Қостанай өңірінде өтетін жас жол қозғалысы инспекторларының XV республикалық слетінде атбасарлық өрендер облысымыздың намысын қорғайтын болады.
Биыл он бесінші жыл қатарынан шілденің 10-19 күндері аралығында өткізілгелі отырған мерейтойлық слетке еліміздің түкпір-түкпірі мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінен 200-ге жуық бала қатыспақшы. Бұл шарада облыстық жол қозғалысы жас инспекторларының слетінде жеңіске жеткен атбасарлық жасақ мүшелері облыс намысын қорғайды.
Іс-шара бағдарламасы бойынша балалар шығармашылық мүмкіндіктерін саралап, бақ сынаспақ. Олар «Сапқа тұру мен ән айту» байқауына қатысып, «Көше жүрісін реттеуші сақшы», «Жол қозғалысы ережелерінің білгірлері», «Жас санитарлар», «Жол қозғалысы жас инспекторларының әнін орындаушылар» аталымдары бойынша өз білімдерін пысықтайтын болады. Сондай-ақ, велосипедшілер жарысына қатысуға да зор мүмкіндік алмақ.
Республикалық слеттің ең маңызды тұсы жол қозғалысы ережелерінің білгірлері арасында өтетін байқау дер едім. Балалар он бес минуттың ішінде билет сұрақтарына жауап берулері тиіс. Тағы бір айта кетерлігі, сапқа тұру мен ән айту байқауы да дәстүрге енгізілген. Жол қозғалысы жас инспекторлары жасағы сапқа тұрып, салтанатты маршқа қатыспақ. Осы орайда, өңір намысын қорғайтын ақмолалық өрендерге сәттілік тілейміз.
Елена ДМИТРИЕНКО,
республикалық «Жұлдыз» балалар
қоғамдық ұйымы одағының
президенті.