Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өнердің ерен жүйрік Құлагері - АРҚА АЖАРЫ

Өнердің ерен жүйрік Құлагері

Жарық дүниеде уақыттан құдіретті ештеңе жоқ-ау, сірә. Сарқырап аққан дария да, ұшар басын зәулім көкке тіреген асқар тау да осы бір құдіреттің керемет күшіне амалсыз мойын ұсынады.

Ал, пенделер ше? Өз заманындағы өзгеден өнер оздырған, халқының рухани азығы үшін қисапсыз еңбек сіңірген замандасының жарқын бейнесін жадында сақтай бере ме? Ұйтқып соққан желдей, ақбас толқындары аспанға атып буырқанған көлдей өмірдің ағысы бір сәт ойландыруға, толғандыруға мұрша беріп жатыр ма?

Алаштың ұлттық намысын, ұлтының бойындағы, болмысындағы ғажайып қасиеттерді жырлап өткен, сахна тіліне көшірген өнердің ерен жүйрік құлагері Жақып Омаров жерлестерінің есінде жүр ме екен деген сауал мазалайды кей-кейде. Ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, қалалық жерлерде жиырма бес жылдың ішінде бір ұрпақ алмасып отырады екен. Демек, кейінгі толқынның жадына ұлтымыздың асыл ұлдарының өмірі мен шығармашылығы шым-шымдап сіңірілмесе, уақыт тозаңының астында қалып қоюы да мүмкін.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр қойылымдарының А.Попов атындағы Бүкілодақтық конкурсының лауреаты Жақып Омарұлы Ақмола облысы Бурабай ауданына қарасты Мәдениет ауылының тумасы. Көкіректегі сұңғыла сезімталдық, сұлулыққа іңкәрлік бәлкім, туған жердің табиғатымен тамырлас. Көрген жанның көзін сұлулықпен суаратын Бурабайдың бедерлі бейнесі жаратылысынан зерек, өзгеше бітімді, айрықша талантты Жақып Омарұлының көкірегіне көп адамның бойына біте бермейтін ерекше сезімдерді дарытқан-ау, шамасы.
Жақып аға бар ғұмырын сахнаның төрінде өткізіп, бүкіл сана-сезімін, білімі мен білігін ұлттық режиссура сияқты бір қасиетті де қастерлі өнерге арнаған қайраткерлердің үшінші буыны болып есептеледі. Алғашқы лек өнердің өршіл үнін даланың өзінен жинаған асылдар болатын. Кейін кәсіби білімі мен білігі толысқан қуатты, талантты жастар шоғыры келді. Ал, үшінші буын өзгеше дарынды еді. Сол дарынды буынның маңдай алдында 1960 жылы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры студиясының актерлік бөлімін, 1969 жылы Қазақ мемлекеттік өнер институтының режиссерлік бөлімін бітірген Жақып Омаров тұр еді. Жақып Омарұлы азуын айға білеген, осы өнердің майын ішкен театр сыншылары мен көзі қарақты, зерделі де зерек көрермендердің шексіз ілтипатына оп-оңай бөлене қалған жоқ. Мақтау мен марапаттауды қажет етпегенімен, өзінің жан жүрегімен қалаған өнер дәл осылай самғауды талап етті. Қазақ режиссура өнерінде мәңгі өлмес із қалдырған Жақаңның бойындағы кәсіби, адами қасиеттерді саралағанда, көзі көргендер «Жақаң әрдайым жақсылыққа жаны құмар, ізденімпаз режиссер, қамқор жүректі қайраткер, адамгершілігі мол аспан жүректі азамат еді» деп сипаттайды. Жаңалыққа жаны құмарлық таптаурын жолдан қашқандығы. Ұлы өнердің ұбақ-шұбақ көшінде өз сүрлеуіңнің болғаны қандай жақсы. Қиындығы мен қызығы таразының басын тең басып жататын өнер жолы зау биіктегі асқар шыңға бағыт алса, бір жақсы. Тек сол соқпақ жолдың асқар таудың биігіне жете бергенде көгілжім нұрлы көкжиекке сіңіп кететіні жаман екен.
Алғаш рет қазақ сахнасынан Шекспирдің «Макбеті» Жақаңның қойылымында басқа режиссерлар бұрын-соңды байқамай келген жаңа қырымен, философиялық терең сырымен жарқ етіп көрінгенде, осы бір оқиға өнер әлемінде өзгеше құбылыс болды, ол соны серпінмен  ұлттық режиссура деңгейін жаңа қиырға көтеріп тастады. Осындай жаңашылдық Жакеңе тән еді. Мұхтар Әуезов,  Ғабит Мүсірепов,  Сәбит Мұқанов сынды заманымыздың заңғар драматургтерімен қатар, Шекспир, Островский, Афиногенов шығармалары Жақаңның қойылымында өзгеше өріс алып, жаңаша реңмен көркемделіп, қалың көрерменнің көңілінен шығатұғын. Айталық, Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасы Жақаңның қоюымен үш театр сахнасында көрермен назарына ұсынылған. Шымкент театрында режиссер шығарманың желісін Науан Хазірет пен Ақан сері арасындағы қарама-қайшылықтар арқылы өрбітсе, Ақмола қойылымында негізгі тартысты Ақан сері мен Жалмұқан арасында сомдайды. Ал, Көкшетаудағы спектакльде Ақан сері мен Ақтоқтының арасындағы кіршіксіз әдемі махаббат көрініс табады.
Қарап отырсаңыз, бір шығармадан үш түрлі көркем дүние шығарған және олар қандай дүниелер десеңізші. Өрісі кең ұғым, қанат біткен қиял, өзгеше таным, ілкімді ізденіс, осының барлығы Жақып ағаның режиссурасына тән қасиет.
1996 жылы ән ұшып, өлең қонған Көкшетауда ұлттық театрдың ашылуы Жақып Омарұлы үшін айтса тіл жеткізгісіз зор қуаныш болды. Қазақ жерінің қай пұшпағы болмасын, Жақаң үшін айрықша қасиетті еді. Әйтсе де, ұлы өнер өрістеген Көкшетауда көрерменіне рухани азық беретін театрдың болмауы жанын күйзелтіп-ақ жүр еді. Алғашқы қауышу, жаңа өнер ордасы шымылдығының айқара ашылуы. «Ақан сері мен Ақтоқты». Режиссура өнерінің анық, талассыз майталманы Жақып Омаровтың қойылуымен. Осы бір күн көкшелік көрерменнің жадында өшпестей жатталып қалған. Содан бері қаншама жыл өтсе де, ел ілтипатпен есіне алады. 20 жылға жуық халқына қалтқысыз қызмет етіп, рухани әлеміне өлшеусіз нәр құйып тұрған театрдың алғаш қазығының қағылуына, уығының бекуіне Жақаң өз үлесін қосып, жас қырандардың томағасын сыпырып еді.
Үлкен мектептен өткен Қарағанды, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстық театрларының бас режиссері, М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық  драма театрының режиссері тәрізді өнер ордаларының ыстығына күйіп, суығына тоңған, өмірінің соңына дейін Астана қалалық қазақ музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі болып еңбек еткен Жақаңның өнерге шексіз құмар, мәңгілік ғашық жүрегі Уфа қаласына өнер сапарымен барғанда мәңгілік тыныштықтың құшағына енді. Білетіндер өнер деп соққан қайран жүрек мың батпан ыстыққа шыдай алмай жанып кетті десті. Ол жалын өнердің өрті болатын.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар