Елорданың іргесіндегі аудан әлі де дамып, ілгерілеуі тиіс

Әкім – ел ішінде

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов кезекті жұмыс сапарымен Шортанды ауданында болып, тұрғындармен өткізген кездесуінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын пысықтады және алдағы Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын ауқымды міндеттерді жеткізіп, оларды шешу жолдарын белгіледі.

Жиын барысында сондай-ақ, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларын өркендету бағыттары жан-жақты талқыланды. Өңір басшысы жергілікті атқарушы органдар тек жоспарды орындаумен шектелмей, нақты нәтижелерге қол жеткізуі, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға басымдық беріп, инвестиция тартуы және халықтың әл-ауқатын арттыруы тиіс екендігін баса атап өтті.

Аудандағы инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл аудан орталығы Шортанды кентіндегі қазандықтар жаңғыртылып, үш жаңа қазандық орнатылды және бір резервтік қазандық сатып алынды. Нәтижесінде жабдықтардың тозу деңгейі 50 пайыздан 20 пайызға дейін төмендеп, қуаттылығы сағатына 24,5 Гкал-ға дейін артты. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Өткен жылы Дамса ауылында 3,2 шақырым жылу желісі тартылып, блокты-модульдік қазандық орнатылса, алдағы 2027-2028 жылдары осындай ауқымды жобалар Шортанды мен Жолымбет кенттерінде жүзеге асырылады.

– Жылумен жабдықтау жүйесін дамыту жұмыстары жалғасуда. Оны 2027-2028 жылдары кезең-кезеңімен жүргізу жоспарланған. Осының нәтижесінде 93 көппәтерлі тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылады, – деді бұл орайда аймақ басшысы.

Шортанды ауданының тұрғындары үшін ең қуанышты жаңалықтардың бірі – «Есіл – Астана» газ құбырын салу жобасы. Бұл бастама өңірді табиғи көгілдір отынмен қамтып қана қоймай, кәсіпкерлік пен өнеркәсіптің дамуына жаңа серпін береді. Жоба аясында ауданның 29 елді мекені: Шортанды, Бозайғыр, Дамса, Научный, Степное, Бектау, Петровка, Пригородное, Андреевка, Новоселовка, Раевка, Ключи, Төңкеріс, Мыңкөл, Октябрьское, Қара-Адыр, Гуляй-Поле, Конкрынка, Белое Озеро, Алтайское, Егемен, Новографское, Ошақ, Камышенка, Новокубанка, Новопервомайское, Новоказахское, Қаратөбе, Қаражар табиғи газбен қамтылады. Орталықтандырылған газ жүйесіне 25,6 мыңға жуық тұрғыннан бөлек, әлеуметтік саланың 25 нысаны, қолданыстағы 6 қазандық және 37 өндірістік нысан қосылады деп жоспарлануда.

Жол желісін жақсарту бағытында да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Ақмола облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаковтың айтуынша, биыл ауданның үш елді мекенінде жалпы көлемі 2,5 мың шаршы метр жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, екі жыл бұрын облыс әкімінің тапсырмасы мен жергілікті тұрғындардың өтініштері ескеріле отырып, Шортанды – Пригородное бағытындағы 60 шақырымдық жол учаскесіне жөндеу жүргізілген. Биыл су тасқынына қарсы дайындық аясында Петровка – Қарадыр автожолы нығайтылып, бұл жұмыстар 2027 жылы да жалғасатын болып отыр. Ал, ұзындығы 50 шақырым болатын Жолымбет – Шортанды жолына орташа жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, жұмыстың өзін 2028-2029 жылдары бастау көзделіп отыр.

Әлеуметтік сала да назардан тыс қалған жоқ. Биыл Дамса, Жолымбет, Научный, Раевка, Төңкеріс, Ключи және Шортанды кентіндегі 7 білім беру нысаны жөндеуден өткізілді. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен соңғы үш жылда бөлінген 250 миллион теңгеге Ключи, Новоселовка, Мыңкөл ауылдарының мектептері мен Шортандыдағы №3 мектепте заманауи пәндік кабинеттер жабдықталды.

Денсаулық сақтау саласында аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жасалып, Пригородное ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Сонымен қатар, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған 36 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, тұрғындарға жаңа баспана кілттері табысталды.

Ауданның экономикалық тірегі – агроөнеркәсіп кешені биыл да жақсы нәтижелер көрсетті. Соңғы үш жылда майлы дақылдардың егіс көлемі шамамен 7 есеге артып, 51 мың тонна өнім жиналды. Дәнді және бұршақ дақылдарының жалпы түсімі 206 мың тоннаны құрады. Оның 85 пайызы үшінші сыныпқа жататын жоғары сапалы бидай. «Баскөл-2012», «СХП Октябрьское» және «Петровское» секілді маңдайалды шаруашылықтар жоғары көрсеткіштерімен ерекшеленді.

Шаруаларға субсидиялар, жеңілдетілген несиелер түрінде 13,9 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Мал шаруашылығын дамыту аясында Ошақ ауылындағы «Агробиф» ет-сүт кешені мен Баскөл ауылындағы «Баскөл-2012» жылқы бордақылау алаңы сәтті жұмыс істеуде. Облыс әкімі шаруаларды бірыңғай ет кластерін құру жұмыстарына және «Игілік», «Береке» жеңілдетілген бағдарламаларына белсенді қатысуға үндеді.

Өнеркәсіп саласына келсек, Шортанды ауданы облыстың жалпы өнеркәсіп өндірісінің 6,6 пайызын қамтамасыз етеді. Мұнда 65 кәсіпорын, соның ішінде Жолымбеттегі екі ірі алтын өндіруші кәсіпорын жұмыс істейді. Экономиканы әртараптандыру мақсатында құрылыс материалдары саласына басымдық берілуде. Атап айтқанда, «НС Алуа» және «Бозайғыр» компаниялары жалпы сомасы 9 миллиард теңгені құрайтын, жылына 180 миллион дана кірпіш шығарылатын екі зауыттың құрылысын жүзеге асыруда. 120 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін бұл жобалар 2027 жылдың алғашқы жартысында іске қосылады.

Жиынды қорытындылай келе, Марат Ахметжанов:

– Бүгінде әкімдердің міндеті тек бюджетті бөлумен шектелмеуі керек. Керісінше, өңірдің кіріс базасын ұлғайту бағытында жұмыс істеу қажет. Инвесторларды өз бетінше іздеп, экономиканың жаңа өсу нүктелерін қалыптастырып, жергілікті жерлерде өндіріс орындарының ашылуына қол жеткізу маңызды, – деп баса айтты.

Кездесу соңында облыс әкімі Марат Ахметжанов зияткерлік сайыс жеңімпаздарын естелік сыйлықтармен марапаттап, әлеуметтік осал топтарға жататын сегіз отбасына жаңа пәтер кілтін табыстады. Биылғы жылы өңірімізде тұрғын үй құрылысы қарқын алып, кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал санаттарына баспана беру ісі жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Өңір басшысы Марат Ахметжанов аудан тұрғындары алдындағы есептік кездесуінен кейін осы ауданда жаңадан пайдалануға берілген 36 пәтерлі тұрғын үйден баспаналы болған Ербол Ерболатұлының отбасына арнайы барып, жаңа қонысымен құттықтады.

Жаңа пәтер иесі  тұрғын үй кезегіне «Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санат бөлімі бойынша 2011 жылы тіркелген. Енді міне, араға аттай он бес жыл салып, Мемлекет тарапынан берілген 3 бөлмелі кең де жайлы баспана «ештен кеш жақсы» демекші, көпбалалы отбасы үшін үлкен қуанышқа айналып отыр. 

– Әрбір шаңырақтың қуанышы – бүкіл өңіріміздің жетістігі. Мемлекетіміздің қолдауымен беріліп жатқан бұл пәтер отбасыларыңызға береке, шаңырақтарыңызға шаттық пен мол ризық әкелсін, – деді осы орайда, облыс әкімі.

Жаңа қоныс иелері де мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлық пен қолдау үшін шынайы алғыстарын білдірді.

Бұдан кейін Марат Ахметжанов А.И.Бараев атындағы Шортанды Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығына барды. Мұнда таяуда Қазақстандағы ғылыми-зерттеу ұйымдары арасында алғашқылардың бірі болып органикалық өнім, соның ішінде өңделген астықтан тұтас дәнді ботқалар мен құрғақ таңғы ас өнімдерін дайындайтын заманауи кешен іске қосылды. Осы жұмыстармен танысқан өңір басшысына кәсіпорынның өндірістік үдерістері, қолданыстағы қуаттары мен болашақ жоспарлары жан-жақты баяндалды.

Құны 424,1 миллион теңгені құрайтын бұл жоба аймақтағы астықты терең өңдеу үдерісін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Кәсіпорын 4 мың гектар алқапта ешқандай химиясыз, таза табиғи әдіспен астық өсіріп, одан дайындалған сапалы өнімдерді сатылымға шығаруды жоспарлауда. Мұндағы басты ерекшелік – ғылыми селекциядан бастап, дәнді дақылдарды өсіру, өңдеу және дайын өнім шығаруға дейінгі барлық кезеңді қамтитын толық өндірістік циклдің қалыптасуында.

– Біздің бұл цехымыз ғылыми әзірлемелерді іс жүзінде қолданысқа енгізудің және ешқандай химиясыз таза табиғи өнім өндірудің жарқын үлгісі болып табылады. Алдағы уақытта осы өнімімізді толықтай республикалық нарыққа шығарып қана қоймай, шетелдік нарықтарды да кеңінен игеруді жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта осы бағытта әлеуетті инвесторлармен және серіктестермен маңызды келіссөздер жүргізілуде, – деді «А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарма төрағасы Бауыржан Калибаев.

Жаңа өндіріс орны озық технологиялық жабдықтармен, соның ішінде астық тазалағыш және жуу машиналарымен, заманауи диірменмен, LT65 экструдерімен, бу камерасымен, престермен, кептіру және буып-түю жабдықтарымен толықтай қамтылған. Нәтижесінде, тәулігіне 400–500 келіге дейін жоғары сапалы тұтас дәнді жарма, тез дайындалатын ботқалар, экструзияланған жармалар мен құрғақ таңғы ас өнімдері шығарылады. Жаңа жобаның іске қосылуы арқасында жергілікті тұрғындар үшін 7 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылған.

Кәсіпорынның жұмысына жоғары баға берген облыс әкімі Марат Ахметжанов бұл жобаның экономикалық маңызына тоқтала келе:

– Бұл ғылым мен экономиканың нақты секторы арасындағы тиімді байланыстың үлгісі. Ғылыми ұйымның зерттеу жүргізіп, дәнді-дақылдар өсірумен ғана шектелмей, органикалық өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті өз күшімен жүзеге асыруы өте құптарлық. Мұндай тәсіл отандық өңдеу өнеркәсібін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады, – деді.

Осылайша, ғылым мен өндірісті ұштастырған бұл бірегей кешен өңірдегі агроөнеркәсіп пен терең өңдеу саласының жаңа даму жолын айқындап отыр.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар