Белсенді жастар құлшынысы

Жолдауға – қолдау!

Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Көкшетауда өңірдің белсенді жастары бас қосып, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылады.

Кездесу барысында жастардың қоғам өміріндегі рөлі мен ел дамуына қосар үлесі сөз болды. Жиында баяндама жасаған облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауындағы басым бағыттарға тоқталып, елімізде жүзеге асырылып жатқан маңызды бастамаларды атап өтті. Оның айтуынша, елдің өркендеуі үшін жастардың терең білім алып, тағылымды тәрбиеге ден қоюы аса маңызды. Сондай-ақ, «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» қағидаттары мен «Таза Қазақстан» акциясына, өңірде қолға алынған игі бастамаларға жастардың белсенді атсалысуы қажет.

– Президент Жолдауында өскелең ұрпаққа жағдай жасау және жастарды қолдау мәселесі баса айтылған. Бұл орайда, бүгінгі тарихи өзгерістерді халықпен бірге жүзеге асырып, еліміздің дамуы үшін аянбай еңбек етуге тиіспіз. Мәселен, «Таза Қазақстан» акциясы тек сыртқы тазалық емес, ол жан мен тән тазалығы. Сондықтан, мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайлардың барлығы жастардың болашағы үшін, – деді ол.

Жиын аясында жастардың қоғамдық бастамаларға қатысуын арттыруға бағытталған тағы бір маңызды қадам жасалып, «Бурабай» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және облыстық жастар ресурстық орталығы өзара ынтымақтастықты нығайту жөніндегі меморандумға қол қойды. Бұл құжат алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және жастармен жұмысты жандандыруға кең жол ашады деп күтілуде.

Облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Әлімжан Молдағалидың айтуынша, спорт кешені әр түрлі саладағы балалармен жұмыс істеп, кішкентай бүлдіршіндерден қарияларға дейін қамтиды.

– Бүгінгі меморандум әрі жастармен кездесу біз үшін үлкен шара. Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген қанатты сөзі бар. Біздің болашағымыз осы жастар. Сіздерге айтар ақылым, еңбекке жақын болыңыздар, әрдайым ізденісте жүріңіздер. Елімізде болып жатқан тарихи маңызды оқиғалар кезінде үлкеніміз де, кішіміз де Қазақстанымыздың игілігі үшін аянбай еңбек етуіміз қажет, – деді ол.

Өз кезегінде облыстық волонтерлерді қолдау орталығы фронт-офисінің жетекшісі Дидар Хамзин Астана қаласында өткен Ақмола облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысқан еріктілердің жұмысына тоқталды.

– Еліміздің бас қаласындағы жәрмеңкеге Ақмола облысынан барған волонтерлер де белсене ат салысты. Атап айтқанда, қарт кісілердің ауыр заттарын автобусқа дейін жеткізіп беруді міндетіне алған Көкшетау мен Қосшы қалаларынан барған еріктілер бұл қоғамдық жұмысты абыроймен атқарып, бүгін марапаттарға ие болды, – деді ол.

Шынында, кездесу барысында өңірдегі белсенді еріктілердің еңбегі лайықты түрде еленіп, бірқатарына Алғыс хаттар табысталды. Марапатталғандардың қатарында Астанадағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін ұйымдастыруға белсене атсалысқан жастар да бар.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар