Әкім – іс үстінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласының бұрынғы геологтар кенті – Чайкино елді мекенінде жаңадан салынған №15 негізгі орта мектеп ғимаратында болып, оқу-тәрбие жұмысымен танысты.
Екі қабатты мектеп 120 оқушыға арналған. Мұнда сапалы білім алуға, спортпен шұғылдануға және балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға барлық жағдай жасалған. Облыс әкімі жаңа мектептің оқу кабинеттерін аралап, педагогтармен және оқушылармен кездесті.
Жаңа мектептің құрылысы бұрынғы ғимараттың қолайсыз жағдайына байланысты қолға алынған болатын. Ол 1971 жылдан бері пайдаланылып келген және қазіргі заман талаптарына сай жаңартуды қажет етті. Жаңа нысанда заманауи білім беру талаптарына не қажеттің бәрі бар. Атап айтқанда, мамандандырылған кабинеттер, спорт және акт залдары, асхана мен басқа да қажетті бөлмелердің бәрі ескерілген.
– Әрбір бала сапалы білім мен тәрбие алып, лайықты әрі қолайлы жағдайда өсіп, дамыса құба-құп. Біздің міндетіміз – осыған қажетті барлық жағдайды жасау. Бүгін сендер жаңа, заманауи мектепте, жақсы жабдықталған оқу кабинеттерінде білім алу мүмкіндігіне ие болдыңдар. Мектептеріңді күтіп ұстаңдар, оған жанашырлықпен қараңдар, – деді Марат Ахметжанов оқушыларға арнаған сөзінде.
Сондай-ақ, өңір басшысы мектепке хоккей кортына арналған сертификатты тапсырды.
Мектепте барлығы 11 оқу кабинеті жабдықталған. Олардың қатарында физика, информатика, жаратылыстану және қоғамдық-гуманитарлық пәндер кабинеттері бар. Сонымен қатар, ұлдар мен қыздарға арналған технология кабинеттері қарастырылған. Бұдан бөлек, спорт залы, 50 орындық акт залы, кітапхана, асхана және медициналық блок жұмыс істейді. Ал, мектеп аумағында баскетбол, волейбол және футбол алаңдары, жүгіру жолы мен воркаут алаңы салынған.
Жаңа мектептің ашылуы елді мекен балалары үшін білім алу мүмкіндіктерін кеңейте түсті. Екінші тоқсанда оқушылар қатары тағы 12 балаға толықты. Сонымен қатар, қазақ тілінде білім беретін бесінші сынып ашылып отыр. Жалпы мектепте екі мектепалды даярлық тобын қоса алғанда, 15 сынып бар.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

