Әкім – ел ішінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өткен аптаның соңында Бұланды, Астрахан, Егіндікөл аудандарында жұмыс сапарымен болып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайларына назар аударды және Мемлекет басшысының Жолдауына байланысты жаңа міндеттерді белгіледі.
Бұланды. Аймақ басшысы бірінші кезекте жаңа салынған паркке барып, тұрғындар қуанышын бөлісті.
– Мен 1979 жылдан бастап Макинск қаласында тұрамын. Серуендеуге қолайлы осындай демалыс аймағының жасалғанына өте қуаныштымыз. Бірақ, көңілде алаңдаушылық та бар. Себебі, бізге осындай саябаққа ұқыптылықпен қарау керек, – деді зейнеткер Наталья Мулько.
– Қолайлы қалалық ортаны қалыптастыру – халықтың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды құрамдас бөлігі. Саябақ барлық жастағы тұрғындардың басын қосатын орынға айналып, әркімнің белсенді демалуына, спортпен шұғылдануына және отбасымен уақыт өткізуіне мүмкіндік беруі тиіс. Мұндай қоғамдық кеңістіктерді күтіп ұстау және олардың тұрғындар арасында сұранысқа ие болуы өте маңызды, – деді Марат Ахметжанов.
Жаңа парктегі көңілі көтеріңкі жиылған қауыммен жүздескен облыс әкімі әрі қарай тұрғындармен кездесуге барды. Негізгі тақырып, әрине, ауданның дамуы тұрғысында. Соның ішінде ауыл шаруашылығының ажырамас қос қанаты бар. Бірі егіншілік болса, екіншісі мал шаруашылығы. Егер бұл екеуі қарқынды дамыса, салық түседі! Сәйкесінше, жаңа жұмыс орындары болады, пайда да, салық та ауданда қалады. Бұл өңірге қажетті әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіруге, мүмкіндік береді.
– Қазір ерекше уақыт. Мемлекет «Береке», «Игілік», «Жайлау» бағдарламалары бойынша жеңілдетілген несие береді. Біз қазір Ақкөл ауданында 150 мың басқа арналған бордақылау алаңдарын құруды жоспарлап отырмыз, – деген аймақ басшысы бұл сөзін «Журавлевка-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Арман Құдайбергеновке де қарата айтты.
Президент жақында ғана халыққа Жолдауында Ақмола облысында ет кластері құрылуда деп атап көрсетті. Бұл облыс еңбеккерлерін бір жағынан жігерлендірсе, бір жағынан зор міндеттер жүктейді.
–Мал шаруашылығын дамытудан біз тағы бір нәтиже күтеміз. Адамдар жұмыспен қамтылып, жақсы жалақысын алады. Өңірлер де дамиды. Мәселен, ет кластерін дамытатын Ерейментаудың өзі жылына 2 миллиард теңге салық төлейді. Сіздер де осындай шаруашылықтардың төрт-бесеуін ашатын болсаңыздар, бәріне қол жеткізе аласыздар. Бұған қаржы бөліп, басқа да жағдайларды жасап жатырмыз. Бүгінде мемлекеттен көрсетіліп жатқан қолдау зор. Жеңілдетілген несиелер, субсидиялар беріліп жатыр. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша облысқа 8,4 миллиард теңге бөлінді. Бірақ, соның Бұланды ауданында небары 1 пайызы ғана игеріліп, 80 миллион теңге ғана алынған. Ал, Ерейментау 700 миллион теңгеге жуық алып отыр. Белсенділік жоқ. Сіздерге 20 күн уақыт беремін, әр ауыл әкімінің нақты бағдарламасы мен жоспарын жеке өзім қабылдаймын, – деп аймақ басшысы ауыл әкімдеріне тапсырма берді.
Сонымен қатар, облыс әкімінің халықпен кездесуінде тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтары және пікірлерін айтты. Сөз басын ардақты қариялар бастады.
–Біз Жаңа Қазақстанның жолына түсіп жатырмыз. Бұрынғыдай жоғарыдан емес, ауыл әкімдері өздері жоспар жасап, қаржыны өздері сұрап алуы керек дегеніңіз өте орынды. Біздің ауданға қариялар бас қосатын бір «Ардагерлер үйін» немесе «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығын» салып беруге көмектессеңіздер екен. Ақкөлде осындай ғимарат салынды, бізге де сондай орталық қажет, – деді ақсақалдардың бірі
– Рахмет. «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» жақын арада міндетті түрде ашылады, – деп жауап берді облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Сондай-ақ, кездесуде аудан бойынша 170 отбасы баспаналы болып, Вознесенкада Мәдениет үйі жөнделгеніне, Макинскіде жаңа саябақ ашылғанына ризашылық білдірілді. Аймақ басшысы бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясаты мен тапсырмаларының орындалуы екенін жеткізді. Әрі бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек. Өйткені, халықпен кездесуде айтылған өтініштер мен тілектер осы мәселелердің бір сәт те назардан шығарылмауын қалайды.
Кездесу соңында облыс әкімі көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы бірқатар отбасыларға жаңа пәтерлердің кілттерін тапсырды.
Астрахан. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Астрахан ауданының тұрғындарымен де кездесті. Бірінші кезекте, аймақ басшысы Астраханка ауылындағы №1 мектеп-гимназиясына барды. Білім беру ордасында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, оқушылардың білім алуына және қабілеттерін дамытуына қолайлы жағдай жасалған. Айталық, 2024 жылы «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 18 оқу кабинеті жаңартылып, төрт зертхана жабдықталған көрінеді. Ұстаздар қауымы және оқушылармен жүздескен облыс әкімі дарынды балалардың еңбектеріне тәнті болып, мектептің жұмысына әрі қарай да сәттілік тіледі.
Ал, аудан халқымен кездесуде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті, инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері талқыланды.
Жиын барысында аймақ басшысы келесі «Жалпыхалықтық құрылыс жылының» маңызына тоқталып, мемлекет бөлетін 6,5 триллион теңгені тиімді жұмсауға бағытталған жобаларды ұсынуға үндеді.
– Біздің қазіргі міндетіміз мақсатты да тиімді, сапалы жұмыс болуы керек. Жалтыр да үй сұрап отыр, соның бәрін қазір жобалап, құрылыс орнын белгілеп, инфракұрылымды дайындау қажет. Содан кейін, қаржы келгенде бірден сол құрылысты дөңгелетіп жұмысты басып кететіндей жағдай жасап қоюымыз керек, – деді сөзінің бір ыңғайында Марат Ахметжанов.
Аймақ басшысы тапсырма бере отырып, аудан тарапынан бұған дейін кей құрылыстарда кеткен олқылықтарды да сынға алды.
–Новачеркасскідегі ауылдық мәдениет үйін 5 жылда бітіре алмай жатырмыз. Ал, алда ауқымды жұмыс, үлкен құрылыстарға көшеміз деп отырмыз. Соған қарамастан, бақылаусыз қалған құрылыстар бізде көп, ең бірінші солардан бастауымыз керек. Олар толық қаржыландырылды. Алайда, бақылау, қадағалау болмағаннан осылай болып отыр, – дей келе, аймақ басшысы құрылысқа қоғамдық бақылауды күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар, ел аумағында күрделі жөндеуден өткен 124 темір жол вокзалының 16-сы біздің Ақмола облысына тиесілі екені айтылды. Барлық аймақтар арасындағы ең көбі біздің облыста. Жалтыр станциясында да 1958 жылы салынған ғимарат алғаш рет күрделі жөндеуден өтіп, қасбетті ішкі бөлімдері мен инженерлік желілері жаңартылып, тұрғындар жаңа вокзалға ие болды деп айтуға болады.
–Былтыр аудандағы бес ауылдың су жүйелерін жаңарту жұмыстары аяқталды. Су тасқынына қарсы инженерлік жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда бірінші кезекте осы су қоймалары, қорғаныс көпірлерінің құрылысын аяқтауға қаржы бөлінді. Сонымен қатар, өзен арнасын тазарту және тереңдету жұмыстары жалғасуда. Оларды келесі жылдың су тасқыны кезеңі басталғанға дейін аяқтау көзделіп отыр. Біз 40 миллион текше метр суды ұстап қалып, ауыл шаруашылығында пайдаланғалы отырмыз, – деді облыс әкімі әрі қарай өз сөзінде.
Аудан экономикасын дамытудың негізгі бағыттарының бірі – инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын іске қосу. Ірі жобалардың қатарында Жалтыр ауылындағы «Ақбейіт» кен орнында Aina Resources компаниясы салып жатқан алтын өндіру фабрикасы бар. Бұрын консервацияланған шахтаның орнында жылына 100 мың тоннаға дейін кен өңдейтін кәсіпорын бой көтерді. Жобаға 10 миллион АҚШ долларынан астам шетелдік инвестиция тартылып, 200 жұмыс орны ашылды.
Астық сақтау инфрақұрылымы да кеңейіп келеді. AZAM KC кәсіпорны бұрынғы зауытты жаңғыртып, 10 жұмыс орнын құрды. Тамыз айында компания элеваторды пайдалануға беріп, тағы 20 адамды жұмыспен қамтыды.
2027 жылы Жалтыр ауылында жылына 120 мың тонна астық сақтайтын Agro Next KZ ЖШС элеваторын салу жоспарланып отыр. Жобаға 1,8 миллиард теңге инвестиция салынып, 19 жаңа жұмыс орны ашылады.
Құс шаруашылығын дамыту мақсатында Новочеркасское және Жалтыр ауылдарында Aitas Breeders репродукторы салынбақ. Кәсіпорын жылына 127 миллион инкубациялық жұмыртқа өндіруге қауқарлы болады. Жоба аясында 580 тұрақты және 120 уақытша жұмыс орны ашылады. Құрылысы 2029 жылы аяқталмақ.
Мал шаруашылығы бойынша Первомайка ауылында «Miras-23» шаруашылығы 750 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңын салып, тәулігіне 2,5 тоннаға дейін өнім өңдейтін ет комбинатының сою цехын іске қосты. Ал, Каменка ауылында «Niko Invest» компаниясы 500 бас ұсақ малға арналған тауарлы-сүт фермасын, сүт өңдеу цехтарын және жеке ірімшік өндірісін қамтитын толық циклді кешен ашты. Келер жылы Лозовой ауылында да тауарлы-сүт фермасының құрылысын бастау жоспарланып отыр.
Өңір басшысы ауданның өнеркәсіптік әлеуетін осылай тиімді пайдаланудың маңызын атап өтті. Ауданда кірпіш және құрылыс материалдарын өндіруге жарамды кең таралған пайдалы қазбалардың 16 бос учаскесі бар. Осыған байланысты аудан әкіміне инвесторлар тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу мүмкіндіктерін пысықтау тапсырылды.
Кездесуде егін жинау науқанының қорытындылары да айтылды. Белгілі бір қуаңшылыққа қарамастан, диқандар дәнді және бұршақ дақылдарын жинау жұмыстарын аяқтады. Жалпы 323 мың тонна астық бастырылып, гектарына орташа өнімділік 10,5 центнерді құрады. Жиында инфрақұрылымды дамыту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, «Есіл – Астана» магистральдық газ құбырының жобасы ауданның 20 елді мекенін қамтып, 17 мыңнан астам тұрғынды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермекші.
Кездесуді қорытындылаған Марат Ахметжанов инвестиция тарту бағытындағы жұмысты жандандырып, нақты нәтижелерге қол жеткізу қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, жүзеге асырылып жатқан жобаларды сүйемелдеумен қатар, әрбір елді мекеннің экономикалық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану да маңызды.
Аудан әкіміне әр ауылдың әлеуетін айқындап, перспективалы инвестициялық жобалардың тізімін қалыптастыру, сондай-ақ, кәсіпкерлерге құжаттарды әзірлеуден бастап қаржыландыру көздерін тартуға дейінгі барлық кезеңде қолдау көрсету тапсырылды.
Егіндікөл. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов бұл ауданда да тұрғындармен кездесті. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, инфрақұрылымдық жобалар, агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуеті және халықтың тұрмыс сапасын арттыру мәселелері талқыланды.
Кездесуде өңір басшысы еліміздің жаңа даму кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Оның айтуынша, басты міндет – жоспарланған жобаларды нақты іске асырып, олардың нәтижесін тұрғындардың күнделікті өмірінен көру.
