Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлы Жеңіс – 75 - АРҚА АЖАРЫ

Ұлы Жеңіс – 75

«Қожамсейіт Шаяхметов – Кеңес Одағының Батыры атағына лайық!»

Гвардия майоры А.Сафонов 1945 жылдың 6 мамыр күні осылай деп рапорт жазып, гвардия аға сержанты Қожамсейіт Шаяхметовты батыр атағына ұсынған екен

Ұлы Жеңістің 75 жылдығы да жақындап келеді. Бұл сұрапыл соғыс – адамзат тарихындағы ұлы оқиға. Оның қасіреті мен қасиеті жаныңды түршіктіреді әрі небір ерліктерге басыңды идіріп, таңқалдырады. Сол бір сұрапыл соғыс жылдары Отан-Ананы қорғауға біздің кішігірім Алғабас ауылының ер-азаматтары да аттанды. Ұлы мерекенің қарсаңында жерлес соғыс ардагерлерінің ерлігі мен артында қалдырған мұраларын арнайы іздестіру барысында мәлім болған батыр атамыздың мына бір ерлікке толы майдан жолын баяндауды жөн көріп отырмыз.

Тағдырының суық желіне тойтарыс бере білген біздің туған еліміздің батырлары жетерлік. Солардың бірі – Қожамсейіт Шаяхметұлы 1923 жылы 23 ақпанда Ақмола облысы, Жақсы ауданы, Алғабас ауылында дүниеге келген. Қожамсейіт атамыз жастайынан әке-шешесінен ерте айырылып, ауылдағы аталас ағайыны, Ізтөле баласы Тойшыбай ақсақалдың бауырында өскен. Алғабас ауылында жеті жылдық мектепті тәмамдайды. 19 жасында, яғни, 1942 жылдың сәуір айында бүкіл халық барып жатқан майданға елін, жерін қорғау үшін ағамыз да аттанады. Қожамсейіт Шаяхметұлы Сталинград, Дон, Оңтүстік Батыс және І Беларус майдандары құрамында Украина, Молдова, Польша жерлерін жаудан азат етуге қатысқан. Алғашқы ұрыста-ақ өзінің батылдығымен, ерлігімен ерекше көзге түседі. Оған дәлел «Память народа» сайтындағы Қожамсейіт атамыз туралы деректер.
1942 жылдың 26 желтоқсанында 91-інші танк бригадасы бойынша шыққан бұйрықтың негізінде кіші сержант Қожамсейіт Шаяхметұлы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Волгоград облысы, Городищенск ауданындағы аты аңызға айналған Казачий курган биіктігі үшін болған ұрыс – Сталинград шайқасы кезіндегі ең табанды ұрыстардың бірі. Сол жылдардағы батальон командирі Хыдыр Гасан оглы Мустафаевтың жоғары жаққа баяндау құжатында: «Қатардағы жауынгер Қ.Шаяхметов 1942 жылдың 19 желтоқсанында Казачий курганы биіктігі үшін болған ұрыстарға қатысып, үнемі бірінші ротамен бірге болды. Жаудың қатты тегеуірініне қарамастан, рота командирінің бұйрығын тиянақты орындады. Жолдас Шаяхметов жаудың оқ жаудырып тұрған нүктелерін дәл анықтап, КВ №525 танкісімен дұшпанның оқ-дәрі қоймасын жойды» деп жазылған.
Келесі бір ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін кіші сержант Қожамсейіт Шаяхметұлы 1943 жылдың 3 тамызында 91-інші танк бригадасының құрамында «Қызыл Жұлдыз» орденіне ие болады. Сол жолғы марапатқа ұсынылған қағазда «Жолдас Шаяхметов 29.07.1943 жылы Филосово деревнясында (Орлов облысы, Свердловск ауданы) болған ұрыстарда, рота командирінің бұйрығын орындау кезінде біздің құрамның алға жылжуына кедергі жасаған жау пулеметін байқап, оған жақындап келіп, гранаталармен көміп тастады. Осы деревня үшін шайқаста ол 14 гитлер басқыншысын жойды» деп атап көрсетілген.
1944 жылдың сәуір айынан бастап гвардия аға сержанты Қожамсейіт Шаяхметұлы Суворов және Б.Хмельницкий орденді Ново-Бугский 57-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында болады. 1945 жылдың 4 ақпанында майдандағы кезекті бір ерлігі үшін екінші рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. Польшадағы Глувачув елді мекеніндегі фашистердің қорғанысында Қожамсейіт Шаяхметов ағамыз қайсарлығы мен ерлігін тағы да көрсете білді. Сөйтіп, әскери басшылық жүктеген тапсырма бойынша жаудың қосалқы қарулары мен оқ жаудырған екі пулемет нүктесі істен шығарылды. Содан кейін үш снарядпен жаудың дзоты тұрған нүктесінің күлі көкке ұшты. Дұшпанның қарша боратқан оғына қарамастан, шегінген жау әскерінің 20 шақты адамы жер жастанды.
Жаудың соңғы табан тіреген цитаделі – Берлин қаласына қарсы жойқын шабуылда батыр атамыз тағы да асқан ерліктің үлгісін көрсетеді. Бұл ерлігі оны командованиенің Кеңес Одағының Батыры ең жоғары атағына ұсынуына түрткі болады. Сол ұсыныс құжаты міне. «Шпрее өзенінен өту барысында 1945 жылдың 23 сәуір күні гвардия аға сержанты Қожамсейіт Шаяхметов ерекше ерлік, тапқырлық пен ептілік танытты. Өз өмірін аямай, жаудың күшті қорғанысына қарсы тұрып, қолда бар қару-жарақтың көмегімен «Отан үшін!», «Сталин үшін!» деп ұрандатып, Шпрее өзенінің сол жағалауына қару-жарағын және жаяу әскерді өткізіп, жаудың күші мен техникасын жойып, плацдармды кеңейтіп, кварталды жаудан тазартты. Берлин қаласының Нойкельн ауданында гвардия аға сержанты Қожамсейіт Шаяхметов дәл көздеп, өз зеңбірегінен снарядты 100-70 метрге жеткізе отырып, дұшпанның жаяу әскерлерінің үйлерге орналасқан пулеметшілері мен автоматшыларын жойды. Берлин қаласының маңындағы ұрыс кезінде Шпрее өзені, Ландвер каналы және қаланың көше ұрыстарында өз қаруымен 3 неміс танкісін, 2 өздігінен жүретін техникасын, 4 бронетранспортерін, әскери жүктері бар 10 автокөлікті, 40-қа жуық фаусшыларды, 5 ПТО құралдарын және 170-ке жуық фашистерді жойды. Жеке өзі 21 гитлершілді, оның ішінде 2 капитанды тұтқынға алды. Қожамсейіт Шаяхметов Кеңес Одағының Батыры атағына лайық. 64-ші гвардиялық ОИТПД ГВ командирі, гвардия майоры А.Сафонов. 1945 жылдың 6 мамыры» деп жазылған.
Бірақ, ең өкініштісі, осындай теңдессіз ерлігімен Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысындағы жеңісіне өлшеусіз үлес қосқан алғабастық қаһарман ағамызға, былайынша айтқанда, жүрегі «Отан» деп соққан тағы бір ержүрек қазаққа осы жоғары атақ, неге екені белгісіз, берілмей қалған. Осынша ерлік жасай тұра, жоғарыдағылардың ұлтымыздың қайсар ұлына Алтын Жұлдызды қимауы нағыз барып тұрған әділетсіздік дейсің осыдан кейін қарадай налып.
Рас, Қожамсейіт Шаяхметұлы соғыста көрсеткен ерліктері үшін 1942 жылы «Ерлігі үшін» медалімен, 1943 және 1945 жылдары екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен, 1945 жылы «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен, одан әрі бірінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталған. Бірақ, қанша айтқанмен, әділ түрде ұсынылған Батыр атағының жөні бөлек еді ғой.
1947 жылдың желтоқсан айында Қожамсейіт атамыз туған еліне оралып, бейбіт заманның да озат еңбеккері атанады. «Еңбек ардагері» медалі соның айғағы. Атамыз өзінің өнегелі өмір жолында үш қыз, 9 ұл бала өсіріп, немерелер сүйіп, 1987 жылы дүниеден озды. Батыр атағын алмадым деп мойыған жоқ. Тағдырдың ісі екенін, жазмыш солай болғанын білді.
Батыр атамыз туралы кезінде туған немересі Лаура Шаяхметова, ауылымыздың құрметті азаматы Талғат Құрманұлы және тағы басқа да тілшілер түрлі баспасөз беттерінде өз мақалаларын жариялады. Атамыздың ерлігін жалпақ жұртқа паш етті.
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы елдердің танк әскерлері туралы мәлімет беретін «Tankfront.ru» сайтында Қожамсейіт Шаяхметұлы құрамында болған 91-інші танк бригадасынан 17 адамның Кеңес Одағының Батыры атағына ие болғаны атап көрсетіліп, олардың аты-жөндері жазылған. Ішінде Қожамсейіт атамыздың командирі, әзірбайжан ұлтынан шыққан Хыдыр Гасан оглы Мустафаев та бар. Бірақ, бір қызығы, 17 Кеңес Одағының Батыры деп көрсетіліп тұрғанымен, нақты 16-сы ғана аталып тұр, яғни, бір батырдың аты-жөні жазылмаған. Мүмкін, ол Қожамсейіт Шаяхметов шығар. Осы бір ғана дерек бұл жағдайдың өзін, батыр атағы неге берілмей қалғанын әлде беріліп, ұмыт қалғанын әлі де нақтылай түсу қажеттігін көрсетеді.
Ұлы Отан соғысында ерлігімен көзге түсіп, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылса да, өзінің тиісті наградасына қол жеткізе алмаған қаhарман атамыз туралы белгілі ғалым, отаншыл азамат Берік Әбдиғалиұлының «Ұмытылған қаhармандар» атты кітабында да мәліметтер енгізілген.
Ұлы Отан соғысының тарихында әлі де ашылмай жатқан ақиқаттар, еленбей қалған ерліктер, елеусіз жатқан ерлер қаншама?! Оны ақиқатын айырып, анықтау, белгісіз тағдырларды тауып, елге таныту – кейінгі ұрпақтың, біздердің парызымыз. Сөз жоқ, осындай елеусіз жатқан ерлердің бірі – жерлес атамыз Қожамсейіт Шаяхметұлы.
Бұл атамыздың өмірі мен ерлігі, шындығында да, үлкен құрметке лайық. Атамыздың өзін де, жау жағадан алғандағы осы көзсіз ерлігін де ауылдастары мәңгі естерінде сақтайды, мақтан тұтады!
Тимур ҚОЖАХМЕТОВ,
Алғабас негізгі мектебінің география пәнінің мұғалімі.
Ермек РАХЫМОВ,
«Көкше-іздеу» әскери патриоттық іздестіру клубының мүшесі.
Жақсы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар