Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әр баланың өз несібесі бар - АРҚА АЖАРЫ

Әр баланың өз несібесі бар

Құрқылтайдың ұясындай жып-жылы, іші кірсең шыққысыз, жып-жинақы бөлмеде күпсіген құрақ көрпенің үстінде отыр екен. Амандық-саулық сұрасқан соң іздеп келген

себебімізді айттық. Әжей әуелі ойланып қалды. Сәлден соң тереңнен толғап сыр сабақтаған.

Он бала тәрбиелеп өсірген Ардақты ана Күлбаршын Кәкенова осыны айтады. Бұл бүгінгі отбастарына өнеге болса еді…

–Туған жерім бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Рузаев ауданындағы Мұқыр ауылы ғой. Етек-жеңі жинақы, кішкентай ғана елді мекен. Ұлы Отан соғысының өрті қияндағы біздің ауылды да шарпып тұрған кезде ойын баласы едік. Бірақ, бала болып ойнап көрген жоқпыз. Тірі қалудың өзі арман еді. Әйтеуір, бір үміт алға жетелеп, тағдырдың тәлкегімен жағаласып жүріп ер жеттік. Тоғыз жасымда колхоздың жұмысына қолғабысымды тигіздім. Ол кезде колхоздың шаруасы шағын еді. Бірер жүз гектар егін салатын. Аз ғана мал. Ер-азаматтың бәрі Отан қорғау жорығына кеткеннен кейін сол шағын шаруаның бабын табудың өзі бес батпан жүк. Соқаның тұтқасын ұстауға шама жоқ, етегіме сүрініп, жылап-еңіреп жүріп өгіз айдаймын. Ол барболғырлар табандап, алға ұмтыла қоймайды. Қара жерге қадалған соқаның тісі қайтып ажырамастай болып желімдеп қойғандай жабысады. Қабырғасы арса-арса, жамбас сүйегі шодырайған, жілік майы жұқарған өгіздердің соқаны сүйреуге шамасы келмейді. Қазіргі күні ойлаймын, сол өгіздер соқаны емес, майдан кезіндегі бар ауыртпалықты сүйреген екен ғой.
Өмірге 15 перзент әкелген, оның онын тәрбиелеп өсірген ардақты ана Күлбаршын Кәкенованың тіршіліктен түйгені аз емес екен. Перзенттерінің төртеуі жастай, ал, бесіншісі ер жеткен соң өмірден озған. Ел ішінде медициналық көмектің тапшы кезі. Қайран да қайран сәбилер қызылшадан, жұқпалы аурулардан көктей солған. Қалғаны қазіргі күні бір-бір үйдің иесі, ақар-шақар отбасы болып түтін түтетіп отыр. Күлбаршын әжеміздің өрісін кеңейтіп, туысын көбейтіп, көз қуанышына айналған. Отызға жуық немереден, жиырмадан астам шөбере сүйіп, шөпшегінің маңдайынан өпкен.
–Біздің қазақ баладан немере ыстық деуші еді, немереден шөбере, шөбереден шөпшегің ыстық екен ғой,–дейді әжей,–жаратқан иеге тәубе, жастық шақта көрген бейнет егде тартқан шағымызда зейнет болып оралды. Осынша жасқа келіп бақыттың құшағына бөленіп отыруым, зайыры үлкендердің берген батасының шарапаты шығар.
Күлбаршын әжеміз сол кездегі көптеген замандастары тәрізді ұзап шығып, білім қуа алмаған. Тұрмыстың тұсамыс тауқыметі босатпаса керек. Жеті жылдық мектепті бітірген соң сауыншы анасына ілесіп колхоз жұмысына жегілген. Кейін Көкшетау ауданына қарасты Баратай ауылының тумасы Манап есімді азаматқа тұрмысқа шыққан соң да еңбектен қол үзбеген. Он баланың ас-суын дайындау, киім-кешегін әзірлеу тәрізді күнделікті таусылып бітпейтін қарекеттен басқа аталас ағайын, ет жақын туыс Нұрғожа Молдажанов ақсақалды табаны күректей жеті жыл бағыпты. Әжеміздің осы ерлікке бергісіз еңбегін естігенде таң қалғанымыз да рас. Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні кейбір келін төрт-атадан қосылатын ағайын түгіл, туғандарына да теріс қарап кетіп жатқан жоқ па. Неткен мейірім, неткен жүрек жылуы дерсіз.
–Бала-шағасы жоқ, жетім адам еді. Жасы келіп қалған. Жалғыз кемістігі буын ауырына шалдыққандықтан, аяғын басып жүре алмайтын,–дейді әжей,–уақытында ас-суы дайын тұруы керек, оның өзінде де қайын ағам аздап кірпияз адам болды. Тек жуындыруы ғана қиын. Өйткені мен келін де, ол кісі қайын аға есебінде адам ғой.
Қашан қайтпас сапарға аттанғанша қабағына кірбің түсірмей, үстіне құс ұшырмай бақса керек. Батасын беріпті, ұзақ ғұмыр тілеген. Ұл-қызыңның қызық-қуанышын көр деген. Немере келінінің қызметіне әбден тәнті болған ғой. Өзі уақытымен намазын оқыған, оразасын ұстаған тақуа адам екен. Ақ тілегі қабыл болған да. Әжеміздің үлкеннен бата алуы жалғыз бұл ғана емес. Баратай – бірлігі бекем ауылы. Ол тұста ел ішінде омыртқадан дәм татыру бұлжымас заң.
–Қайын енем соғым сойған күні көрші-қолаңды қуырдаққа шақырады. Кемі үш-төрт табақ. Одан соң кешкілік ауылдың үлкендері. Бес-алты табақ. Әр табақта он адамнан деп есептеп көріңіз,–дейді күйеу баласы Асылбек Есмағамбетов,–сонша кісінің бабын табу оңай-оспақ шаруа емес. Ал, енді бұл кісінікі тіпті қызық. Қыстың күні болған соң ауыл ішінде қатынау қиын. Үйдегі балаларды жіберіп үлкендерді қол шанамен тасиды. Моншасын жағып қояды. Бұйырған дәмін татып болған соң ауылдағы әжелерді моншаға түсіреді. Олар қона жатады. Келесі күні шай-суын ішіп болған соң қайтадан күпіге орап, тонмен қымтап, шанамен тасиды.
Менің ойымнан он баланың салмағы шығар емес. Тілдесудің бір тұсында әжемізден:
– Он баланы өсіріп жеткізу қиын болды ма? – деп сұрадым.
– Әр бала өз несібесін ала туады. Барға қанағат. Кішкентайынан қанағатшыл болуға тәрбиелеп өсірдік. Қазақта «бір қозы туса, бір жусан артық шығады» дейтін сөз бар емес пе. Тұрмыс жағынан қиналған жоқпыз. Отағасым еңбекқор азамат болды. Кеңшардың қай шаруасына болсын білек сыбана кірісетін. Соның арқасында кемдік көрген жоқпыз. Кейін балалар ес білген соң үлкені кішісін бақты. Үлкенінің киімін кішісі киді. Бірін-бірі жетелеп жүріп ер жетті. Өзім қашан зейнетке шыққанша жұмыстан қол үзген жоқпын.
Әжейдің айтуына қарағанда, шаруабасты отағасы Манап ақсақал таңның атысы, күннің батысы жұмыста болғандықтан, үйдегі малды да өзі жайлаған. Жарына еріп шөп шабуға да барған, отын да жинасқан, үй шаруасына да үлгерген. Өзгесін былай қойғанда, текемет тоқып, алаша басатын өнерін айтсаңызшы. Әр қызын ұзатарда жасауын өз қолымен жасаған. Көрпесін көктеген, жастығын жайнатқан. Қысқаша айтқанда, он саусағынан өнер тамған қолөнер шебері. Сол өнерінің арқасында балаларын жұтындырып, киіндіріп қояды екен.
–Туған ауылдың әр түтіні көз алдыңда ғой,–дейді Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев,–бұл шаңырақтан өрбіген балалардың бәрі үлкеннің алдын кесіп өтпейтін, аға сыйлай білетін, ата сыйлай білетін тәрбиелі болып өсті. Қазір әрқайсысы бір-бір үйдің иесі болып отыр. Соның барлығы ұшқан ұяның тәлімінен ғой.
Әңгіменің ауаны бір сәт көп балалы отбасылар тақырыбына ауған. Бұрын ел тізгінін ұстаған Асылбек аға Есмағамбетов қаны шығып тұрған жайды тереңірек қаузады. Осы күні жалғызбасты аналардың тым көбейіп кетуі қоғам үшін алаңдатарлық жағдай екендігін де тілге тиек етті.
–Жалғызбасты ана дегеніміз кім?! – деп толқыды аға,– олар неге көп. Әрине, бір парасы дәм-тұзы жараспай ажырасып кетуде жатыр. Мәселен, өз басылымдарыңызда Ақмола облысында өткен жылы шаңырақ көтерген жастардың қақ жартысы ажырасып кеткені туралы жазған жоқсыңдар ма? Міне, түпкі себеп қайда жатыр. Ал, жалғызбасты ананың құшағында ер жеткен ер баланың мінезі қалай болатынын ойладыңдар ма? Оның үстіне қазір білім ошақтарында көбіне қыз-келіншектер жұмыс істейді. Сонда айналып келгенде ұрпағымызды әйелдер ғана тәрбиелеп жатыр. Балалардың бойында ерге тән мінездің, ерлік пен өрліктің кемшін түсіп жатуы менің ойымша, осы себепті.
Ағаның айтуына қарағанда, біз бұл кеселден ұлттық тәрбиенің тұмшаланған көзін ашқанда ғана бетін қайтара аламыз.
–Бұрын ел ішінде ажырасу деген ілуде біреу ғана болатын. Ұят саналатын,–дейді аға,–қазіргі күні кей жастар ар-ұятты ойлау-
дан қалып барады.
Арды ойлаған Күлбаршын тәрізді аналар ұрпағы үшін тау көтерген толағайдай қияпат еңбек етіп, бүгінгі күні сол еңбегінің зейнетін көріп отыр. Балаларының басым көпшілігі жоғары білім алған. Ауыл шаруашылығының маманы, дәрігер, сауда саласының қызметкері, немерелері де жетіліп қалды. Жаратқан иеден одан артық не тілерсің?!
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар