Биылғы жыл – мерейлі мерейтойлар жылы. Соның ішінде, «Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілмекші. Осы мерейтойға атсалысу, ұлы бабамыздың рухани бай мұрасын насихаттау мақсатында Көкшетау қалалық үлгілі қазақ кітапханасында «Ұлы даланың – Ұлы тұлғасы» атты оқырмандар конференциясы ұйымдастырылды.
Конференция барысында жиналғандар Әбу Насыр Әл-Фарабидің өмірімен және еңбектерімен танысты. Әл-Фараби мұрасының қазіргі қоғамдағы маңызы, әсіресе, «Қайырымды қала» еңбегі жөнінде «Ұлы даланың – ұлы тұлғасы Әл-Фараби» атты тақырыпта «Өрлеу» педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру орталығының аға оқытушысы Ботагөз Әлкенова баяндама жасады.
«Әл-Фараби мұрасының қазіргі қоғамдағы маңызы» жайында Ғабит Ужаров, «Қайырымды қала» басшысының бейнесі» туралы кітапхана оқырманы Мөлдір Қылышбекова сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. Әл-Фараби жайлы деректі фильм көрсетіліп, «Әл-Фараби әлемі» атты кітап көрмесі таныстырылды.
Тарихи-мәдени мұраларды қорғау орталығының қызметкері Ғалия Қожаназарова өз сөзінде Әл-Фараби жа-
йында бірнеше дәйекті деректерді келтірді.
– Әл-Фараби 70 тіл білген дейді. 80 жасқа келгенше тек біліммен айналысқандығы туралы да айтылады. Тағы бір деректерде күндіз бау-бақшасымен, кешке ғылыммен шұғылданған. Сонымен қатар, ол бір ғана жерде тұрмаған, ел аралап, Асан қайғы Жерұйықты іздегендей, білім іздеген. Әл-Фараби тіпті бала тәрбиесі туралы да айтып кеткен. Баланы тәрбиелеу үшін біріншіден, баланың өзінің ынта-жігері болу керек. Екіншіден, оған ұстаздың шеберлігі, ар тазалығы қажет. Яғни, ұстаз әр баланың өзінің қызығушылығын аңғара біліп, тәрбиедегі дәстүр сабақтастығын сақтауы тиіс екендігін сол заманда-ақ айтып кеткен, – дейді ол.
Конференцияға қатысушылар Әл-Фараби өткеннің ғана емес, бүгіннің де, болашақтың да ғалымы, оның көтерген тақырыптары қазіргі, ертеңгі қоғам үшін де маңызы зор деген қорытындыға келді.
Түйіндей айтқанда, Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы – Қазақстанның тарихы мен бай мәдениетінің аса маңызды және ажырамас бөлігі болып қала бермекші.
Жанар АЙТҚОЖИНА,
Көкшетау қалалық қазақ кітапханасының меңгерушісі.