Менің елім!
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ұлттық мереке – Республика күніне арналған салтанатты жиынға қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бір топ ақмолалықтарға мемлекеттік наградалар тапсырды.
Жылдағы дәстүр бойынша Мемлекеттік Туымыз төрге озып, Мемлекеттік әнұранымызды шырқаудан басталған салтанатты шара «Көкшетау» мәдениет сарайына лық толған қалың көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлап, рух берді.
Биыл ел тәуелсіздігіне 35 жыл толады. Соңғы жылдардағы еліміздің бағындырған белестері мен қол жеткізген жетістіктері, жаңа реформалар мен институттардың қалыптасқаны туралы кеңінен баяндаған облыс әкімі мұның барлығы мемлекеттілігімізді нығайтып, өзіндік даму жолын баянды ету бағытында жасалып жатқан маңызды қадамдар екендігін атап өтті. Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстан саяси және қоғамдық жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басып отырғаны белгілі.
– Тәуелсіздіктің 35 жылдығы өткенге көз жүгіртіп қана қоймай, болашақ алдындағы жауапкершілігімізді де терең сезінетін маңызды кезең. Ал, Республика күні – елдігіміздің белгісі, егемендік нышаны және ұлттық өркениеттің қайнар көзі. Біз Қазақстанның болашағын бірге қалыптастырамыз. Осы жолда ақмолалықтар да өз жетістіктерімен туған жеріміздің даңқын асқақтатып, елдің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында өңіріміз еліміздің жетекші аграрлық-индустриялық орталықтарының біріне айналып, негізгі астықты аймақ деңгейіне көтерілді. Биыл күрделі ауа райы жағдайына қарамастан, астықтың жалпы түсімі 6,1 миллион тоннаны құрады. Облысымыз құс етін өндіру бойынша да республикадағы жетекші өңірлердің қатарында. Заманауи тауарлы-сүт фермалары мен өнеркәсіп орындары ашылып, тұрғын үйлер, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет нысандары салынуда, – деді Марат Ахметжанов.
Мереке күні өңірдің дамуына қосқан үлесі мен көп жылғы адал еңбегі үшін түрлі сала өкілдері мемлекеттік наградалармен марапатталды. «Парасат», «Құрмет», «Еңбек Даңқы» ордендері, «Ерен еңбегі үшін» медальдары, сондай-ақ Ақмола облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары аграрлық сала қызметкерлеріне, өнеркәсіп және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мамандарына, педагогтарға, медицина қызметкерлеріне, мәдениет қайраткерлері мен қоғам белсенділеріне табысталды.
Марапатталғандардың қатарында Жақсы ауданындағы «Запорожье-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас агрономы Светлана Петренко да бар. Ол ширек ғасырдан бері ауыл шаруашылығы саласында еселі еңбек етіп, әке жолын жалғастырып келеді.
–Туған жерімде еңбек етіп келе жатқаныма 25 жыл болды. Әкем де агроном болып жұмыс істеген, соның ізін жалғастырып келемін. Еңбегімнің осындай жоғары бағаланғанына ерекше қуаныштымын. Бүгінде аграрлық салаға мемлекет тарапынан жақсы қолдау көрсетіліп келеді. Бұл заманауи технологиялар мен егіншілікке инновациялық тәсілдерді енгізуге мүмкіндік беруде. Соның арқасында жұмыс тиімділігін арттыруға жол ашылады, – деді Светлана Петренко өз жауап сөзінде.
Бұл күні Ақмола облысының үш тұрғыны Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан жоғары мемлекеттік наградаларды алғанын да атап өткеніміз жөн. Айталық, Есіл ауданындағы «Ново-Приречное» серіктестігінің директоры Валерий Тюркин III дәрежелі «Барыс» орденімен наградталса, Көкшетау қаласындағы «Нұр бала» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Алданыш Айжарықова мен Жарқайың ауданындағы Тасөткел ауылының әкімі Сәуле Саухимова «Ерен еңбегі үшін» медальдарын иеленді.
Салтанатты рәсімнің маңызды сәттерінің бірі – «Ақмола облысының құрметті азаматы» атағын беру болды. Бұл жоғары атақ мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Сыздықовқа, Ақмола облысы мен Көкшетау қаласы ардагерлер кеңестерінің төрағалары Ермек Нұғыман мен Шияп Әлиевке, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Болат Мұқановқа, педагогикалық еңбек ардагері Құралай Ыдырысоваға және облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, айтыс ақыны Құдайберлі Мырзабекке берілді.
Салтанатты іс-шара Ақмола облыстық Үкілі Ыбырай атындағы филармониясы мен «Көкшетау» мәдениет сарайының шығармашылық ұжымдары мен эстрада жұлдызы Жеңіс Ысқақованың қатысуымен өткен мерекелік концертпен қорытындыланды.
Көрермендер назарына туған жерді, халық бірлігін және Отанға деген сүйіспеншілікті дәріптейтін танымал қазақстандық шығармалар ұсынылды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

