Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тәтті өтіріктен ащы шындық артық - АРҚА АЖАРЫ

Тәтті өтіріктен ащы шындық артық

Біз ақша салынған әмиянды жоғалтсақ, қайғыра бастаймыз, ал естіген немесе оқыған ғажап ойды ұмытып қалсақ, оның миллиондардан да қымбат екенін біле тұра, онша қынжыла қоймаймыз. Осы орайда, оқырмандармен өмір, адами қасиет, шыншылдық жайлы кейбір ойларыммен бөліссем деймін.

Ит құйрығын бұлғаңдатса, сүйек тастаймыз, үрсе, таяқтың астына алғымыз келіп тұрады. Сол сияқты өтірікті судай, ақсақты тыңдай етіп, кемшілік пен қателікті көрсе де, көрмегендей болып, тіпті бір мақтау айтса, масаттанамыз. Сол жанды жақсы көреміз. Ал, сол бір қателікті бетке басып, өтіріктің бет пердесін айқара ашып, әділ әрі ақиқат сөйлеген жаннан жаман адам жоқ сияқты көрінеді.
Шындық қолға ұстап келе жатқан алау секілді, ұстағанның қолын күйдіреді. Адам шындыққа кездеспей тұрмайды, бірақ көбісі оны айналып өткісі келеді. Шындық жек көргізеді. Шындық майысуы мүмкін, бірақ сынбайды. Науқасқа жазылмайтындығын дәрігер ешқашанда тура бетіне айта салмайды. Мүмкіндігінше, үмітін үзбеуін өтінеді емес пе? Чернышевский: «Саған ұнамағаны үшін ақиқатты жоққа шығарма», – деген екен.
Байқағаным, кейбір адамдарға тосыннан сұрақ қойсақ, жауабын білмей жатады. Олар білмегендерін мойындамайды. Жо-жоқ, керісінше… Көп сөйлесем ақылды болып көрінемін, не болмаса «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп, әйтеуір бір тұсы сәйкес келер деп, сұрағыңа нақты жауап бермей, орағытып, айналсоқтап жүреді. Бір сөзбен айтқанда, шындықтың ауылы алыста қала береді…
Алдымен дастарқанның төрінде тұрып, босаған соң лақтырып тастайтын бөтелкеден, төменде жылы орны бар, пайдаланып болған соң тазалап жоғары алып қоятын шәйнек жақсы емес пе? Көп жылғы өтіріктен, яғни, көңіл мен құлақтың қалағанын қабылдап, алаңдаумен отырудан гөрі, бір сәттік ащы шындықты біліп, кейін мамыражай отыру жөн сияқты.
Өтіріктің шегі жоқ. Өтірікті бір рет айтсаң, сол өтірігің шындыққа жанасуы үшін тағы да қосымша жалған сөйлеуге тура келеді. Бір кеселге көп дәрі қолданып жатса, оның жазылуы қиын болғаны тәрізді. Өтірік неғұрлым ұзақ сақталса, соғұрлым оны айту да күрделі болмақ.
Жалған нәрсе адамды жаңылдырады. Уақыт тәрізді. Ойлап қараңыздаршы, бір сағаты бар адам уақыты дұрыс екеніне сенімді болады. Ал, үш сағаты бар адам уақыттың дұрыс көрсетілгеніне сенбейді. Міне, менің айтпағым, өтірік көп нұсқалы, ал шындық, ақиқат тек біреу ғана.
Шындықты айтушы адамды алғашында жек көргеніңмен, уақыт өткен соң, саған жаны ашыған сол жан екенін түсінесің. «Шөлдеп тұрғанда көзенің әсемдігін көзің көрмейді» демекші, шындықтың шырайын сезінбей, ұғынбай оны тану да қиын. Сондықтан да айтарым – ең бастысы, ақ ниетті, шыншыл болайықшы!
Гүлнәз БӨКЕН,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің докторанты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар