Конституция – мемлекеттің құқықтық іргетасы, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының басты кепілі. Ол елдің даму бағытын айқындап қана қоймай, әрбір азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігі мен міндеттерін де белгілейді.
2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Ата Заңның жаңартылған мазмұнында адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру, білім мен ғылымды дамыту секілді маңызды басымдықтар айқындалды.
Конституцияда белгіленген қағидаттардың маңызы әрбір өңірдің тыныс-тіршілігінен, халықтың әл-ауқатынан және қоғамдық қатынастардан көрініс табады. Осы тұрғыдан алғанда, Ақмола облысындағы Шортанды ауданының дамуы да Ата Заңда көзделген құндылықтармен тығыз байланысты.
Шортанды ауданы – қоғамдық келісім мен бірліктің мекені
Бүгінде Шортанды ауданы – түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан өңірлердің бірі. Ауданда 40-тан астам этнос өкілі тұрады. 2026 жылғы 1 шілдедегі дерек бойынша аудан халқының саны 25 671 адамды құрады.
Өзара құрмет, теңдік пен татулықты сақтау – тұрақты дамудың маңызды шарттарының бірі. Конституция азаматтардың ұлтына, тіліне, дініне және өзге де ерекшеліктеріне қарамастан, заң алдында тең болуын қамтамасыз етеді. Бұл қағидат аудан көлемінде қоғамдық келісімді нығайтуға, түрлі этнос өкілдерінің ортақ мақсат жолында бірлесе еңбек етуіне негіз болып отыр.
Адам капиталы – аудан дамуының басты көрсеткіші
Конституцияда білім, ғылым, мәдениет және адам капиталын дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары ретінде белгіленген. Бұл міндеттер ауданның әлеуметтік саласында да нақты жұмыстар арқылы жүзеге асуда.
Мәселен, Шортанды ауданында 8 мемлекеттік және 5 жекеменшік мәдениет ұйымы жұмыс істейді. Олардың қызметі аясында 58 клубтық құрылым ұйымдастырылып, оған 435 адам қатысады. Сонымен қатар ауданда 14 кітапхана жұмыс істейді. Кітапхана қоры 163 716 дананы құрайды, оның ішінде мемлекеттік тілдегі әдебиеттер саны – 56 429 дана.
Бұл көрсеткіштер тұрғындардың мәдени өмірге араласуына, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға және ұлттық құндылықтарды сақтауға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетеді.
Дені сау ұлт қалыптастыру да – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Қазіргі таңда ауданда 109 спорт нысаны бар. Жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен айналысатын тұрғындар саны 11 602 адамға жетіп, аудан халқының 44,7 пайызын құрайды.
Сондай-ақ 2025 жылғы 30 тамызда Бозайғыр ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Аумағы 2 300 шаршы метрді құрайтын нысан бір ауысымда 300 адамды қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл – ауыл тұрғындары үшін спортпен шұғылдануға қолайлы жағдай жасаудың нақты көрінісі.
Жалпы алғанда Шортанды ауданында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік, мәдени және спорттық бастамалар осы бағыттағы жұмыстардың маңызды бөлігі болып табылады.
Конституция – мемлекет пен қоғам арасындағы берік байланыстың негізі. Оны құрметтеу, заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті нығайту және елдің дамуына үлес қосу – әр азаматтың ортақ міндеті.
Ата Заңға құрмет – елге құрмет. Ал заң үстемдігі мен қоғамдық келісім бар жерде тұрақты даму мен жарқын болашаққа жол ашылады.
Байсеркеев Ермек Жаксылыкович,
Шортанды аудандық қоғамдық кеңес мүшесі
![]()

