Балық азығын өндіретін зауыт салынады

Инвестиция

Елорданың іргесіндегі ауданда балыққа арналған экструдталған жем өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр.

Бұл инвестициялық жобаның құны 7 миллиард теңгеден асады. Жаңа кәсіпорын жылына 25 мың тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы болады. Зауытты 2027 жылы іске қосып, 75 жұмыс орнын ашу көзделуде.

Жобаны өңірде заманауи балық өсіру шаруашылығын дамытып отырған «Poseydon» ЖШС жүзеге асырады. Аумағы 10 гектарды құрайтын аквафермада кемпірқосақ бақтақ өсіріледі. Кәсіпорынның жылдық тауарлық балық өндіру қуаты – 70 тонна.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов кәсіпорынға барып, балықтың тұқы және албырт тұқымдас түрлеріне арналған экструдталған жем өндіретін осы зауытты салу жоспарымен танысты.

Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде бұл бастаманың Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жөнінде берген тапсырмаларына сәйкес келетінін атап өтті. Облыс басшылығы өз кезегінде жобаны іске асыруға қажетті қолдау көрсетуге дайын.

Зауыттың іске қосылуы балық шаруашылығы саласының импорттық жемге тәуелділігін азайтып, отандық жем өндірісін дамытуға мүмкіндік беретіндігі сөзсіз. Бұл ретте:

– Біз өңірде балық шаруашылығын дамытуға және осы тұрғыда жинақтаған тәжірибемізбен бөлісуге, су айдындарын балықтандыру үшін шабақтар мен жем жеткізуге, сондай-ақ, мамандарды оқытуға барынша мүдделіміз. Бір жағынан өз өндірісіміздің болуы балық шаруашылықтарының мүмкіндіктерін кеңейтіп, тауарлық балық өсіру көлемін арттыруға жол ашатындығы анық, – деді серіктестіктің бас директоры Ербол Сүлейманов.

Акваферма суды айналымда пайдалану технологиясы бойынша жұмыс істейді. Бұл сыртқы климаттық жағдайларға қарамастан, балықты жыл бойы өсіруге мүмкіндік береді. Пайдаланылатын судың 95 пайызына дейінгі бөлігі көпсатылы тазартудан өткізіліп, өндірістік айналымға қайта жіберіледі.

Бақтақ өсірумен қатар, кәсіпорында балық өнімдері де өңделеді. Мұнда порциялық балық, стейктер, тұздалған өнімдер, сондай-ақ, ыстық және суық технологиямен ысталған балық өндіріледі. Дайын өнім Астана қаласындағы мейрамханалар мен ірі сауда желілеріне, сондай-ақ, Қазақстанның басқа өңірлеріне, соның ішінде өз облысымызға да  жеткізіледі.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар