Біз, Барап ауылының тұрғындары сіздерге осы хатты үлкен үмітпен жазып отырмыз.
Ауылымыздағы су құбыры жүйесінің орнатылғанына 40 жылдай болып қалды. Қазір сол жүйе қырық жамау. Қыста да, жазда да ана жерден бір, мына жерден бір жарылады да жатады. Жарығын бітеген кезде, екінші жерден сыр береді. Өйткені, құбырдың әбден тозығы жеткен. Кейде бірнеше күн сусыз отырып қаламыз. Сол кезде көлігі барлар әр жерден су әкеліп ішсе, көлігі жоқтар құбыр түбіндегі құдықтың суын сүзуге мәжбүр. Бұл ауыл тұрғындарының денсаулығына кері әсер етпей ме? Маңайда су алатын не құдық, не өзен жоқ.
Ауданымыздың бұрынғы әкімі А.Үйсімбаев «Барап жоспарда бірінші тұр, 2012 жылы толығымен ауыстырамыз» деді. Бірақ, ол кісі басқа ауданға жұмысқа ауысып, орнына әкім болып Р.Әкімов келді. Ол кісі де «2013 жылы құбырды ауыстырамыз» деді. Қазіргі әкіміміз Т.Едігеновке 2013 жылдың жазында тағы бардық. Осылайша «Су құбырының күрделі жөндеу жұмысы 2014 жылға арналған Ақмола облысының Даму бағдарламасына енгізілген. СЖҚ зерттемесінің құны 2,2 миллион теңге. Аудандық бюджетте қаржы болмағандықтан, облыстық бюджеттен бөлу қажет» деп жауап берді. 2014 жылы ешқандай өзгеріс болмаған соң, аудан әкіміне және бір бардық.
2014 жылғы 6 тамызда берген өтінішімізге ол кісіден мынадай жауап келді:
«Барап ауылындағы су құбырын қайта жаңарту үшін жер асты ауыз су қорларының 25 жылға жететін жеткілікті су қоры болуы қажет. Ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қажетті ауыз су қорын іздестіру жұмыстарын жүргізу 2016-2018 жылдарға жоспарлануда. 2019 жылы сметалық-жобалау құжаттары әзірленіп, қайта жаңарту жұмыстарына қаржы бөлу мәселесі қарастырылады».
Бұл қалай? Су асты қорын тексеру жұмыстары осындай ұшқыр заманда үш жылға созылмақшы ма? Сонда біз әр жерден алынған суды ішіп, әлі 5 жыл жүрмекпіз бе? Ал, мұның арты түрлі ішек-инфекциялық ауруларға әкеп соқса, кім жауап береді?
Біздің ауыз су зардабын тартқанымызға
10 жылдан асты. 2006 жылы облыс бюджетінен
3 миллион 422 мың теңге қаржы бөлініп, 5740 метр құбырдың 200 метрі ғана ауыстырылған болатын. Бұл жөндеу жұмысы мәселені шешпеді. Су құбыры әбден тозған. Ең қауіптісі, мотор тұрған жердегі тұрбалар түгел шіріп тұр дейді сол жерде істейтіндер. Ол жарылса, бәрі су астына кетеді де, мүлде ауыз сусыз қаламыз. Су құбырына келетін электр сымдары да әбден тозған. Өткен наурыз айында 2 рет үзіліп, сусыз отырдық.
Сондықтан, «аурудың алдын ал» демекші, газет арқылы облыс әкімі С.В.Кулагинге осы жанайқайымызды жеткізейікші деп қолға амалсыз қалам алдық. Біздің тілегіміз, Барап ауылындағы ауыз су мәселесі неғұрлым тезірек шешілсе екен.
Ауыл тұрғындары: Б.АЖЖАНОВА, О.ҚҰСАЙЫНОВ, О.ҚАДЫРОВ, Ш.ТӨЛЕГЕНОВ, Е.ЕЛУБАЕВА, хатқа барлығы 62 адам қол қойған.
Ақкөл ауданы.