Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бақытжан Әзірбаев: «Халық Базар-Назардан соң Кененнің балалары болмаған деп ойлайды» - АРҚА АЖАРЫ

Бақытжан Әзірбаев: «Халық Базар-Назардан соң Кененнің балалары болмаған деп ойлайды»

Қазақтың халық ақыны, әнші және композитор Кенен Әзірбаев 1884 жылы 19 маусым күні Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мәтібұлақ ауылында туған болатын. Жуырда ақынның есімі Жамбыл облыстық филармониясына берілді. Осы қуанышты жағдайға орай Кененнің өнерлі ұрпақтарының бірі Бақытжан Әзірбаевпен әңгімелескен едік.

– Бақытжан аға, артына өшпес мұра қалдырған халқымыздың аяулы перзенті Кенен атамыздың ұрпағысыз. Бұл бір үлкен мақтаныш шығар?
– Кенен атамыздың өміріндегі ең бір қиын жағдай: ол кісі балаларды кеш көрген, екі рет үйленген. Бірінші әйелі Үлпілдек шешемізден Талжібек, Ұлтай атты екі қыз бар. Олардан тараған ұрпақ Алматы облысында өмір сүріп жатыр. Менің анамның аты – Нәсиха. Анама үйленген кезінде әкемнің жасы қырыққа таяп қалған екен. Анам ол кезде бар-жоғы он жеті жаста болған. Екеуі шаңырақ көтергеннен кейін дүниеге келген балалары жастай шетінеп кете беріпті. Ең атақтысы – Базар, Назар деген ағаларым.
«Базар-Назардың» тарихын халық жақсы біледі. Базар мен Назардан бөлек, Сағатбек, Болысбек, Әбсәмет деген де балалары болған. Бір ағамызды Тұрар деп те атапты. Бірақ Тұрар да тұрақтамапты. Қазіргі үлкеніміз – Төрткен деген әпкеміз. Бала тұрмай қойғаннан кейін, сол әпкеміз дүниеге келгенде көне әдет-ғұрыппен есімін «Төрткемпірбіршал» деп қойыпты. Шешеміз толғатқанда жанында төрт кемпір болыпты. «Қызды болдыңыз, Кенеке» дегенде, әкеміз: «Ораулы баланы анау төрт аруананың аяғының астынан өткізіңдер», – депті. Сол кезде үйге бір шал сәлем бере келіп қалады. «Мына ақсақалдың да аяғының астынан өткізіңдер. Бұл баланың аты – Төрткемпірбіршал», – деген екен. Әпкеміздің сол аты біразға дейін сақталды.
Мектепте «Біздің сыныпта «Төрткемпірбіршал» оқиды» деп қатарластары мазақ қылатын көрінеді. 4-сыныпқа барғанда ғана аты Төрткен деп өзгертіліпті. Атам Төрткемпірдің «төртін» алып, өзінің Кенен деген атының «кенін» қосып, «Төрткен» атапты. Бұл туралы кезінде Сәбит Мұқанов «Кенен ақынның қызы – Төрткемпірбіршал» деген мақала жазған. Әкеміздің жасырақ кезін көрген, көптеген әндерін үйренген де – сол Төрткен тәтеміз. Қазір сексенге келді, зейнеткер. Төрткен әпкемізден кейін 1939 жылы Көркемжан туады. Көркемжанды әкеміз: «Бұл – Жамбылдың батасынан туған бала. Мен – Жамбылдың қасында алпыс жыл серік болып жүріп жыршылық, ақындық өнерді үйренген адаммын. Сол кісінің шәкірті болдым. Үш рет ол кісіден бата алдым. Соның біреуі осы Көркемжанның батасы», – деп отыратын. Базар-Назар өлгеннен кейін Көркемжан дүниеге келіпті. Жамбыл атамыз сонау Қарақастектен Иірсуға келеді. Қордайда екі-үш күн болып, атамызға «бауы берік болсын» айтып, Көркемжанға жыр арнап, бата берген екен. Көркемжаннан кейін 1945 жылы мен тудым. «Көркемжанға серік болсын әрі аттары ұйқас болсын» деп, менің атымды Бақытжан қойыпты. Одан кейін Ақтамақ, Ақбілек деген қарындастарым туылды.
– Кенен атамыз отбасында қандай әке еді?
– Кенен атамыздың өмірі, шығармашылығы туралы айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ «Бұл кісі қандай әке болды? Отбасында қандай адам еді? Балаларын қалай тәрбиеледі?» деген сияқты азаматтық қыры көп зерттелмей жатыр. Өзім 2004 жылы әкемнің 120 жылдық тойына орай «Әке рухымен сырласу» деген кітап жаздым. Бұл – көркем әдебиет емес, перзент ретіндегі парызым ғана.
Әкемнің есімде қалған жүріс-тұрысын, кімдермен араласқанын, бізге қандай тәрбие бергенін шамамның келгенінше жаздым. Әкем барлық тәрбиені дастарқан басында беретін. Шай ішіліп, дастарқан жиналғаннан кейін домбырасын қолына алып, қоңыр дауысымен: «Жақсы әйел деген қандай, жаман әйел қандай? Жақсы адамның мінезі қандай болады?» – деген әңгімелерді көп айтатын. Біз соның бәрін кітап оқығандай, теледидардан көргендей қызықтап отырушы едік. Атақты ақындар, жыршылар туралы көп айтатын, билердің, шешендердің сөзін бізге өнеге етіп отыратын. Домбырасын шертіп отырып: «Ал, балаларым! Мен сендерге қазір Шөже аталарың боламын. Шөже аталарыңның айтқанын айтып берейін», – деп әп-сәтте өзгеріп, Шөже болатын. Шөженің көзі соқыр болған ғой. Әкем соқыр адамның қимылын, шақшасын түзегенін тура салатын. «Домбырам басы балқурай, Басына қонар бозторғай» деп тура Шөженің мақамымен айтқанда, қойылым көргендей болушы едік. «Енді мен сендерге Үмбетәлі аталарың боламын», – дейтін тағы бірде. Үмбетәлі атамыз арқасы қозып, жыр төккенде құйрығымен жорғалап отырады екен. Төрден есікке дейін, есіктен төрге дейін жорғалап, әкем осылайша Үмбетәлі атамыз болатын. Сосын: «Мен сендерге енді Шашубай аталарыңды көрсетемін», – дейді. Атамыз өзі көзбен көрген ақындарын бізге де «көрсетіп», үлгі етуден шаршамаушы еді. Домбырасын шертіп-шертіп жіберіп: Жақсы әйел жұрт алдында жасытпайды, Сабырлы, салмақты боп асықпайды. Алғаны ер жігіттің жаман болса, Достарың, ағайының қашықтайды, – деген өлеңдерімен бізге тәлім-тәрбие беретін.
Кітабымда ол кісінің осындай ерекшеліктерін қамтуға тырыстым. – Кенен атамыздың «Келінжан» әні кімге арналған? – Әкем келінді жетпістен асқан шағында ғана түсірді. Көркемжан ержетіп, он жетіге толған кезде: «Әй, Көркемжан! Менің қатарым немере, шөбере сүйіп жатыр. Мен болсам, жетпіске келдім. Қанша жасарым бір Алланың қолында. Оқуың еш жаққа қашпас. Алдымен үйлен», – деді. Он жетіге енді келген Көркемжан ағамызға он алты жасар қызды әперді. Дина деген жеңгеміз ол кезде Алматыда орыс мектебін бітіріп, енді ғана бір министрлікте хатшы болып істеп жүрген екен. Мен онда он бір жастағы баламын. Жеңгемізді «Победа» деген жеңіл мәшинемен алып келді. Дина жеңешемізге ештеңе айтпапты. «1 мамыр мерекесін ауылға барып қарсы аламыз, гүл тереміз» деп алдап алып келген екен. «Победадан» түсіп жатқан жеңгемнің алғашқы сөзі «Ох! Какой свежий воздух!» болды. Ауылдағы жеңгелеріміз басына орамал жауып, қолтығынан ұстап үйге кіргізеді. Ол кезде шымылдық бар болатын. Шымылдықты құрып жіберіп, жеңгемді отырғызып жатса, ол «Что такое?» деп айқайлап жатыр.
Арасында: «Где Көркемжан? Уберите эту тряпку!» – дейді. Оның шүлдірлеген сөзіне түсінбеген әйелдер: «Қарағым-ау, не деп жатыр? Орманшының үйі дей ме? Жо-жоқ, айналайын, атақты ақынның үйіне келін болдың. Көркемжан да жаман бала емес», – дейді тұс-тұстан жамырап. Атам соның бәрін көріп отырып, «Мына бала қалада өскен, балалық жасап ауылға тұрмай қоя ма?» – деп уайымдады. Беташарға келгенде бет ашатын жігіттің иығына шапанын жауып: «Қарағым, мына шапанға ие бол. Өзіңе тағы да бір мал арнаймын. Жолыңды маған бер», – деді. Жиылған жұрт оны басында түсінбей қалып: «О заман да бұ заман келіннің бетін атасы ашушы ма еді? Кенекеңе не болған?» – деп аңтарылып қалды. Оны бәріміз сезіп тұрмыз. Әкем бір кезде домбырасын шертіп отырып: «Әрі беташар болсын, әрі берген батам болсын, әрі келінге айтқан өсиетім болсын», – деп, сол жерде ұзақ жыр төкті. Сонда өзінің бүкіл өмірін шолып өткендей болды. Баланың зарын айтып, Базар-Назарын тілге тиек етіп, кешігіп көрген баласынан тұңғыш рет келін түсіріп отырғанын айтып, «Келінжан» деген ән шығарды. Қазір айтылып жүрген «Келінжан» әні – сол кезде туған үлкен жырдың төрт-бес шумағы ғана. «Қайтсін енді? Қартайғанда көрген қызығы» деп, кемпір-шалдар қосылып кемсеңдеп жылап, тойда сондай үлкен оқиға болған. «Келінжан» әні бүкіл Қордайға, кейін барлық қазақ жеріне тарап кетті. Жеңгеміз қайындарына ат қою керектігін жеңгелерінен білсе керек. Маған «жалғыз қайным ғой» деді ме, «Төрем» деген ат қойды. Ақтамақты – «Ботагөз», Ақбілекті «Кенжем» деп атады. Ауылда Бидай деген қайнағасы бар еді. «Бидайды қалай атайсың?» дегендерге: «Атын атауға болмайды. «Пшеница жәкем» деп айтамын», – деген көрінеді. Жеңгемнің қылығына бүкіл ауыл күліп жүретін. Жеңгеміз кейін бәрін үйренді. Үй тіршілігіне бейімделіп, нағыз қазақ ауылының келіні болып шықты. Атасының бет ашқанда айтқан өсиеттерін орындады.
– Кенен атаның арғы ата-бабаларында әнші, ақын адамдар болған ба?
– Біз жақта атақты Ноғайбай деген шешен өткен. Құнанбайдың замандасы. Кезінде Абай атамызды Қордайда қонақ еткен екен. Әкеме туыс болып келетін атақты Кебекбай атамыз бар. Қордай халқына билігін жүргізген әділетті, туған-туысқа, әсіресе, кедей-кепшікке жанашыр, әрі батыр, әрі би болған адам.
Гимназия бітірген, орысша оқыған Еркебай Байназаров деген атамыз әкемді көріп, «Кененді тәрбиелесе, үлкен өнер адамы шығады» деп, он алты жасында қырғыздың атақты Шәбден батырының асына апарады. Сол аста әкем Қалмырза, Жамбыл, Бармақ сияқты ірі, іргелі ақындарды көреді. Тойда атамызға кемер белдік сыйлайды. «Өнерің өрістей берсін!» деп баталарын береді. Содан бастап Кенекеңнің өнердегі жұлдызы жана береді. Қазақ-қырғызға Кенен деген аты шығады. – Кенен деген – көп кездесе бермейтін есім. Әкеңіздің атының бұлай аталуының сыры неде екен? – Кенен деген «кең, шалқар, жазира дала» деген мағынаны береді. Оны мен кейін кітаптардан оқып барып ұқтым.
– Кенен атамыздың дауыс ерекшелігі музыка мамандарын да қатты таңқалдырған көрінеді…
– Радиодан естіп жүрген әндеріміздің көпшілігі – қартайған, шаршаған кезінде жазылып алынған әндер. Сексенге таяған уақыттағы дауысы. 30-40 жас аралығындағы дауысы жазылмай қалған. Білгір мамандар әкемнің дауыс ерекшелігімен қатар, кең тынысты диапазонына тәнті болушы еді. Мәселен, «Бұл кісінің көмейінде өзге әншілерде кездесе бермейтін кішкене қуыс қалташық бар. Ән салған кезде ауа сол арқылы бірден емес, біртіндеп шығып жатады. Мұның өзі ерекше қасиет», – деген пікір бар.
Атақты әнші Қайрат Байбосыновтың: «Атамыздың «Бозторғайын» күніне он рет тыңдасам да, қай жерінде үзіліс жасайтынын, қай жерінде тыныс алып үлгеретінін білмей-ақ қойдым. Тынысты ауыз арқылы алатыны, әлде мұрын арқылы алатыны белгісіз. Кенекемнің құпиясы осында болса керек», – дегені бар. Расымен де, «Бозторғай» әнінің қайырмасын үзбей, бір тыныспен айтып шығатыны тек мамандарға ғана емес, жай тыңдаушыға да сезіліп тұратын. Әкемнің айтысына қарағанда, бірде жалайыр елінде үлкен той болыпты. Сонда алты қанат ақ үйдің ішінде әкем «Тік шырқау» әнін шырқап жатқанда, үйдің кереге жіптері бырт-бырт үзіліп, шаңырағы қисайып ортаға түсе жаздайды. Жиылған жұрт «Кененнің дауысына шыдамай кетті» деп шуласып қалыпты сонда. – Кенен атамызға арнап шығарылған фото-шежіре кітаптың авторы да өзіңіз екенсіз… – Атамыздың 125 жылдық тойына арнап, «Өнер» баспасынан бес томдық кітабын шығардық. Артында қалған барлық мұрасын соған енгіздік. Үлкен фото-шежіре жасадық. Сол кітапта ол кісінің өмір жолы, 107 әні бар. Алты күйін қостық. «Жан серігім – домбыра» деген атпен жарық көрді. Ел арасында «Кененнің артында ұрпақ қалмаған» деген ұғым бар екен. «Кенекең ақ ешкіге зарын айтып, ұрпақ сүймей өткен ақын екен» деген аңыздарды да естідім. «Кенекеңнің тікелей баласымын, кіші ұлымын» дегеніме сенбей, күдікпен қараушылар да кездесті. «Жақын туысының балалары шығар» деушілер де көп екен. Сондайды көріп жүргеннен кейін Кенекеңнің фото-альбомын жасайыншы деген ойға бекідім.
Жоғарыда атамыздың екі әйел алғанын айттым ғой. Сол Үлпілдек шешемізден туған Талжібек апамыз бен Ұлтай тәтеміздің ұрпақтарының барлығының суреттерін бергіздім. Нәсиха шешемізден туған Төрткен тәтеміздің, Көркемжанның, менің, қарындастарымның барлығының ұрпақтарының суреттері басылды. Әкеміздің халық көп біле бермейтін қызы бар. 1946 жылы жан-жақтан жер аударылғандар келе бастағанда Дағыстаннан Хәмсиат деген қыз келеді. Екі бауырынан жол-жөнекей айырылып қалған он-он бір жасар қыз Отар стансысына келіп, әркімнің есігінде жүреді. Не бір ауыз қазақша сөз білмейді. Соны көрген әкем қызды қолынан жетектеп, үйге алып келіп: «Мына баланың атын Айша деп қоямыз. Бұл енді біздің үйдің бір мүшесі болады», – дейді. «Айша Кененқызы» деп өз атын беріп, асырап алыпты. Ол Төрткенмен бірге қазақ мектебіне барды. Кейін қазақшаны жақсылап үйреніп, мектеп бітіргеннен кейін Қордайдағы Нәмет деген қазақтың жігітіне тұрмысқа шығады. Сол Айша тәтеміздің бес ұл, бір қызы бар. Қазір Қордай ауданында бір ауыл болып өмір сүріп жатыр.
– Араласып тұрасыздар ғой?
– Иә. Айша тәтем өлерінің алдында балаларына: «Мен о дүниеде тыныш жатсын десеңдер, Нәсиха шешелерің мен аталарыңды құрметтеп өтіңдер», – деп тапсырып кетіпті. Нәсиха шешеміз 2000 жылы 99 жасында дүние салды. Көркемжан қайтыс болғанда да ол балалардың барлығы келді. Айша тәтемізден туған балалардың да суретін альбомға кіргіздім.
– Кенен атаның мінезі қандай еді?
– Атамыз Кенен десе Кенен ғой. Өзімен талай рет дәмдес болған, бірге жүрген ақын-жазушылардың барлығы да әкеміздің асып-тасуды, өзін-өзі көтермелеп сөйлеуді білмейтін, сыпайы адам болғанын айтады. Кең еді, дауыс көтеріп ашулану дегенді білмейтін. Әкеміздің қатты ашуланғанын немесе ұрысқанын көрген емеспіз. Жас кезінде де сондай болыпты. Ол кісінің мінезі туралы он жылдан астам уақыт қасында жүрген, баласындай болып кеткен Мырзатай Жолдасбеков ағамыз жақсы біледі.
Мырзатай аға атамызды көп зерттеді. Ақынның өлеңін, поэзиясын зерттеу бір бөлек те, жан сарайын, ішкі дүниесін, табиғатын білу басқа дүние. Мырзатай аға атамызбен он жылдай бірге жүрді, үйде үш-төрт күндеп жатып, бір бөлмеде атаммен оңашаланып, әңгімелесіп, біраз мәлімет жинап қалды. «Атамыз сендерге айтпайтын көп әңгімесін маған айтты» деген бірде. Атамның жас кезіндегі, сері кезіндегі әңгімелері жайында Мырзакең көп біледі. Атамның өзі «Ер жігіттің мінезі май шылаудай жұмсақ болуы керек» деп отыратын. «Үлкенді аға деп, кішіні іні деп сыйлау керек» дейтін. «Қазағымызда жаман бір әдет бар, жік-жікке, ру-руға бөлінеді. Сондайдан бойларыңды аулақ ұстаңдар. Сендер халық ақынының баласысыңдар, енді халықтың баласы болуларың керек» деп ақыл айтатыны есімнен кетпейді. Меніңше, сол айтқанын орындадық-ау деймін. Төрткен тәтемізден бастап бәріміз сыпайымыз. Ешқайсымызда кеуде көтеру деген жоқ. Бәріміз де еңбек еттік, адал болдық. Әкем: «Біреудің алдына барып, «мен Кененнің баласы едім» деп менің атымды көп сата бермеңдер. Өмірдегі өздеріңнің нәсіптеріңді адал еңбектеріңмен тауып, бала-шағаларыңды өсірсеңдер болды», – дейтін. Жазушы Сәуірбек Бақбергенов ағамыз: «Әй, Бақытжан! Енді екі Кенен тумайды, сендердің мақсаттарың – аталарыңның ұрпағын көбейту», – дейтін.
Ұрпақтарында да тікелей әншілікті немесе ақындықты қуған адам жоқ. Бірақ бәріміз де өнерді сүйеміз, шамамыз келгенше ән саламыз, атамыздың әндерін, сөздерін насихаттаймыз. «Бәріміз анау-мынау мамандық алып кеттік. Балалардың біреуін неге өнер жаққа жақындатпасқа?» – деп, Мұхтар деген ұлымды бес жасында Алматыдағы А.Жұбанов атындағы музыка мектебіне бердім. Астанадағы академияны скрипка сыныбы бойынша бітірді. Осы бала атасының өнерін, мұрасын зерттесе деген ойым бар.
– Атамыздың өмірден өткен кезіне шегініс жасасақ…
– Атамның жасы тоқсан үшке сәл толмай кетті. 1974 жылы 90 жылдығын тойладық. Республика көлемінде үлкен той өтті.
Президиумда өзі отырды, ауылдағы бәйгені де көзімен көрді. Атамыз – сексеннен асқанша ат үстінде жүрген адам. Кейде шешем: «Әй, Кенен! Аттың аты ат қой. Бір күні үркіп кетсе құлап қалып мерт болсаң, ел «аттан құлап өліпті» дейді ғой. Анау мәшинеңе мінсеңші», – деп ұрсатын. Үкімет сыйлаған мәшинесі бар еді. Ондайда әкем: «Ой, Нәсиха-ай! Ол мәшине түзу жолдан басқа қайда барады? Маған Ойжайлауға көтерілу керек емес пе? Анау Қызылқайнарға барып су ішпеймін бе? Жас кездегі өзім жүрген, айтысқан жерлеріме бармаймын ба? Оған сенің мәшинең бара ма?» – дейтін. Кейін сексеннен асыңқыраған соң атты қойды. Қартайыңқырап қалды. Тоқсан екіге келгеннен кейін, жарықтық сезді ме, бір дәптерге қырғыздардан бастап, Күнгей Алатауы, Тоқмақ, Бішкек деп, өзі араласқан барлық адамдардың аты- жөнін жазып кетті. «Мен өлгеннен кейін сендер мұның барлығын қайдан білесіңдер? Білмейсіңдер ғой. Ашаршылық кезде, көтеріліс кезінде маған көп жанашырлық көрсеткен қырғыз ағайындар бар. Өнерімді жоғары бағалаған азаматтар бар. Бәрін сендер жазып алыңдар. Анау-мынау болып кетсем, осыларға хабар бересіңдер», – деп үйретіп кетті. «Анау-мынау шаруаның бәрін үкімет өз қолына алады. Мен халықтың арасында өскен, өмір бойы Алла тағалаға құлшылық етіп, намаз оқып өткен адаммын. Сондықтан келген үкіметтен бір күн рұқсат сұраңдар. Менің жаназамды аударады, мұсылмандық жолымен шығарыңдар. Қалғанын үкімет өзі білер», – деді. Қанша молда келетініне дейін, оған қанша тиын-тебен берілетініне дейін айтып кетті. Тура солай болды. 17-18 молда келді. Кәделердің бәрін істеді. Ертеңіне Мәдениет сарайына сүйегін алып кетті. Сол жатқан жерінде әкеміздің мұражайы тұр. Екі-үш жыл бұрын облыс, аудан әкімшілігі қаражат бөліп, күрделі жөндеуден өткізді. Жанына бес-алты бөлмелі кеңсе салды. Бір кездері егілген ағаштар үлкен баққа айналды. Қазір атамыз сол бақтың ішінде демалып жатыр.
Сұхбаттасқан Марфуға ШАПИЯН.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар