Білім
Қазіргі қоғамда мұғалім тек білім беруші ғана емес, сонымен бірге, тәрбиеші, өскелең ұрпақ үшін адамгершілік пен азаматтық жауапкершіліктің үлгісі болып табылады. Білім сапасы, елдің зияткерлік әлеуеті және жас ұрпақтың болашағы мұғалімнің кәсібилігіне, жеке қасиеттеріне және қоғамдық ұстанымына байланысты.
Сондықтан, педагог мәртебесін арттыру, оның кәсіби құқықтарын қорғау және педагогикалық қызмет үшін қолайлы жағдайлар жасау мәселелері Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытудың басым бағыттарының бірі болып қала береді.
«Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау мұғалімнің қоғамдағы жағдайын нығайтудағы маңызды қадам болды. Заң педагогтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге, олардың кәсіби ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға, сондай-ақ, сапалы білім беру қызметін жүзеге асыруға жағдай жасауға бағытталған. Мұғалімнің мәртебесін көтеру оның еңбегінің маңыздылығын мойындауды ғана емес, сонымен қатар, мемлекет, қоғам, ата-аналар мен білім алушылар тарапынан осы мамандыққа құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруды көздейді.
Бүгінгі таңда педагогикалық қызмет қарқынды әлеуметтік, технологиялық және білім беру өзгерістері жағдайында дамуда. Білім беруді цифрландыру, оқытудың инновациялық әдістерін енгізу, білім алушылардың қажеттіліктерінің әртүрлілігі және білім беру нәтижелерінің сапасына қойылатын талаптарды арттыру жаңа кәсіби сын-қатерлерді қалыптастырады. Мұндай жағдайларда үздіксіз біліктілікті арттыру, цифрлық сауаттылықты дамыту, коммуникативтік дағдыларды жетілдіру және білім алушылардың ата-аналарымен және заңды өкілдерімен сындарлы өзара іс-қимыл жасау қабілеті ерекше маңызға ие болады.
Білім беру саласындағы заңнаманың сақталуын қамтамасыз етуде, педагогтардың құқықтарын қорғауда және кәсіби әдепті нығайтуда Ақмола облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті маңызды рөл атқарады. Департамент өз қызметі шеңберінде педагог қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау, өтініштерді қарау, заңнаманы бұзудың алдын алу және білім беру процесіне қатысушылар арасындағы сындарлы өзара іс-қимылды қалыптастыру мәселелеріне назар аударады. Педагогикалық әдеп мәселелері қаралатын консультативтік-кеңесші орган құру бұл жұмыстың маңызды бағыттарының бірі болды. Бұл алаң педагогтардың кәсіби қызметінде туындайтын проблемалық жағдайларды талқылауға, жанжалдардың мән-жайларын талдауға және заңнама талаптары мен кәсіби әдеп қағидаттарын ескере отырып, оларды шешу бойынша ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді. Консультативтік-кеңесші органның жұмысы ашық диалогты дамытуға, білім беру процесіне қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және педагогтың кәсіби беделіне және білім беру ұйымдарындағы психологиялық ахуалға теріс әсер етуі мүмкін жағдайлардың алдын алуға ықпал етеді.
Департамент тарапынан педагогтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері бойынша өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған «Педагогты қорғау» тelegram-чаты құрылды. Бұл алаң жедел ақпарат алмасуға, педагог қызметкерлерді түсініктеме алу мүмкіндіктері туралы хабардар етуге және проблемалық жағдайларды уақытылы анықтауға жәрдемдесуге арналған.
Мұғалімнің мәртебесін нығайтуда оның мінез-құлық нормаларын және оның білім алушылармен, ата-аналармен, әріптестерімен және білім беру ұйымының басшылығымен өзара әрекеттесу сипатын анықтайтын педагогикалық әдеп ерекше орын алады. Әдептілік нормаларын сақтау әр баланың жеке басына құрметпен қарауды, кемсітушілікке жол бермеуді, оқу нәтижелерін бағалау кезінде объективтілікті, құпиялылықты және кәсіби өкілеттіктерді жауапкершілікпен пайдалануды көздейді. Мұғалімнің мәртебесін қорғау және оның әдептілік нормаларды сақтауы бір-біріне қайшы келмейді, бірақ, бірін-бірі толықтыратын бағыттар болып табылады.
Міне, күнделікті жұмыста осыны естен шығармау бүгінгі уақыт талабы десек, осы тұрғыда атқаратын істер әрбір білім ордасының басты бір міндеті болуы тиіс.
Жанар КАБДЫРАХМАНОВА,
Ақмола облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету
департаментінің білім сапасын сырттай бағалау бөлімінің басшысы.
![]()