Аудан үшін маңызды жобалардың бірі «Орталық – Батыс» автомобиль дәлізінің құрылысы. Оның Ақмола облысы аумағындағы ұзындығы 354 шақырымды құрайды. Соның 121,3 шақырымы аудан арқылы өтеді. Қазір жобалық құжаттама түзетіліп, облыстық маңызы бар жолдарды Автомобиль жолдары комитетінің балансына беру жұмыстары жүргізілуде.
Аудан орталығы мен ауылдарда да бірқатар жұмыстар атқарылды. Егіндікөл ауылында сегіз көшеге жөндеу жүргізіліп, 32 жарықтандыру тірегі мен бағдаршам орнатылды. Жеңіс көшесінде жаяу жүргіншілер жолы салынды. Сонымен қатар, 35 жылдан кейін алғаш рет Егіндікөл мен Спиридоновка ауылдары арасында автобус қатынасы қайта жанданды.
Спиридоновка ауылында жағажай аумағы абаттандырылды. Ал, Егіндікөлде демалыс аймағын құру жұмыстары жалғасуда. Жастар саябағындағы футбол алаңы жаңартылып, жағажай волейболына арналған алаң жабдықталды. Сондай-ақ, екі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті жөнделді.
Жылумен қамту жүйесін жаңғыртуға да басымдық берілді. Биыл аудан орталығындағы қазандықты жаңғыртуға облыстық бюджеттен 65 миллион теңге бөлінді. Дегенмен, құрылыс саласын ілгерілету керек болып тұр. Ауданда үйлер көбіне жекелеген адамдардың өз күштерімен салынуда. Бұл саладағы азды-көпті жетістікке кәсіпкерлер көмегімен аудандық аурухананың педиатрия бөлімшесінің жөнделгенін, Буревестник ауылында медициналық пункт пен ауыл әкімдігі орналасатын әкімшілік ғимарат салынып жатқанын жатқызуға болады.
Кездесуде бұрын көтерілген мәселелердің орындалу барысы да қорытындыланды. Айталық, Бауман ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт медицина мамандарымен толық қамтамасыз етілген.
Жиында сондай-ақ, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Қолайсыз ауа райына қарамастан, аудан диқандары 279,3 мың гектар алқаптан 292 мың тоннадан астам астық жинады. Әр гектардың орташа шығымдылығы 10,5 центнерді құрады. Жиналған өнімнің шамамен 90 пайызы үшінші класты бидай болса, оның 70 пайызы жоғары ақуызды Hi-Pro санатына жатады. Бұл ретте, соңғы үш жылда майлы дақылдар көлемі бес есеге артып, 4,7 мың гектардан 23 мың гектарға жеткенін айтуға болады. Мұның бәрі ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға биыл 11,8 миллиард теңге бөлінгендігінен де болып отырған оң нәтиже.
Өңір басшысы кездесуде мал шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге инвестиция тарту қажеттігін атап өтті. Осы бағыттағы жобалардың бірі – «Жұлдыз КП» шаруашылығының Жалманқұлақ ауылында диірмен-өндірістік кешен салу жоспары. Жобаға 3 миллиард теңге инвестиция салынып, жылына 40 мың тонна астық өңделетін болады. Сонымен қатар, 30 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Ауданның етті мал шаруашылығын дамытуға да мүмкіндігі бар. «Береке» бағдарламасы аясында «Қоржынкөл-А» шаруашылығы 1,1 миллиард теңгеге 500 бастан астам ірі қара сатып алуды жоспарлап отыр.
Марат Ахметжанов өз сөзінде мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдаланудың, фермерлік шаруашылықтардың кооперациясын дамытудың және мал басын көбейтудің маңызын атап өтті. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісін жолға қою қажеттілігі айтылды.
Кездесу қорытындысында аудан әкімдігіне «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясындағы жұмысты жандандыру тапсырылды. Әр ауылдың экономикалық әлеуетін саралап, нақты жобалар тізімін әзірлеу қажет. Жобаларда қажетті қаржы көлемі, ашылатын жұмыс орындары және өнім өткізу нарықтары ескерілуі тиіс.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

