Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ел иесі мен жер киесіне қарыздармыз - АРҚА АЖАРЫ

Ел иесі мен жер киесіне қарыздармыз

Біздің Красная Поляна ауылында түгелге жуық шешен ұлты қоныстанған. Мұнда 43 шаруа қожалығы, 6 жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыс істейді. Жұмыссыздық мүлде жоқ. Соңғы бес жылда 154 сәби дүниеге келді. Сексеннен астам «Күміс алқа» және «Алтын алқа» иегерлері перзенттерін аялап өсіріп жатыр.

Босағасына береке байланып, ошағына ырыс ұялаған алтын ұямыз бірнеше мәрте «Үлгілі ауыл» жүлдесін жеңіп алған. Жұмыс бар, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасалған. Ауылда неке бұзу деген жаман ғадет жоқ. Аракідік «ыдыс-аяқ сылдырлай қалса», ақсақалдар алқасының билігіне жүгінеді. Біздің міндет жарылғанды бүтіндеп, бөлінгенді біріктіріп, ынтымақты сүттей ұйытып отыру. Негізінде, біз мемлекеттен не аламыз деп алаңдамай, қайта мемлекетке не береміз деген ойдың жетегіндеміз. Бұл сонау бір зұлмат заманда бауырына басып, аман қалып, ұрпақ өрбітуімізге септік жасаған қазақ халқына шексіз алғысымыздың, ешкімге салмақ салмауға тырысқан шынайы пейіліміздің белгісі.
Тұрғындар өз ұлтының тарихын да тым тәуір біледі. Қазақстаннан дәм бұйырған кездегі қиян-кескі жағдайды, жергілікті ұлттың бауырмалдығын жыр қылып айтады.
Сол бір зұлмат жылдары шешен халқын кәдімгі мал таситын вагондарға салып жер аударған ғой. Қыстың көзі қырауда көрмеген қорлық жоқ. Әрбір стансаға тоқтаған сайын өлген адамдарды серейтіп-серейтіп сүйреп тастайтынын қариялардан талай естідік. Жол бойы жартысынан көбі ажал құшқан. Қазақстанға аман жеткендерінің кеудесінде шығар-шықпас жаны бар. Жергілікті жұрттың да аузынан ақ май ағып отырмаған. Бұлар да қоңторғай, жүдеу. Әйтсе де, мейірім көп, қанағаты мол, жанашырлығы басым. Арып-ашып, жүдеп-жадап келген жат жұртты кеудесінен итермей, құшағына алды.
Нақты бір мысал айтайын. Мына көрші ауылда жасы 90-ды жағалатқан әжей бар. Әлі күнге дейін сиыр сауады. Сауған сүтін күн сайын ауылдың балаларына, көрші-қолаңға таратады. Тегін. Мұның себебін сұрай қалсаңыз, «үлкен мағынадағы садақаға» дейді. Біз кейуананың:«Қазақ халқы үшін, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үшін, пәле-жаладан аман болу үшін садақа таратамын. Өйткені, біз осы жердің игілігін көріп, түтін түтетіп отырмыз. Әр шешеннің отбасы бай-бақуатты тұрса, ол ең алдымен ел иесі мен жер киесіне қарыздар» деген сөздерін бойтұмардай қастерлейміз.
Бізде үлкеннің сөзі бұзылмас заң іспетті. Бүгінгі ұрпақ өз ұлтының дәстүрін әспеттеумен бірге, өздері тұрып жатқан аймақтың тарихын да зерделеуде. Қазақтың салт-дәстүрін әбден меңгерген. Жергілікті мектепте қазақ тілі пән ретінде оқытылады. Ал, шешен тілі факультативтік деңгейде.

Хусейн ДАДАЕВ,
Красная Поляна ауылының ақсақалдар алқасының төрағасы.
Сандықтау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар