Бурабай болашағы
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Бурабай курорттық аймағында көпфункционалды конгресс-орталықтың құрылысын бастау рәсіміне қатысты және аудан орталығы Щучинск қаласында салынатын ірі спорт кешенінің жобасымен танысты.
Жаңа конгресс-орталық халықаралық форумдар, іскерлік кездесулер, көрмелер мен ауқымды мәдени іс-шараларды өткізуге арналған заманауи алаңға айналады.
Жоба Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бұл – Бурабайды жыл бойы туристер қабылдайтын орталық ретінде қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
– Бұл – «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында бой көтеретін алғашқы нысандардың бірі. Бурабай Қазақстандағы туризмді дамытудың үш басым орталығының қатарына кіреді және бірегей табиғи әлеуетке ие. Бүгінде оның демалыс орны ретіндегі тартымдылығын сақтап қана қоймай, жыл он екі ай бойы қонақ қабылдауға мүмкіндік беретін жаңа инфрақұрылым қалыптастыру маңызды. Конгресс-орталық іскерлік және оқиғалық туризмді дамытуға жол ашып, курорттың туристік бағыт ретіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттырады, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Ал, Щучинск қаласындағы төрт оқу-жаттығу трамплині, 300 орындық мамандандырылған мектеп-интернаты және 3 мыңға жуық көрерменге арналған жабық мұз айдынынан тұратын спорт кешені қалада қысқы спорт түрлері бойынша Олимпиадалық даярлау орталығының үшінші кезегін салу аясында бой көтереді.
Сөйтіп, алдағы уақытта бұл орталық қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құрамаларды халықаралық жарыстар мен Олимпиада ойындарына даярлайтын негізгі базалардың біріне айналады. Бұл спорт резервін даярлау сапасын жаңа деңгейге көтеріп, Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.
– Біздің басты міндетіміз жас спортшылардың қабілетін шыңдап, шеберлігін жетілдіруіне және жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне барлық жағдай жасау болып табылады. Ол үшін сапалы білім беруді, толыққанды жаттығу үдерісін және спортшылардың оңалуына қажетті мүмкіндіктерді біріктіретін заманауи инфрақұрылым қажет болып отыр. Міне, сол міндетті атқаратын жаңа кешенде 300 оқушы білім алып, 100-ге дейін спортшы жыл бойы қысқы спорт түрлері бойынша дайындықтан өте алады. Бұдан бөлек, мұнда халықаралық деңгейдегі ірі жарыстарды өткізуге де мүмкіндік туады, – деді өз сөзінде облыс әкімі.
Жаңа кешен сонымен қатар, өңірде туризм саласын одан әрі дамытуда да ерекше рөл атқаратын болады. Осындай ауқымды алаңның пайда болуы өңірге халықаралық ұйымдарды, іскерлік қауымдастықтар мен кәсіби бірлестіктерді тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, туристер ағынын маусымаралық кезеңде де арттырып, қонақүйлердің, шипажайлар мен өзге де туристік нысандардың жыл бойы тұрақты жұмыс істеуіне ықпал етеді. Орталықтың маңызды бөлігінің бірі – 10 мың экспонатқа арналған «Қазақстан панорамасы: өңірлер музейлері» экспозициясы. Ол заманауи цифрлық форматта еліміздің әр өңірінің тарихи-мәдени мұрасын таныстырып, Бурабай тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа танымдық кеңістікке айналады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Бурабай ауданы.
![]()

