Тарихыңды таны
Жамбыл Артықбаев,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы.
Осы таяуда ғана «Абылай ханның қара жолы» жобасына кіретін «Абылай хан ордасынан Жиделі Байсынға дейін» атты ғылыми экспедициясының құрамында Мұрат қажы Ыдырысұлының көшбасшылығымен, Өзбекстан Республикасы Анық және әлеуметтік пәндер университетінің жанындағы Түркология орталығының жетекшісі Әнуар Борановтың жолбасшылығымен Көкше-Бурабай, Қараөткел-Астана, Қарағанды (Ақбұйрат-Спасск), Балқаш, Шу, Тараз (Қарахан, Айша бибі, Ақыртас), Шымкент, Ташкент (Қыбырай, Шыршық, Төле би, Қазақстан елшілігі, АӘП университеті), Самарқанд (Имам Бұхари кешені, университет, т.б.), Шахрисәбз (Ақ Сарай, т.б.), Термез (музей, университет, Файзабад, Қара тепе, т.б.), Байсын, Қаршы, Бұхара (Азия халықаралық университеті, Көкілташ музейі) қалаларына зиярат етіп, Жиделі Байсынға барып келдік. Жолсапарды түгел әңгімелесек, ол бір кітап болады, Алла қаласа, оны қыс бойы жазып, Наурызда елге ұсынамыз. Бүгінгі әңгіме тек Жиделі Байсын туралы болмақ.
***
Біз барсақ, Жиделі Байсын елі қазан айының соңында егіндерін салып, қойларын төлдетіп, мешіт, мектептерінің алдында гүл отырғызып жатыр. Біздің жазғытұры, көктемде жасайтын шаруамыз! Міне, осы көрініс Бұқар жырау бабамыздың Абылайға айтатын:
Жаулық жолын сүймеңіз,
Мынау жалған сұм дүние,
Өтпей қалмас демеңіз.
Мұсылман болсаң кетіңіз,
Сырдарияның суынан,
Көлденең кесіп өтіңіз.
Үш жыл малды ту сақтап,
Жиделі-Байсын жетіңіз.
Кісісі жүзге келмей өлмеген,
Қойлары екі қабат қоздаған,
Қатын бала қамы үшін,
Солай таман жетіңіз, – дейтін толғауын бірден еске түсірді.
***
Жиделі Байсыннан қайтарда мен біздің ресми тарих ғылымы мен қазақтың ауызша дәстүрі арасындағы жер мен көктей айырмашылық туралы ойланумен болдым. Біздің ғылыми тарихнамада Жиделі Байсын жоқ, ендеше, Қазақ тарихы да толық мәнінде жоқ деген сөз. Сөзімізге дәлел болсын, қазақтың ең көне эпостарының бірі, біздің эрамызға дейінгі дәуірде пайда болған Иилиада-Одиссеймен мазмұндас, Манас жырына негіз болған «Алпамыс батыр» жыры:
Бұрынғы өткен заманда,
Дін мұсылман аманда,
Жиделі Байсын жерінде,
Қоңырат деген елінде,
Байбөрі деген бай бопты,
Төрт түлігі сай бопты.., – деп басталса, осы дастанның Жиделі Байсындық нұсқасының бісмілләсі:
Өткен қадым заманда,
Қоңырат деген таманда,
Елі-жұрты аманда…
Ұлытаудан әрменде,
Көкшетаудан берменде,
Байсын-Қоңырат жұртында,
Алпыс алты рулы қоңырат елінде, – деп келеді.
(Әбдіназар Пайонов жырлаған «Алпамыс» дастаны. Амантай Шәріптің «Байсын жұртқа барғанда» мақаласын қараңыз (https://turkystan.kz/article/219193-baysyn-zhurtqa-barganda). Ғажап, біз Жиделі Байсын дейміз, олар Ұлытау мен Көкшетау деп жырлайды, өзіміздің Қараөткел-Астана жұртын айтып отырған сияқты.
***
Екінші бір деректің авторы, Еуразия құрылығын желден жүйрік желмаясымен аралаған Асан Қайғы бабамыз: «Ай, Жиделі Байсын, артыма бөктеріп кетер едім, әттең, атым көтере алмайды-ау! Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын тып-тыныш мамыражай ел екенсің» депті. Ел аузындағы әңгімелерге қарап біз Асан Қайғы бабамыздың қай заманда өмір сүргенін нақты біле алмаймыз, бірақ, осынау аңыздық тұлғаның ізі түркі халықтары мекендеген жерлердің бәрінде де бар, соған қарап ІХ-ХІ ғасырлар-ау деп болжаймыз.
***
Үшінші бір дерек тобықты елінің қариялары айтатын әңгімеде бар. Ертісті жағалап орыс келіп қалған уақыт, жер тарылып Шыңғыстауға сыймаған тобықтының биі Қарамендінің ағасы Кеңгірбайға:
Сәлем де Кеңгірбайға, кел кетелік,
Мықты сабаз атанды, терлетелік.
Мұсылманның жолына маңдай қойып,
Аты жақсы дариядан әрі өтелік, – деген әңгімесі бар (Құдайбердіұғлы, 1911, 31 б). «Аты жақсы дария» деп бұл жерде Сырдария айтылып отыр. Жарықтық Қараменде би руластарын бастап, Жиделі Байсынға қарай көшемін деп, Балқаш көлінің маңында аялдап қалыпты.
***
Төртінші деректі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы аңыз тілімен, шежіре деректері қосылып, өте әдемі баяндайды: «Бұл Ауған жұрты әр рудан құрылып, жұрт болған ел. Біз білгенде Жиделі-Байсын атына қызығып, Асан қайғы барған. Оның соңынан Қазтуған барған. Орақ Мамай барған. Телағыс барған. Тама Шора батыр, Кіші жүзден шыққан әз Едіге барған. Жиделі – өзен аты, Байсын – тау аты. Тау болғанда тамаша тау. Ел қай жерінде, мал қай жерінде жүргенін жан білмейді. Ел-жұртының көбі қазақ. Байсын – Қоңырат атанады. Шаһарлары — Балық (Балх-Ж.А.), Бадақшан. Құндыз — Талқан атанған жерлері болады. Қырғыз-Лақайдың лақайы Құндыз-Талқанда. Елін ақсақалдар билейді».
Бұл мәтіннің әр жолын жеке талдау керек, бастысы Жиделі Байсыннан әрі Ауған жұрты. Біз осы сапарымызда тура сол шекарада, Термез қаласында болдық. Лақай елі туралы әңгіме бөлек, Байсын Қоңыратымен аралас, Куляб, Қорғатөбе бағытындағы ел. Қоңырат та, Лақай да әлі күнге байырғы қазақ тілі мен мәдениетін сақтап отыр.
***
Мәшһүр шежіресіндегі екінші бір дерек Төртуыл-Сүйіндік Олжабай батырға қатысты. Әңгімеге қарағанда Олжабай батыр қойды қошқарсыз, сиырды бұқасыз, түйені бурасыз, жылқыны айғырсыз қалдырып, Жиделі Байсынға елді бастамақ болған сәтінде дүние салыпты делінеді.
***
Мәшһүр шежіресіндегі үшінші бір деректер Ресей Петропавл бекінісін салған уақытта, жерінен айрылған Арқа қазақтарының Жиделі Байсынға көшуі туралы. Орысты тоқтатпадың деп Абылай ханға өкпелеп кеткен еді делінеді.
***
Қазақ арасындағы Жиделі Байсын туралы деректердің соңғы легі Столыпин реформасына байланысты қарашекпендердің жаппай келуі және 1916 жылғы көтеріліс кезінде болды. Менің нағашы атам Ақшал бірадар көтерілістің ортасында болған екен. Ресей жазалаушы отрядтар жіберіпті. Шешей «әжем айтып отырушы еді» деп (әжесі – енесін айтқаны) уықтарды қысқартып, қарынға майға қуырып ет салып, біздің елдің Жиделі Байсынға көшеміз деп дайындалғанын есіне алушы еді. Патшаның жазалаушы әскерлері қудалаған момын бақташыға кең сахара құмырсқаның көзіндей болып тарылып қалды. Қазақ байғұс Жиделі Байсын деп қопаңдамағанмен, оны білген жан болмады. Амал жоқ орыстың тепкісіне қайта келді.
Осылайша «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, адамы жүзге дейін жасаған, малы екі төлдеген, уайым-қайғысы жоқ» жұмақ мекен ХХ ғасырда мифтік өлке санатына кірді, ол Бағаналы басты орда, Жерұйық, Ергене көң сияқты көшпелілердің көзінен бұлбұл ұшып, қиялында ғана қалған утопиялық кеңістік қатарына енді.
***
ХІХ ғасырдың соңында Жиделі Байсын өңірі туралы деректер тек ғұлама шежірешілер мен жады терең ақындардың ғана шығармаларында кездеседі. Оның өзінде некен-саяқ. Мәселен, сонымен Жиделі Байсынның әфсанаға айналуы бас-аяғы бір ғасыр ішінде іске асқан. Қазақ фольклор нұсқаларында қазақ тарихына тікелей қатысты өлкенің мифтік сипатқа түсуі де осы уақытта.
***
Жиделі Байсын өлкесі Бұхара хандығына қарады. Байсын жері – Термез, Шерабад аудандарында қоңырат, Сурхандарияның орта ағысы, Хиссарда жүз, Қабадианда дүрмендер, Кафирниган мен Вахш аралығында лақай, одан әрі Құндызға дейін қатағандар қоныстанды. Жиделі Байсынның кіндік аймағы қазір Өзбекстанның Сұрхандария мен Қашқадария уалайаттарының жан-жағы таулар (Байсын тауы, Кереге тау, т.б.). Бұл өлкенің негізгі халқы Мұхаммед Шайбани ханмен бірге келген Дәшті-Қыпшақтың жауынгер рулары. Олардан ертерек келген шағатай аталатын рулар да бар, яғни, Шағатай хан ұлысынан қалған елдер. Бұл өлкеде ертедегі ақ ғұндар мен түрік-оғыз тайпаларынан қалған жұрнақтар да аз емес. Соның бірі қазіргі күні бір қысымы Қазақстанға көшіп келіп, қазақ қатарына кіріп жатқан лақай елі. Қазіргі уақытта Ауғанстанмен шектесетін, Бұхара қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай, ал, Душанбеден төменгі өлке қазақтың ескі әңгімелерінде барынша көрініс тапқан. Тек Жиделі Байсын аты ғана емес, ол жердегі таулар, сулар, рулар жиі аталады. Бұқар жыраудың Абылайды мақтап, «Дәу таласты үніңіз, Қарсы мен Құзарға» дегенін еске алыңыз. Бұл жердегі Қарсы – қазір Қарши, Құзар-Гузар аталады. Әмударияның сол қапталынан килігетін салалары Сұрхандария, Кафирниган, Вахш, Қызылсу, Шерабад өзендерінің бойында қазаққа дәстүрлі мәдениеті жақын рулар тұрады. Бір сөзбен айтқанда түркі көшпелілерінің жаз жайлауы алып Арқа жері болса, қысқы қонысы ұзын аққан Сырдария, одан әрі Жиделі Байсынға дейінгі өлке. Елмен танысып-біліскенде анықтағанымыз, қай ру көп, басым болса, өзгелері соның құрамына кіре береді. Мысалы, біз кездестірген азаматтардың біреуі қоңырат ішіндегі арғынмын десе, екіншісі найманмын дейді. Бұл ретте, қазақ шежіресінің ең толық та, төл вариантын жасаған М.Ж.Көпейұлының Арғынның көпшілігі Жиделі-Байсында қалды деген әңгімесін еске түсірген ләзім: «Ал енді Арғынның аты белгісіз төртінші әйелінен төрт бала туған: Ақташы, Бақташы, Бұғышы, Тағышы. Бұлардың тұқымы Жиделі Байсында, бұл жақтағы арғыннан көп болмаса аз емес, асылы Арғын он екі ата».
Қазақ тарихының небір тамаша беттері Бұхара қаласының маңы, Сырдың арғы жағы, Жиделі Байсын жұртында жазылғанын ХІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Сақау Мәукеұлы жырларынан оқимыз:
Әз Тәукенің тұсында,
Қарлығаштай қайрылысқан,
Қалың қазақ ел екен.
Байсынға барса, мал бөгіп,
Жататұғын кезі екен.
Құлын жүні бөрте екен,
Бөрте қозы өсірген,
Байсындай шүйгін бар ма екен?!
Еділ, Жайық есіліп,
Ойнап жатқан су екен.
Ертіс, Есіл мөлдіреп,
Мейір қанар нәр екен.
Қырдың жоны – Қоңыртау,
Аса бір асу бел екен!
Алатаудың арқасы,
Ақбураның құмындай,
Сүңгіп жатқан мұз екен.
Сырдың бойын жайлаған,
Қалың Қоңырат елі екен.
Желмаясын желдіртіп,
Нар түйесін боздатып,
Байтақ жатқан Сыр бойын,
Шүйгіп жүзген халық екен.
ХІХ ғасыр ортасында өмір сүрген жыр алыбы Дулат Бабатайұлының «Зар заман» сарынында жазылған тарих көші туралы кестелі шумақтарында қазақ елінің дәулетті-сәулетті шағы Жиделі Байсында өтті делінеді:
Әуелгі қазақ деген жұрт,
Миығыңды көрсетпей,
Ұстарасыз өскен мұрт.
Емін-еркін ен жайлап,
Өсіп едің Бұхарда.
Сен Бұхарда кезіңде,
Бәтуа бар сөзіңде,
Келелі биің сенімді,
Қара бір халқы көнімді,
Тыныш еді еліміз.
Шаңына малың аунаған,
Дәулетің өсіп қаулаған,
Тел емес малды саумаған,
Бұхар-ай шәрі дейтұғын,
Өскен-өнген жеріміз.
***
Қорыта айтсақ, қазақтың ауызша дәстүрінде, әсіресе, шежіреде Жиделі Байсын аймағы тамаша көрініс тапқан. Бұл жанға жайлы аймақтың келісті суреті эпикалық жырларда да, жеке ақындардың шығармашылығында да бар. Сақау Мәукеұлы мен Дулат Бабатайұлының суреттеп отырған қонысы жазба деректерде Бақтрия, кей деректерде Тохарстан аталады, ал шын мәнінде бұл қазақтың Жиделі Байсыны.
(Жалғасы бар).
![]()

