Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елбасы және Әлемдік діндер Үйлесімі - АРҚА АЖАРЫ

Елбасы және Әлемдік діндер Үйлесімі

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ынта білдіруімен және басшылығымен 2003 жылдан бастап әр үш жыл сайын Астана қаласында тұрақты өткізіліп келе жатқан Әлемнің дәстүрлі діндері лидерлерінің кездесулері Адамзаттың жаңа мыңжылдығының конфессияаралық диалогпен кеңесіп, кездесулер жүйесін құруға жол ашқан жиырма бірінші ғасырдың ұлы оқиғасы еді!

Жабал Ерғалиев,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Міне, Астана тағы да Әлемнің дәстүрлі діндері лидерлерінің VI-съезін өткізгелі отыр. Сонау 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 1-ші съезінен бергі уақыт кезеңінен бері дүние тынысы алқынып, жүрек соғысы да жиілеп, адам баласының Жаратқан берген тіршілік үшін күресінің жанталасы күшеймесе, бәсеңсімеген сыңайлы. Бұған бүгінгі әлем куә!
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз елінің Астанасына көне тарих бұрын-соңды естіп те, көріп те білмеген әлемдік маңызы бар түрлі діндер лидерлерінің форумын жинауы, бұл енді жалпы Адамзат баласының өзара түсінушілік және бірін-бірі құрметтеу, бірінің уәжін бірі төзімділікпен тыңдай білуі арқылы бейбіт қатар өмір сүру үшін бір қадам болса да ілгері басқандығы еді.
Әлі де есімізде! Елбасы 2003 жылдың ақпан айының 13-де мұсылман, христиан және еврей ұйымдары бас қосқан діндер және мәдениеттер мен халықтардың жақындасып, түсінісуіне тарихи жол ашқан бейбітшілік пен келісім мәселесіне арналған халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде конфессия өкілдеріне Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу туралы өз ойын ортаға салған-ды. Қазақстан Президентінің осы cъезд өткізу жөніндегі ниетін кезінде Ватиканға жасаған сапары барысында католик шіркеуінің өкілдері әбден құптап, қолдаған да болатын.
Елбасының сарабдал ой-ниетінің түпкі мақсаты сан ғасырлар бойы шешімі табылмай, қордаланып келе жатқан жалпы адамзаттық мүдделерді шешу жолдарын әлемдік және дәстүрлі діндерден іздеп табу және де жаңа ғасырдағы Адамзат тағдырының шешуші кезеңінде халықаралық конфессияаралық институттың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету еді.
Елбасының осы ізгі де иманды ниетінің жүзеге асып отырғандығына енді айдай әлем, 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде Астанада өткен 1-ші Әлемнің дәстүрлі діндері съезіне әлем көз тігіп, бар назарын аударған-ды. Өйткені, жалпы тіршілік пен адамзат жаралғалы түрлі Діндер өкілдерінің мұндай басқосуы мүлдем болмаған-ды және ешкімнің де ойына кіріп шықпаған да ұлы оқиға болатын.
Сол 1-ші съезге қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тұрақты үнқатысудың құндылығы мынада, орын алып отырған келіспеушіліктерге қарамастан, бәзбір «алтын ортаны» іздеудің мәні мен процесінің өзі сақталады. Және ең бастысы, үнқатысу бейбітшілік пен келісім аумағын, үйлесім мен айқындық уақытын қалыптастырады. Мен діни үнқатысудың сөзсіз құндылығын осыдан көремін. Осыған байланысты мен барлық діндер мен конфессиялардың өкілдеріне Діндер форумын тұрақты негізде өткізу ұсынысымен қайырылып отырмын», – дей келіп Ұлы Жаратқанның Адам баласына хақ еткен ізгілік пен мейірім, сабыр мен төзім, ақыл мен парасат, ынсап пен қайырымдылық сияқты асыл парыздарын адал орындау аманатын арқалаған-ды.
Сол Жаратқанның Назарбаевтай ұлы перзенті «барлық діндер мен конфессиялардың өкілдеріне Діндер форумын тұрақты негізде өткізу ұсынысымен қайырыла отырып» шақырған сол 2003 жылдан бері, санамалап айтар болсақ, 2006 жылдың 12-14 қыркүйегінде «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» тақырыбымен өткен екінші, 2009 жылдың 1-3 шілде аралығында «Төзімділікке, өзара сыйластық пен ынтымақтастыққа негізделген бейбітшілікті құрудағы дін лидерлерінің рөлі» тақырыбымен өткен үшінші, 2012 жылдың 30-31 мамыр аралығында «Адамзат таңдауы – бейбітшілік және келісім» тақырыбымен өткен төртінші, 2015 жылдың 10-11 маусымында «Бейбітшілік пен даму жолындағы діни және саяси қайраткерлердің үнқатысуы» тақырыбында өткен бесінші cъездер Ұлы да көне тарихтың беттеріне Ұлы Даланың ұлы перзенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз ақыл- парасатының алтын қаламымен мәңгіліктің мәңгілігіне жазып қалдырған Құдайы ісі болып қала берері анық.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы бір Құдайы ісі, яғни, әр үш жыл сайын Астанада бес мәрте өткізіліп келген осы съездердің барлығы да әлсін-әлсін қаны басына теуіп, кегі бірде өршіп, бірде өшіп, кей-кейде от қарудың ұңғысынан ұшқан от жалынымен өртеліп кетерліктей әлемдік саясатты сабасына түсіріп, есін жиғызып, ойландырып отырғандығын да және де ойландырып келе жатқандығын да мойындағанымыз абзал!
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы бір Құдайы ісі Адам баласы жаратылып және олардың діндері пайда болған сан мыңдаған жылдар бойы түрлі діндер өкілдерінің бір-бірімен қарама-қарсы бірге отырып, Адамзат мүддесін тұңғыш рет парасатты сабырмен талқылауының тұңғыш қадамы болғандығын және де бұл қадам бұрын-соңды Адамзат пен Діндер тарихы естіп, білмеген де, көз көрмеген де ұлы оқиға мен сауапты қадамы деп танығанымыз абзал!
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы бір Құдайы ісі Адамзат баласының тіршілігі мен өркениетін бірін-бірі жалаңдап жұтуға ниеттенген жаһандану пиғылын Дін арқылы, Құдай сөзі арқылы өзара түсіністікке бұрған иманды қадамы болғандығын да айта білгеніміз абзал!
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы бір Құдайы ісі ХХI-ші ғасырдағы бүгінгі дүние тіршілігі үшін жаһандық жаңа қатерлер бой көтере бастаған қатерлі тұста түрлі діндердің ғасырлар бойғы ізгі де жасампаздық мол тәжірибесі мен Жаратқанның сөзін бітімгершілік пен келісімнің пәрменді құралы ретінде пайдалануға жасаған біздің Президентіміз сынды Адамзат баласының тұңғыш қадамы мен әрекеті болғандығын да айтқандығымыз абзал!
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы бір Құдайы ісі бүгінгі ойлы әлемнің бүгінгі дамуына адам баласының жаңаша әрі жауапты көзқарасы қажеттілігін, ол үшін жұдырықтай ет жүрегіңе тұтас әлемді, барлық Адамзат мүддесін қазақ елінің Президентіндей сыйғыза білу қажеттілігін түрлі діндер мен конфессиялардың жетекшілері де, жалпы әлем саясатшылары да төрткүл дүниеге толық мойындатып отыр.
Біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кез-келген адам баласының жүрегінде өз Құдайы бар екендігін және де сол Құдай сөзі арқылы Адамзаттың қандай да болмасын күйіп тұрған өзекті мәселесін шешуге, ұлтаралық пен дінаралық келісім мен татулықты бекемдеп, нығайта түсуге әбден қабілетті екендігін жан жүрегімен сезіне алған-ды. Тек адам баласына біздің Президентіміздің сабырындай сабыр берсін деңіз!
Біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Адамзаттың осы заманғы басты қатерлері – лаңкестік, жаппай қырып-жою қаруының таралуы, трансшекаралық қылмыстың өсуі болса, бұлар келіп адам баласының рухани жан дүниесіне де зардапты қатерін төндіріп тұрса, бұл Адамзаттың мың жылдықтар бойы қалыптасқан рухани дәстүрлерден қол үзушілігінде жатқандығын да айтып келеді.
Біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Құдайды іздеу» пердесін жамылып, барша ұлы ұстаздар айыптайтын шын мәніндегі үрейлі әрекеттер жасалып, белгілі бір дінді агрессияшыл деп айыптаудың біржақты әдеті айқын әлпетке көшіп, оның бәсеңдемей келе жатқандығын, сөйтіп, ұлы діни қағидат жайындағы ой-ниетті, сөз бен әрекетті күштемеу қағидаты туралы ұмыта беретіндігімізді, ал оның астарында осы заманғы мүдделер тұратындығын айта білді.
Біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев адам баласының бір-біріне деген мейірім-шапағатын оятарлықтай иманды қағидаттардың Адамзаттың осы заманғы дүниеде аман қалуының нақты негіздері бола алатындығы жайлы талай бір айтқан ойлы сөзі әлемге кеңінен таралып та кеткелі қашан!
Көңілімізге түйген осы ойларымызды біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы маусым айының 10-11 аралығында болып өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері V-ші съезінің ашылуында сөйлеген сөзіндегі: «Этносаралық және дінаралық жанжалдарды қате саясаттың туындататынын ашып айтқым келеді. Ол елдерді, адамдар мен қоғамды бүлдіреді. Біз бүгінде де оны әлемнің түрлі түкпірлерінен көріп отырмыз. Бірақ, халықтардың өзара тартылысы, тілдерді, мәдениетті, рухани әлемді өзара тану, сауда мен тату көршілікті дамыту әркезде де мәңгілік болған, болып қала береді. Және халықтар достығының осынау үрдісі әсіресе, жаһандану ықпалымен ХХІ ғасырда күшейе түсуде. Рухани және саяси лидерлер бірлесе отырып, адамзат әлемін неғұрлым өнегелі және толерантты жасай алары анық», – деген заманауи қағидаты ендігі дүние дамуының ұстанымы мен заңдылығына айналғандығы да абзал болар еді!
Қазақстан және оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жаратқанның тіршілігі мен Адамзат алдындағы өзінің Құдайы да иманды ісін адал атқарып келеді. Бұған тарихи оқиғалар куәдәрлікке жүре алады. Бәрін айтпай, тек бірі мен бірегейін айтар болсақ, Елбасының «Әлем. ХХI ғасыр» Манифесінің Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің бас құжаты болып қабылдануы және де қазіргі дүниені қауызына салып қуырып тұрған Сириядағы қарулы қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу бойынша Назарбаевтың бітімгершілігімен Астана қаласында бірнеше мәрте келіссөздердің өткізіліп жатқандығы жаһандық торығудың қараңғы торын серпіп, үміттің шырағын жаққандығы еді. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары съезі аясында көтерген бастамасы негізінде 2016 жылдың 31 мамырында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары съезі хатшылығының жетекшісі Қасым-Жомарт Тоқаевтың басқаруымен әлемдік және дәстүрлі дін өкілдері, парламентарилер, сондай-ақ, сарапшылар қауымдастығы қатысуымен Астанада өткен «Дін – терроризмге қарсы» халықаралық конференциясы да Елбасының бітімгершілік миссиясына адалдығын тағы бір қуаттай түскен-ді.
Енді міне, тағы да қасиетті қазақ жерінде алтыншы рет бас қосқалы отырған әлем діндері лидерлері қауіпсіз әлемді сақтаудағы діни лидерлердің рөлін тағы да бір талқылап алмақшы. Бұл күндері адамзат дамуының басты қағидаттарының бір ұстанымын Дін қалыптастырып отырғандығы да жасырын емес. Түрлі діндер арқылы адам санасын билеу, ой әлеміне үстемдік ету жүріп жатқандығы да анық жағдай. Кейде түрлі дін өкілдері лидерлерінің де саяси жағдайға ықпал етуі де кездесетін жай. Алайда, жаратушы бір Құдайдың алдында адами миссияны кім қалай атқарады, ол енді дін лидерлерінің бүгінгі әлемге, бүгінгі қоғамға деген көзқарасына тығыз байланысты. Сондықтан да, Астанадағы басқосуда түрлі діндердің лидерлері осы мәселеге аса баса назар аударулары орынды деп санаймыз. Өйткені, дүбірі көбейіп бара жатқан бүгінгі дүниенің саясатын сабасына түсіретін бірден-бір жол ол әр дінде айтылатын адамсүйгіштік қасиет болса керек.
Әлемдік дәстүрлі діндер лидерлерінің Астанада өткізіліп келе жатқан әрбір шарасын өркениеттің киелі қазақ жеріндегі тоғысуы мен табысуы деп бағалаймыз. Сол арқылы Елбасымыз әлемдегі барлық діндер сабырлылық пен төзімділікке, күш қолданбау мен келісімге негізделгендігін әрдайым алға тартумен де, айтумен де келеді. Және де түрлі бір қауіпті белгісіздік жағдайында дағдарып тұрған жер шарындағы бүгінгі бейбітшілік пен тұрақтылық мүдделерін Діндер мен Мәдениеттердің өзара қарым-қатынастары арқылы жақындастырып, бітістіруге байланысты Елбасының тағы бір Құдайы ұстанымы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» терең мәнді еңбегінде де анық айтылады.
«Біз тарихтың сабағын айқын түсінуіміз керек, – дейді Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінде. – Революциялар дәуірі әлі біткен жоқ. Бүгінде революциялар өңін өзгертіп, ұлттық, діни, мәдени, сепаратистік перде жамылды. Бірақ, бәрі де, түптеп келгенде, қантөгіспен, экономикалық күйреумен аяқталатынын көріп отырмыз. Сондықтан, әлемдегі оқиғаларды ой елегінен өткізіп, қорытынды жасау – қоғамның да, саяси партиялар мен қозғалыстардың да, білім беру жүйесінің де ауқымды дүниетанымдық, рухани жұмысының бір бөлігі».
Міне, Елбасының осы бір пайымын зерделер болсақ, әр үш жыл сайын Астанада өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бес бірдей бас қосулары мен конфессияаралық үнқатысуды ұлғайта түсудің нәтижесінде «өңін өзгертіп, ұлттық, діни, мәдени, сепаратистік перде жамылған революциялардың» алдын алу және соларды болдырмас үшін жаһандық рухани дипломатияның маңызды бір буыны дүниеге келді. Бұл буынды әлемде орын алып отырған ошақтық қарулы қақтығыстар мен түрлі дау-жанжалдарды тоқтатуға және де жаһандық саясаттағы өзара сенімді қалпына келтіру үшін пайдалану жөніндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімі мен үмітін «Егер адамдар бір-бірімен бейбітшілікте және рухани келісімде өмір сүріп үйренбесе, ешқандай прогресс болмайды»,– деген бір ауыз сөзімен түйіндей отырып, осы бір ғаламдық ойды жаһан жадында тағы да бір жаңғыртқымыз келді.
Ей, дүние сабаңа түс! Ей, Адамзат сабыр…сабыр!..

Көкшетау.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар