Елдің дамып, өркендеу бағыттарының негізі

Жолдауға – қолдау!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент қызметіне кіріскенінен бері халыққа жолдаған Жолдауларының мазмұнында азаматтардың сұранысына жауап беру, әлеуметтік әділеттілік, мемлекеттік органдардың жауапкершілігі, қоғамдық диалог және әлеуметтік қолдау мәселелері маңызды орын алып келеді.

2019 жылғы Жолдауында азаматтардың әл-ауқатын арттыру, тиімді мемлекет қалыптастыру және қоғамдық келісімді нығайту мәселелері көтерілді. 2020 жылғы Жолдауында пандемия жағдайында экономиканы қалпына келтіру мен әлеуметтік қолдауға назар аударды. 2021 жылғы Жолдауда халық бірлігі мен жүйелі реформалардың ел өркендеуіндегі орны қарастырылды.

2022-2025 жылдар аралығындағы Жолдаулар саяси жүйені жаңарту, мемлекеттік институттардың жұмысын жетілдіру, экономиканы құрылымдық өзгерту, инфрақұрылымдық мәселелерді шешу және технологиялық даму бағыттарын қамтыды.

2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауы саяси реформалар мен мемлекеттік басқару жүйесін өзгерту мәселелеріне арналды. Сол жылдың 1 қыркүйегіндегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында әділеттілік, қоғамдық бірлік және әлеуметтік-экономикалық міндеттерге назар аударылды.

2023 жылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында экономикалық өсім, өндіріс, инвестиция, кәсіпкерлік және инфрақұрылым мәселелері қамтылды. 2024 жылғы «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында құқықтық тәртіп, экономикалық даму және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері белгіленді. Ал, 2025 жылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» Жолдауы цифрлық трансформация, жасанды интеллект, технологиялық жаңғыру және адами капиталды дамыту мәселелеріне арналды.

Осы тарихи құжаттардың мазмұнын салыстыру Президент Жолдауларының қоғамдағы өзгерістерге, экономикалық ахуалға және жаңа технологиялық міндеттерге сәйкес дамып отырғанын көрсетеді. Жолдаулардың тарихи эволюциясын талдау барысында бірнеше тұрақты бағытты бөліп көрсетуге болады.

Біріншіден, мемлекеттік тәуелсіздік пен ұлттық қауіпсіздік мәселелері Жолдаулардың негізгі бағыттарының бірі болып қала берді. Алғашқы кезеңде бұл міндеттер мемлекеттілікті орнықтырумен байланысты болса, кейінгі жылдары экономикалық қауіпсіздік, халықаралық бәсекеге қабілеттілік және жаһандық өзгерістерге бейімделу мәселелерімен толықты.

Екіншіден, экономикалық даму басымдығы сақталғанымен, оның мазмұны өзгеріп отырды. Нарықтық экономикаға көшу кезеңіндегі міндеттер кейін индустриялық-инновациялық даму, инвестиция тарту, өндірісті әртараптандыру және цифрлық экономиканы дамыту мәселелерімен жалғасты.

Үшіншіден, әлеуметтік саясаттың мазмұны кеңейді. Бастапқы кезеңде әлеуметтік тұрақтылықты сақтау және өтпелі кезеңнің қиындықтарын еңсеру маңызды болса, кейінгі Жолдауларда азаматтардың өмір сапасы, білім мен денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, әлеуметтік әділеттілік және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері кеңінен қарастырылды.

Төртіншіден, мемлекеттік басқаруды жетілдіру тақырыбы үздіксіз жалғасып келеді. Оның нақты көріністері әр кезеңде әртүрлі болғанымен, мемлекеттік аппараттың тиімділігі, жауапкершілігі және қоғаммен байланысы Жолдаулардың тұрақты тақырыптарының бірі болып табылады.

Бесіншіден, соңғы кезеңде технологиялық жаңғыру мен цифрландыру мәселелерінің маңызы артты. Бұл өзгеріс әлемдік экономикадағы технологиялық бәсекенің күшеюімен және мемлекеттік қызметтерді жаңа жағдайға бейімдеу қажеттілігімен байланысты.

Биылғы 2026 жылғы Президент Жолдауының басым бағыттары деп мен мына салаларды айтар едім. Әсіресе, негізгі бағыттар бойынша тоқтала кетейін. Көлік инфрақұрылымында теміржол желілерін кеңейту, транзиттік әлеуетті арттыру, халықаралық көлік дәліздерін дамыту. Энергетика саласында электр қуатының тұрақтылығын қамтамасыз ету, жаңа қуат көздерін іске қосу және қолданыстағы нысандарды жаңғырту. Өңірлік инфрақұрылым бойынша ауылдар мен қалаларда халыққа қажетті қызметтерді қолжетімді ету. Цифрландыруда байланыс желілерін, деректерді сақтау және өңдеу жүйелерін дамыту.

Бұл жерде маңызды қағидат – инфрақұрылымды халықтың нақты қажеттілігіне сай дамыту. Жол, электр энергиясы, интернет, тұрғын үй-коммуналдық жүйелер және әлеуметтік нысандар халықтың өмір сапасын тікелей айқындайтын бағыттар.

Президент Қазақстанды үш жыл ішінде жаппай цифрлық елге айналдыру міндетін қойып, жасанды интеллектіні экономиканың барлық саласына енгізу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, «Digital Qazaqstan» тұжырымдамасын әзірлеу міндеті белгіленді.

Бұл бағыттың негізгі маңызы – мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, өндіріс пен ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін көтеру, ғылым мен жоғары білімде жаңа зерттеу мүмкіндіктерін ашу, отандық IT-секторды және инновациялық кәсіпкерлікті дамыту, киберқауіпсіздік пен деректерді қорғауды күшейту.

Жасанды интеллектіні дамыту үшін бір технологияның өзі жеткіліксіз. Білікті мамандар, сапалы білім, ғылыми-зерттеулер, тұрақты интернет және заманауи есептеу инфрақұрылымы қажет.

Инклюзивті даму дегеніміз – экономикалық және технологиялық жетістіктердің қоғамның барлық мүшесіне қолжетімді болуы. Бұл ұғымды тек мүмкіндігі шектеулі адамдарға жағдай жасаумен шектеуге болмайды. Ол бірнеше бағытты қамтиды:

Әлеуметтік инклюзия: мүмкіндігі шектеулі азаматтардың білім алуына, еңбек етуіне және қоғамдық өмірге қатысуына жағдай жасау.

Өңірлік теңдік: ауыл мен қала тұрғындарының сапалы интернетке, білімге, медицинаға және мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуі.

Цифрлық инклюзия: егде жастағы адамдардың, ауыл тұрғындарының және цифрлық дағдылары төмен азаматтардың жаңа технологияларды пайдалана алуына көмектесу.

Білім беру инклюзиясы: әр баланың жеке қажеттілігіне сәйкес сапалы білім алуына мүмкіндік беру.

Жолдаудағы технологиялық жаңғырудың әлеуметтік мәні де осында: цифрландыру адамдарға қосымша кедергі тудырмай, керісінше олардың мүмкіндіктерін кеңейтуге қызмет етуі керек.

Жолдаудың саяси маңызы тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік саясатының эволюциясын, стратегиялық жоспарлау тәжірибесін және қоғам мен билік арасындағы қатынастардың даму ерекшеліктерін тереңірек түсіну, сараптауда жатыр деп ойлаймын.

Аманбай СЕЙІТҚАСЫМОВ,
Шоқан Уәлиханов атындағы  Көкшетау университеті ректорының
 қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі, тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар