей зияны жоқ.
Бір бауырға мұң шақпай кете бардың,
Өкпелемей тағдырға, кеттің бе тоқ?!

Өткердің талай өмір өткелдерін,
Дәл өзіңдей өреліні көп көрмедім.
Қамқоршым, тірегім ең, тәңірім-ау,
Осы ма еді, құдай-ау, көп көргенің.

Бұл өлім болмай қоймас өмір заңы,
Ал, тірлік ұрпақтармен жалғасады.
Шүкір дейміз егіліп, қайғырсақ та,
Адамның бұған қылар бар ма амалы?!

Амал не, амал қанша, бауырым-ай,
Бар бауырға жанашыр тәуірім-ай.
Ендігі орның жұмақта болсын деймін,
Қабыл ет тілегімді, патша-құдай!
Кетпейтін туғандардың жүрегінде,
Асыл бейнең жаңғырып тұрар ұдай .

                                                    Қапез ҚОЖАХМЕТОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар