Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жастық жігер – зор күш - АРҚА АЖАРЫ

Жастық жігер – зор күш

 

Облыс әкімі Сергей Кулагин Достық үйінде «Елбасымен бірге жастардың 100 қадамы» тақырыбы аясында жастар өкілдерімен кездесуінде өскелең ұрпаққа жүктеліп отырған сенім мен жауапкершілік жөнінде келелі әңгіме өрбітті.

 

Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов пен бірқатар облыстық басқармалардың басшылары, жастар ұйымдарының көшбасшылары мен белсенділері, жастар ресурстық орталықтарының өкілдері және мектеп оқушылары қатысты. Бұл іс-шара «Қазақстан-2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде өткізілді. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен өткен іс-шараны аталмыш басқарманың басшысы Шахмардан Байманов ашып, жүргізіп отырды. Кездесу барысында облыс әкімі Сергей Кулагин сөз сөйлеп, ақмолалық жастардың жетістігін тілге тиек етті.
– Еліміздің болашағы жастардың қолында. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та сіздерге айрықша көңіл бөлуде. Ал, оның айқын дәлелі «Болашақ» бағдарламасы дер едім. Қазақстандық жастар шетелдерде білім алып, ел игілігі жолында еңбек етуде. Сіздердің ерік, жігерлеріңіз біздерге әрқашан қанат бітіреді. Бүгінде байрақты бәсекелерде топ жарып, облысымыздың, еліміздің намысын қорғап жүрген ақмолалық жастардың жетістігі біз үшін зор мақтаныш. Сол себепті, сіздерге ризашылық білдіремін, – дей келе облыс әкімі Сергей Кулагин өңірде дәрігер кадрлардың жетіспеушілігіне байланысты медициналық оқу орындарында білім алуы үшін 120 балаға арнайы грант бөлінгенін айтты.  
Одан әрі сөз алған облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов облыста жастар саясаты мәселелерінің орындалу барысы жайын сөз етті. Облыстағы жоғары оқу орындары мен кәсіптік-техникалық ұйымдарда жастар жөніндегі комитет құрылғанын жеткізіп, жастарды қолдау мақсатында бүгінде 238 балаға облыс әкімінің степендиясы тағайындалғанын хабарлады. Оның ішінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен оқуда озат, қоғамдық іс-шаралардың белсенді қатысушылары да бар. Сондай-ақ, ол жастар үшін қабылданған «Дипломмен – ауылға!», «Жасыл ел» бағдарламаларының жүзеге асырылуы жайын баяндады. Әсіресе, жастардың жұмыспен қамтылу барысына баяндамашы ерекше тоқталды. Ағымдағы жылы ауылға барған 52 жас маманға көтерме жәрдемақы тағайындалып, үй-жаймен қамтамасыз ету мақсатында төмен пайыздық көрсеткішпен несие берілген. Дені сау ұлт үшін дене шынықтыру және спортты дамытуға қатысты да нақты іс-шаралар қолға алынғандығын Нұрлан Жаңбыршыұлы айтып берді. Сонымен қатар, биыл елімізде атаулы даталардың көптеп өткізілуіне байланыс-
ты ақмолалық жастарды іс-шараларға белсене қатысуға шақырды.
Кездесу барысында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрайымы Жанаргүл Жүнісова да сөз алып, жастарды қамқорлығына алып, қолдау білдіріп отырған облыс әкіміне өзінің ризашылығын жеткізді. Оның айтуынша, ақмолалық жасотандықтар өткен жылы республикалық рейтингіде он төртінші орыннан жетінші орынға көтерілген. Ал, «Ақмола КВН лигасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Фарид Галлямов облыс әкімінен көңілділер мен тапқырлар арасында жыл сайын облыс әкімінің кубогіне арналған халықаралық КВН фестивалінің өтуіне ұйытқы болуын өтінді. Өз кезегінде Сергей Кулагин «Ақмола КВН лигасы» ойыншыларының республикалық, халықаралық сайыстарға қатысуына қолдау білдіретінін жеткізді.
Жиында облыстық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Тимур Ысқақов ағымдағы жылдың шілде, тамыз айларында мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында облыс қалалары мен аудандарында көптеген іс-шаралардың өтетінін баса айтты. Іс-шаралар аясында Елбасының Жолдауы да кеңінен насихатталмақ.
Отырыста белсенді жастар облыс әкіміне өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, тұщымды жауап алды.  Кездесу соңы естелік суретке түсумен қорытындыланды.

 

Ақмарал   ЖАНҒАЛИЕВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар